Мереке

Қауылжырдағы неміс жігіті

Туған мекеннің келбетінен-ақ елдің бірлігін, ұйымшылдығын көруге болады. Уақыт ағымымен жаңарып, ауылдарымызда да сәулетті ақшаңқан үйлердің бой көтеруінен халықтың тұрмыс-деңгейін аңғарасың.
Бүгінде 244 түтіні бар Қауылжыр ауылында осындай ілгерілеу мен уақыт талабына сай ұмтылыс байқалады. Анадайдан көзге ұратын екі қабатты еңселі үйге ауылдастары жиі қатынап, иесіне алғысын айтып жатады. Себебі халыққа қысы-жазы қызмет көрсететін осы үйдегі жайлы моншаның оты бір сөнген емес. Бұл шаңырақтың иесі — неміс ұлтының азаматы Виталий Остер. Қамал алар қырықты ерттеп мінген, ұзын бойлы, ер келбетті Виталийдің салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған Қауылжырда алғашқы жаялығы жуылды. Бүгінде осы ауылдың ат жалынан нық ұстаған абыройлы азаматтарының бірі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында КСРО Газ өнеркәсібі бас басқармасының бұйрығы негізінде Өзбекстаннан Ресейдің Орал аймағына табиғи газ жеткізу мәселесі қойылып, Бұқара-Орал газ құбыры тартыла бастады. Соның негізінде Шалқар ауданының Бозой ауылында — 10, Бегімбет ауылында — 11, Қауылжыр ауылында 12 газ айдау-сығымдау стансалары салынды. Алып құбырлардың шындығында да адам қолынан шыққандығы, оны салып шыққан жандардың бойындағы қажырлы еңбек пен қайратын бүгінгі өлшеммен бағамдасаң, еріксіз қайран қаласың. Осы қызу еңбектің ортасында сол шақта өзге ұлт өкілдерінің де қарасы көп еді.

Еңбек майданында құрыштай шыңдалған сол алдыңғы толқынның өкшесін басқандардың бірі — Виталийдің әкесі Валерий Рудольфович болатын. Ол сексенінші жылдардың орта тұсынан бастап Шалқар өндірістік тораптық газ құбырлары басқармасының 12 газ айдау-сығымдау стансасында инженер болып, жауапты қызметтер атқарды. Зайыбы Галинаның ұлты орыс. Ол да әр жылдары осы отағасы еңбек еткен кәсіпорынның кадр бөлімінде жемісті еңбек етіп, мамандығы бойынша дәрігерлік қызмет те атқарды. Екеуі ауыл тірлігіне тез үйренісіп, ел-жұртымен біте қайнасты.
— Қазір әке-шешем Мұғалжар ауданына қарасты Қайыңды ауылында тұрады. Әкем кейінгі жылдары сондағы 13 газ айдау-сығымдау стансасында жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шықты. Анам осы сала жұмысшыларының күнделікті денсаулығын қадағалайтын «Жәрдем» серіктестігінде медбике болып жұмыс істейді. 68 жастағы әкемнің туған жері Мұғалжар ауданының Жұрын ауылы. Анам 1958 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Оларды өмірде жұмыс барысы табыстырды десем болады, бір-бірімен сол Қайыңдыда кездесіп, отау құрған. Үйдің үлкені мен, өзімнен кейін Александр, Владимир есімді бауырларым бар.
Біз туғаннан осы ауылдың ауасын жұтып, тәрбиесін көріп өстік. Ата-анамыз бойымызға қазақы мінезді сіңірді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Мектепті де қазақша оқыдық. ГКС-12 орта мектебінде алғаш әріп танытып, санауды үйреткен бірінші ұстазым Дания Ізтаева апайдың мейірімді жүзін, шәкірт жүрегін баурар кең құшағын, өзге де ұстаздарымның жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, — дейді Виталий.
Жалпы неміс ұлты өкілдерінің қазақ жеріне алғаш келу тарихы да әрқилы, кей деректерде немістер Ресей мемлекетінде пайда болған кезеңнен бастап біздің ортамызға орныға бастағаны айтылады. Кейіпкерлеріміз Остер әулетінің арғы ата-бабалары Германияда, жақын туыстары бүгінде Ресейде тұрады. Жырақтағы осы ағайын-бауырларымен туыстық қарым-қатынастары үзілмеген.
Виталий Остер Қауылжырдағы орта мектепті бітірген соң 1998-2001 жылдар аралығында Ақтөбе политехникалық колледжінде, 2016-2018 жылдары облыс орталығындағы Қайнар университетінде оқып, арнаулы, жоғары білім алады. Бүгінде «Транстелеком» АҚ Шалқар байланыс торабында жетекші инженер болып жұмыс істейтін Виталий ұжымына, ауылдастарына сыйлы. Ол бос уақытында бау-бақша күтімін жасап, қиял шыңындағы таңғажайып көріністі қылқаламымен сурет қылып салғанды, тұрмыстық техникаларды жөндегенді жаны сүйеді.
Виталий өмірлік серігін осы туған жерінен таңдады. Қазақ қызы Ғалия Жанатқызының оған деген сенімі нәзік сезімдерге ұласып, отау құрып, екеуі Алина, Роман есімді балаларды өмірге әкелді. Ғалия жанұяда балаларына аналық шуағын төге жүріп, бүгінде отағасы салған моншаның жұмысын жандандырып отырған жеке кәсіпкер.
— Қазақ халқының барлық салт-дәстүрін, тағылым-тәрбиесін кішкентайымыздан санамызға сіңірдік. Сондықтан жүрегіміз әрдайым қазақ деп соғады, солай болып қала да бермек, — дейді түрі неміс, тілі қазақ Виталий.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халқымыз. Виталий мен Ғалия туралы айтар ойымыздың беташар сөзін ауыл келбетімен байланыстыруымның түп-төркіні оқырманға енді түсінікті болған шығар…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button