Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні  — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Ата-бабамыз күн мен түннің теңесетін, табиғаттың жасарып, тіршілік өзгеше реңкке боялатын Наурыз мейрамын ерекше қадірлеген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында халқымызды біріктіретін идеялар мен ортақ құндылықтарды бірізділікпен дамыту қажеттігін айтты. Олардың азаматтарымыздың санасында берік орнығуы маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсу қажеттігін алға тартады, өйткені қоғамда біріктіруші құндылықтар көбейген сайын бірлігіміз де нығаймақ.

Наурыз мейрамында өткізілетін іс-шаралардың негізгі мақсаты — игілікті істерді көбірек жасап, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау. Нақ осы күндерде рамазан айының басталуы да жақсылықтың белгісіндей.

Кездескен қиыншылықтарды төзімділікпен көтеріп, өкпе-ренішті ұмыту, адамдардың бір-бірін кешіруі, жағдайы нашар адамдарға қол ұшын созу — мұның бәрі қасиетті айда атқарылады.

Қазақстандықтар ешқашан өзгенің қайғы-қасіретіне бейжай қараған емес. Бүгінде кей елді мекендерде жерлестеріміз су тасқынынан зардап шеккен тұста мұндай жанашырлық, адамгершілік ахуалы айқын байқалып отыр. Табиғат апатынан үй-жайларын су алған адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Оларға өтемақы төленіп, үйсіз қалғандарға жаңа баспана беріледі. Ең бастысы, адамдар қалыпты тіршілігіне еш қиындықсыз оралуға тиіс.

Біздің елімізде әрбір тұрғынға қамқорлық көрсету — басты орында. Оның ішінде жас буынға ерекше назар аударылып отыр. Осы ретте Наурыз мейрамы күндерінде облысымызда іске қосылған «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында 42 ақтөбелік жас отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады. Мелекеттің қолдауының нәтижесінде жаңа жылда жаңа қонысқа көшу жастар үшін үлкен қуаныш болары белгілі.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге арналған «Ауыл аманаты» жобасы шалғайдағы елді мекендерді дамытып, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, өңір тұрғындарының табысын молайтып, жаңа жұмыс орындарын көбірек ашу арқылы ел экономикасының жаңа қозғаушы күшін жетілдіруді мақсат етеді. Сондай-ақ біз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етіп, білім мен медицина саласында көрсетілетін қызмет сапасын көтеруді көздейміз. Ондағы ойымыз — ауыл тұрғындарын елде тұрақтандыру.

Әділетті Қазақстан құруға бағытталған мемлекетіміздегі жаңа өзгерістер кемелді келешек бастауы болатындығына сенімдіміз.

Осы күндерде өткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттардың сайлауы — Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар жолындағы тағы бір маңызды қадам.

Қымбатты жерлестер!

Наурыз Сіздердің шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-ынтымақ пен береке-бірлік, қуаныш пен бақыт әкелсін!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button