Мереке

Күйші Джи Чан

Әр ортаның өз жұлдызы болады. Қаламыздағы №19 мектептің 9-сыныбында оқитын Джи Чан Пак— сондай оқушылардың бірі. Мектептегі шаралармен қатар облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген кәрістің ұлы қазақтың күйін тартқанда денеңді шымырлатып, делебеңді қоздырады.

Ата-анасы Джин Гук пен Мин Хи қызмет бабына орай Джи Чанның 1 жасында  Ақтөбеге қоныс аударады. Сондықтан болар құтты мекен — Ақтөбені ол туған өлкесі ретінде санайды. Қазақстанда тұрғандықтан сол ұлттың әдебиетін, мәдениетін сыйлау керек деген қағиданы ұстанған отбасы ұлын 3-сыныпта оқып жүргенде қалалық Оқушылар сарайындағы домбыра үйірмесіне береді. Кішкентай Джи Чан үшін де тұрғылықты жерінің салт-дәстүрін меңгеріп, ұлттық аспаптарында ойнай білу өте маңызды болатын.

— Музыкалық аспаптардың барлығы жақсы. Бірақ қазақтың қара домбырасын ерекше жақсы көремін. Үйірмеге алғаш барған жылдары Құрманғазының «Балбырауынын» үйреніп алдым. Маған ерекше әсер еткен күй болды. Менің түсінгенім, кез келген шығарманы орындамас бұрын алдымен жүректен өткізіп, жан-тәніңмен сезінуің керек. Сонда ғана ол тыңдарманның көңілінен шығады, — дейді жас күйші.

Бүгінгі таңда Джи Чанның қоржынында қазақтың 6 күйі бар. Бос уақытын тек өнер емес қазақ тілін үйренуге арнайтын ол мектептегі жетекші ұстазы Гүлнұр Жақаевамен бірге көптеген жарысқа қатысып, жүлдегер атанып жүр. Пәндік олимпиадаларға да тұрақты қатысып тұрады.

— Бірнеше жылдан бері Джи Чанға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Оның бойында биязылық,  жауапкершілік,  сабырлылық сияқты жақсы қасиеттер бар. Өзіне міндеттелген жұмысқа тиянақтылықпен қарайды. Ал ұлттық аспап — домбыраны жүрегімен сезіне отырып тартады. Сондықтан оны байқау, сайыстардан қалдырмаймын, — дейді жетекшісі Гүлнұр Жақаева.

Джи Чан өз отбасының еліміздегі барлық мерекені көппен бірге атап өтетіндерін айтады. Ұлттық мейрамдарда анасы ет асып, бауырсақ пісіреді екен. Бірлік пен татулық күні— Джи Чан үшін де айтулы мереке. Ол бұл күнді «Достық күні» ретінде күтеді.

— Үйде кәріс тілінде сөйлескенімізбен, біздің отбасындағылардың барлығы қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы біледі. Қазір орыс сыныбында оқып жүрмін. Бірақ араласатын достарымның көбі —қазақ балалары. Ең жақын досымның есімі — Диас. Ол маған қазақ тілін үйренуге көмектеседі. 1 мамыр мен үшін татулықтың, бірліктің, достықтың күні. Жанымда жүрген барлық достарымды мерекелерімен құттықтаймын! Достығымыз мәңгілік болсын! — дейді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button