Мереке

Қазақша әндететін үнді жігіті

Ақтөбе қаласының көшелерінде үнді жастарын жиі кездестіруге болады. Олардың дені — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқитын шетелдік студенттер. 

Үндістан Республикасына қарасты Гуджарат штатындағы Патан қаласынан келген Раджан Гохил Ақтөбедегі медицина университетінің II курсында оқиды. Болашақ дәрігер Қазақстанда білім алуының себебін төмендегідей түсіндірді:

— Біздің елде жоғары білім алу өте қымбатқа шығады. Салыстырмалы түрде айтсам, мұндағыдан 2-3 есе жоғары. Сондықтан Қазақстанға келдім. Әрі жас кезде саяхаттаған дұрыс деп ойлаймын.

Әкем Джитенрабхай ағылшын тілінен сабақ береді, профессор. Анам Бхавана үй шаруасымен айналысады. Отбасымызда барлығы 5 адамбыз. Әке-шешем шетелде оқуыма қарсы болмай, жақсы хирург боп шығуыма тілектестігін білдірді, — дейді Раджан.

20 жастағы жігіт көпшілік үнділер сынды ән-биге жақын. Онысын жүріс-тұрысынан-ақ байқауға болады, кез келген ырғаққа билеп кетуге дайын. Бір топ курстастарымен бірге жатақханада тұратын оның кешкілік уақытта ән салуға, фильм көруге, жалпы ойын-сауыққа бүйрегі бұрып тұрады екен. Жақында университетішілік «Екі жұлдыз» байқауында оқытушысымен бірге өнер көрсетіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын иемденген.«Хинди, ағылшын, қазақ, орыс тілдеріндегі әндерді айта беремін. Маған музыкасы әдемі, әуезді болса жеткілікті. Мысалы, Мирас Жүгінісовтің репертуарындағы «Ойлай беремін» әнін сүйіп орындаймын», — деген Раджан сол сәтте-ақ аталған әннің қайырмасын шырқап берді.

Табиғатынан көңілді, әр іске қызықшыл, белсенді кейіпкеріміз Ақтөбеде өзіне барлығы ұнайтынын, жергілікті тұрғындарға да сондай көзқараста екенін атап өтті. Мемлекеттік тілді меңгеруге де анау айтқандай қиналмағанын айтады. Ауызекі тілде ойын еркін жеткізе алатын ол:

— Қазақ тілін енді үйреніп жүрмін. Кейде орыс тіліндегі сөздермен араластырып сөйлеп кетемін. Өйткені көптеген қазақ курстастарымның өзі солай сөйлейді… Амандасып, хал-жағдай сұрасып, күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді бір адамдай түсінемін. Жалпы, қазақтар туралы пікірім өте жақсы. Университетте бірге оқитын Қанат, Ақжан деген достарым бар. Сіздердің Наурыз мейрамды қалай тойлайтындарыңыз, ұлттық киімдеріңіз ұнайды. Сосын бауырсақты ерекше жақсы көремін (күліп).

Тек Қазақстанның климаты ғана аздап қиындық тудырды. Бұл жақта қыс мезгілінде күн қатты суық болады екен. Алғашқы жылы кәдімгідей тоңып қалдым, — деп күлді.

Раджан Гохилге университетте қазақ тілінен сабақ беретін оқытушы Жұлдыз Қожабекованың айтуынша, үнділердің тіл үйренуге, жалпы білімге деген ықыласы бөлек. Ұстаздарына да кейде ескерту жасап, төмен баға қойғанның өзінде сабақ соңында міндетті түрде алғысын білдіріп, ерекше пейілмен аудиториядан шығарып салады екен. Сондай-ақ жауапкершілігі, берілген тапсырманы орындау жағынан да, басқалармен салыстырғанда, бір бас жоғары көрінеді.

Айта кетейік, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің басшылығы ұсынған деректерге сүйенсек, мұнда 2015 жылдан бері шетелдік жастар біліп алып жүр. Қазіргі таңда 600-ден астам үндістандық және пәкістандық студент бар. Олардың басым бөлігі — үнділер.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button