Мәдениет

Лидия КӘДЕНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі: Ақтөбеге бүйрегім бұрып тұрады…

Қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақтөбеліктер аз емес. Соның ішінде театр мен кино, сондай-ақ «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танылған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, жерлесіміз Лидия Кәденованың орны бөлек. Талай сахна саңлақтарымен бірге өнер көрсеткен белгілі актриса бүгінде өзі де көптеген жасқа үлгі алдыңғы буынның өкілі.

Былтыр мерейтойын атап өткен өнер иесімен алдымен сол атаулы дата, сүйікті рольдері, ұлы Дидардың аяқ алысы, ақтөбелік әріптестері жөнінде сұхбаттасқан едік. 

— Лидия Тәжединқызы, өткен жылы мерейлі жасқа толып, өзіңіз еңбек ететін театрда бенефисіңізді өткізгеніңізді білеміз. Сол атаулы датаңыз қалай өтті? Кезекті белесіңізді қандай көңіл күймен қарсы алғаныңызды білсек.

Шыны керек, бенефисім туралы бүкіл елге хабарлап, жер-жерден қонақ шақырып, дүркіретіп өткізгенім жоқ. Тойыма тек туысқандарым, өзім еңбек ететін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Әуезов театрындағы әріптестерім келді. Бірнеше ән орындап, өлеңдер оқып, спектакльдерден үзінді қойдым. Өйткені бастан-аяқ өзім ойнайтын спектакль болмағандықтан, реті солай болды. Бір жағынан, уақыттың тығыздығы да әсер етті.

Бұйыртса, алдағы жылдың наурыз айында Мүсірепов театрына жұмысқа қабылданғаныма 50 жыл толады. Соған орай өзіме арналған моноспектакль сахналанып, өз деңгейінде барлық қуанышымды атап өтермін деген ойдамын.

— Ақтөбедегі жерлестеріңізге мерейтойлық кеш бермек ойыңыз жоқ па? Қанша айтқанмен, бұл ақтөбеліктерге, өзіңізге де ерекше өнер тойы болар еді…

— Биыл Ақтөбеге театрымыздың гастрольдік сапары жоспарланған. Арасында өзім ойнайтын қойылымдар да бар. Бірақ бұл менің мерейтойлық кешім емес. Әлгінде айтқанымдай, өзіме арналған спектакль қойылса, келесі жылы сонымен елге арнайы барып қалуым мүмкін. Актриса болғандықтан, салмақты дүниені ұсынып, өзіңді сан қырыңнан көрсету керек деп есептеймін.

— Драма театрдың сахнасында, «Тамаша» әзіл-сықақ отауында талай рольдерді сомдағаныңызды білеміз. Сұлтанәлі Балғабаев бастаған драматургтер өзіңізге арнап «Ең әдемі келіншек» спектаклін де қойды. Дей тұрғанмен өнер жолыңызда өзіңізге ерекше әсер еткен, ұмытылмайтын образдарыңыз қайсы?

— Әр рольді сомдау үшін 2-3 ай уақыттың кететінін ескерсек, қай спектакльдің де орны бөлек. Үлкен дайындықпен, жан-тәніңмен беріліп ойнағасын ешқайсысын да бөліп-жаруға қимайсың. Әйткенмен шығармашылық өмірімде өзіме ерекше ыстық образдарым бар. Мәселен, осы театрдағы алғашқы қадамым Игорь Саввин мен Жұмабай Тәшеновтің «Қаладан келген қылжақбас» спектаклімен басталған. Сондағы Жамал атты кейіпкерім жаныма жақын. Әрі онда Байділда Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Досхан Жолжақсынов, Нұрқанат Жақыпбаев сынды бірегей тұлғалармен сахнада серіктес болғандықтан шығар, әлі күнге дейін жылылықпен еске аламын. Өзің айтып отырған «Ең әдемі келіншектегі» Гүлбаршынның бейнесі де ұмытылмайды. Антон Чеховтың «Шағала» спектакліндегі Маша, Роллан Сейсенбаевтың «Өзімді іздеп жүрмін» қойылымындағы Айсұлу,Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» спектакліндегі Ләззатсынды кейіпкерлерімнің де әрқайсысы бір төбе. Театрдың қазіргі репертуарындағы «Баянсыз бақ», «Жусан иісі» қойылымдарындағы рольдерім де қазіргі жасыма сай, өзіндік айтары бар, өте жақсы дер едім.

— Ал қандай рольді әлі де болса ойнауды армандайсыз?

— Әже болғанда нені армандайсың (күліп)? Рас, жас кезімде қолым жетпеген рольдер болды. Мысалы, Баян, Ақтоқты, Қарагөздерді ойнай алмадым…

— Сіздің бір адамдай ән салатыныңызды да білеміз. Кезінде туысыңыз,әнші Лидомен ұлттық арнаның «Екі жұлдыз» шоуына қатысқаныңыз есте. «Жүрегім менің», тәжіктің «Сарбон» әндерін қалай шырқағаныңызды көрдік. Болашақта авторлық ән жазу ойда бар ма? Мүмкін, ұлыңыз Дидармен дуэт орындарсыз?

— Иә, «Екі жұлдыз» шоуының алғашқы құрамында Лидомен бірге өнер көрсеттім. Екеуміз қолдан келгенше бар әншілік қабілетімізді танытуға тырыстық. Нәтиже жаман болмаған сияқты, үздік үштікке дейін жеттік.

Ал ән жаздыруға келсек, мен кәсіби әнші емеспін ғой. Бенефисім, театр мерекелерінде ғана ән салатыным бар. «Әу демейтін қазақ жоқ».

