Жаңалықтар

Тауар бағасы төмендетілді

Баға

Азық-түліктің күн санап қымбаттап жатқаны тұтынушылардың қалтасына салмақ түсіреді. Сырттан келетін тауарларға 5-10 теңге қосылуы — нарықтың талабы. Ал өзімізден шығатын тауарлар бағасының себепсіз өсуіне жол жоқ.

Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің бағасы ұдайы бақылауда. Десек те Ақтөбе қаласындағы ірі сауда орындары бағаны шектен тыс өсірген. Бұл жағдай облыстық экономикалық тергеу департаменті басқармасының тексеруімен анықталып отыр. Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу басқармасының басшылары арнайы баспасөз конференциясын өткізді.

Жалпы, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты деп айтуға болады. Олай дейтініміз, салыстырмалы түрде республикалық бағадан төмен. Алайда облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесе жүргізілген талдау барысында қаладағы ірі сауда орындарында үстеме бағаны асырып жіберген. Айталық, күнбағыс майы 15 пайыздық үстемемен сатылуға тиіс болса, 20-28 пайызға дейін көтерілген.

Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Шектен тыс қымбатқа сатылған тауарлар үшін тиісті құжаттар әзірленіп, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қойылды. Қазіргі уақытта рұқсат етілген сауда үстемесінен асырған және алыпсатарлықты анықтау  шаралы жалғасып жатыр. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Ақтөбе қаласының ірі сауда желілерінде сату бағасы 5-9 пайызға дейін төмендетілді, — дейді облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбин.

Оның айтуынша, сауда үстемесінің мөлшерін арттырған кәсіпкерге бірреттік ескерту беріледі. Ал егер бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне — 10, орта кәсіпкер субъектілеріне — 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Бұл туралы сатушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертілген.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы сауда бөлімінің басшысы Думан Дәулетияров 5 литрлік күнбағыс майының бір түрінің бағасы 3795 теңгеден 3623 теңгеге түскенін айтады. Ал 2 литрлік күнбағыс майының бағасы 177 теңгеге дейін төмендеген.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button