Басты жаңалықтар

Жылдам қимылдайтын арнайы жасаққа – 20 жыл

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, жеке құрамды кәсіби мерекелерімен және  Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады.

💬 «Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен және Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы, нығаюы ең алдымен мемлекеттің тұрақтылығымен байланысты. Ал тұрақтылығын қамтамасыз ететін, елдің және азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тыныштық пен құқықтық тәртіпті қадағалайтын, ол – арнайы жасақ. Ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм және терроризмге қарсы күресте арнайы жасақ жауынгерлері азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғайды. Бұл жоғары кәсібилікті, батылдықты, борыш пен антқа адалдықты талап етеді. Сіздерге қаншама қиын күндерде, ел басына қауіп төнгенде, халықты қорғап, өңірдің дамуына үлес қосқандарыңыз үшін алғыс білдіремін», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Шара барысында ҚР Ішкі істер министрі М.Ахметжановтың құттықтау хаты оқылды.

Арнайы бөлімшенің ерекше көзге түскен қызметкерлері қызметтік борышын адал орындағаны үшін Ақтөбе облысы әкімінің, Ішкі істер министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Лайықты полицейлерді тәрбиелеген жас қызметкерлердің ата-аналарына да алғыс хаттар табысталды.

Мерейтой спорттық ойындармен жалғасты, полицейлер арқан тартыс, гір көтеру, белбеу күрес, армреслинг бойынша жарысты.

Облыстық арнайы жасақ қызметкерлері 2011 жылы Кеңқияқ ауылында, 2016 жылы Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасаған қылмыскерлерді ұстау бойынша терроризмге қарсы іс-шараларға тікелей қатысты және 2022 жылы «Қаңтар оқиғасы» кезінде алдыңғы қатарда тұрды.

Бөлімше қызметкерлерінің арасында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын көптеген спортшылар бар.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button