Дидардың әншілік қыры бар. Менің туған күніме арнап 2-3 жылдықта клип те шығарды. Бірақ әзірге ұлым екеуміздің қос дауыста ән жазатындай ойымыз жоқ.

— Осы орайда ұлыңыз Дидардың өнерден алыс емес екенінен хабардармыз. Өмір мен өнердегі ізбасарыңыз қазір немен айналысып жүр?

— Дидар Алматыдағы өнер академиясында жұмыс істейді. Одан тыс танымал әнші Роза Рымбаеваның қарамағында еңбек етеді, көмекшісі десем болады. Ән айтады, арасында сериалдарға да түседі. Әзірге ізденіс үстінде. Негізі, мамандығы бойынша кәсіби әнші.

— Аға буын актриса болғандықтан, Ақтөбедегі Ахтанов театры жайлы пікіріңіз қандай? Әрі 3-4 жылдықта осындағы көрерменге Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклін жергілікті театр труппасымен бірге сахналадыңыз.

— Иә, 2019 жылы облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театр басшылығы осындағы әріптестеріммен бірге «Келіндер көтерілісі» спектаклінде басты рольді ойнау үшін шақырды. Сонда ақтөбелік іні-сіңлілерімнің жұмысқа деген ынтасы мені тәнті етті. Бәлкім, араларына басқа адам келгендіктен шығар, барлығы жұмыла іске кірісті, олардың көзінен жақсы дүние шығаруға құлшынып тұрған ұшқынды аңғардым. Бір жағынан, керек кезінде ұстазы ретінде ой-тілегімді айтып, «осылай істегенің дұрыс…» деген сияқты бағыт-бағдарымды беріп отырдым. Соның нәтижесінде өзіме әдемі спектакль шыққан сияқты. Көрермен жақсы қабылдады. Осының өзі кейінгі буынға шеберлік сабағы есебінде ғой. «Ананы бүйт, мынаны сөйт» деп айтқаннан гөрі, өзіңнің ойнап көрсеткенің әлдеқайда жақсы. Оның пайдасы да көп.

Ақтөбедегі артистермен сөйлескен сайын жергілікті атқарушы билікке, мәдениет басқармасына театрға жақсы режиссер керек екенін айтыңдар деймін. Қазақстанда өзіндік қолтаңбасы бар, талантты мамандар көп қой. Соларды шақыртып, 4-5 спектакль қойдырса, қанша жылға азық болар еді?!  «Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, актерлердің өзі талап етуі керек. Әйтпесе сең қозғалмайды. Жалпы, талантты артистер Ақтөбеде аз емес. Тек солардың өнерін бағалап, бар мүмкіндігін көрсете алатын режиссерлер табылса екен деймін.

— Сатира жанрында да қолтаңбасы бар актриса ретінде өзіміздің «Екі езудің» өнерін қалай бағалар едіңіз?

— «Екі езу» де біраздан бері келе жатқан театр ғой. Шынымды айтсам, кейінгі құрамын білмейді екенмін. Жерлес әрі әріптестерім болғандықтан, тек тілекшімін. Ақтөбелік көрермендердің арасында өзіндік орны бар, бағасын алған театр екені анық.

Қазір театр көп. Алдыңғы толқынның өкілі ретінде солардың санына сапасы сай болсын деген тілегім бар.

— Астана мен Алматыда, яғни орталық қалаларда көпшілікке танылып келе жатқан ақтөбелік өнерпаздар аз емес. Өнердегі іні-сіңлілеріңіздің қайсысының аяқ алысы жақсы? Сырттай болса да «менің жерлесім» деп іш тартатын жерлестеріңіз бар шығар?

— Бар. Әсіресе Ақтөбеден шыққан жас әншілер біртіндеп көбейіп келе жатыр. Елден екенін естісем, қуанып, батамды беріп жатамын. Кім шықса да жолының ашық болуына тілектеспін. Дәл біздің театрда жастардың арасынан Ақтөбеден ешкім жоқ сияқты. Басқа өнер ұжымдарында бар деп естимін, бірақ бетпе-бет танысып, жақын араласып көрмеппін. Неге екенін білмеймін, өздері де жерлес апайын іздеп келмейді…

— Енді туған жеріңіз — Ырғыз туралы естеліктерге ойыссақ. Балалық шағыңыздан Ақтөбеге қатысты қандай естеліктеріңіз бар?

— Ырғызға соңғы рет 49 жасымда бардым. Содан бері жол түспеді. Үлкендердің көбі қазір өмірде жоқ… Ал жастармен онша көп араласпаймын, олардың әңгімесі де басқа ғой. Асылы, елге гастрольдік сапармен барғанда, «біздің қызымыз келді» деп іздеп келгендерді байқамадым.

Ырғызда туғанмен, балалық шағым Шалқарда өтті. Кейін Ақтөбе қаласындағы орта мектепті тәмамдадым. Әрине, алыста жүрсем те тілекшімін ғой. Телеарна, газеттен елде қылмыстық оқиға болды дегенді естісем де уайымдап, адамдар аман болса екен деп отырамын. Өңірдегі руханияттың орталығы — Ахтанов театрының жұмысы жандана түссе, репертуары молайса екен деп тұрамын. Жалпы, Ақтөбе дегенде елең ете қаламын. Тек жақсы жаңалықтарын естігім келеді.

Сұхбаттың соңында әр отбасына береке, бірлік, тыныштық тілеймін. Еліміз көркейіп, жерлестерім аман-сау болсын. Әр бала ата-ананың үмітін ақтап, тек жақсылығын көрсетсін демекпін. Аналық ақ тілегім сол.

 Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button