Жаңалықтар

Бөдененің пайдасын баққан білер

Ақтөбе қаласы

«Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ» мақалы бүгінде жаңаша сипатқа ие. Себебі құстың бұл түрі қолға үйретілгелі қашан?!

Ақтөбе қаласындағы Малышка шағын ауданында тұратын Тұрғанбаевтар отбасы жұдырықтай құсты бағып, бөдене шаруашылығымен айналысады. Осы шаңырақтың келіні Анар Тұрғанбаева бізге өздерінің бұл кәсіпті қалай бастағандарын әңгімелеп берді.

— 2015 жылы әкеміздің жүрегі ауырды. Дәрігер жүрек-қан тамырлары ауруына жақсы әсер етеді деп бөдененің жұмыртқасын аш қарынға шикілей ішуге кеңес берді. Содан бөдененің жұмыртқасын сатып алып, шикілей ішті және бұл кәдімгідей көмектесті. Осылайша бөдене жұмыртқасының денсаулыққа пайдалы екенін көріп, жолдасым Еркебұлан екеуміз бөдене өсіруді қолға алдық. Көп іздендік. Әлі де біреу бөдене мен оның өнімдері туралы әңгіме айта қалса, қызыға тыңдаймыз. Өзіміз де білетін ақпаратымызбен бөлісеміз. Біздің елімізде бөденені зерттеп жүрген тұңғыш ғалым Мұқтар Байбатшановтың сұқбаттарын оқығанмын. Оның айтуынша, кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін жапондықтар бөдене жұмыртқасының адам бойындағы радиоактивті сәулелерді ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген. Тіпті жапон балаларына күн сайын бөдененің екі жұмыртқасы тегін таратылатын көрінеді. Жапон ғалымдары кішкентай құстың шұбар жұмыртқасын пайдалану балалардың оқу үлгерімін жақсартады деп есептейді, дейді Анар Тұрғанбаева. Оның айтуынша, бөдененің еті мен жұмыртқасы — мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың етінде холестерин болмайды, сондықтан диеталық тағам саналады. Дәрігерлердің айтуынша, бөдене жұмыртқасы қандағы қант деңгейін біртіндеп төмендетеді, сондай-ақ денеден радиацияны кетіреді, сүйекті, шашты, тіс пен тырнақты нығайтады, бауырды, бүйректі, асқазан-ішек жолдарын тазартады, иммунитетті қалпына келтіреді. Шұбар жұмыртқалар түрлі дәруменге, амин қышқылы мен микроэлементтерге бай.

«Ереке-Береке» кәсіпкерлігін жүргізіп отырған Тұрғанбаевтар отбасы өткен жылдың қазан айында «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 1 миллион 225 мың теңге көлемінде грант ұтып алып, ол қаражатты бөдене шаруашылығына қажетті инкубатор, басқа да құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсады.

— Алғаш қолға алған кезде бізде небары 20 шақты бөденеміз болды. Бүгінде олардың санын  500-600-ге дейін жеткіздік. Алдағы уақытта бөдене санын көбейтіп, оларды 6-7 мыңға дейін өсіргіміз келеді. Ол үшін қосымша орын, жабдықтар, тағы басқа заттар керек. Сұраныс жоғары. Ақтөбенің сауда нүктелеріне бөдене жұмыртқасы шетелден әкелінеді. Соны естіп, бос жатқан нарықты өзіміздің өнімдерімізбен толтыруды ойладық. Егер бұл құсты осы жақта да өсіре алсақ, неге біз өнімдерін шетелден тасуымыз керек? Осылайша намысқа тырысып әрі пайдасын өз көзімізбен көрген соң басталған бизнес бұл, — дейді Анар Тұрғанбаева. 

Бөдене бағушы бұл құстардың дұрыс тамақтанбаса, ауырып қалатынын айтады. Сол себепті де кәсіпкер құстың ақуызға бай қорегін Жамбыл облысындағы «БМ» компаниясынан алып отыр. Әрине, күтімі жақсы болса, өнімі де сапалы болады.

«Бір бөдене екі жүз грамдай ет береді, еті дәмді келеді. Ал жұмыртқасын шикілей ішсеңіз де, пісіріп салатқа қоссаңыз да — пайдалы. Жұмыртқасының сыртын да жуып, кептіріп, ұнтақтап, түрлі тамаққа қосып жесеңіз, нағыз калций көзі саналады. Бөдененің кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді. Ал жүнін жастықтың мамығына пайдалануға болады», — дейді ол.

Жұдырықтай құстың еті мен жұмыртқасынан бөлек, қиы мен жүніне дейін кәдеге жаратуды ойлап отырған бөдене өсірушілердің алға қойған жоспары көп. Соның бірі  — бөдене қорасын кеңейту. Екінің бірі жүрексініп қолға ала бермейтін дәстүрлі емес шаруашылықты жүргізіп отырған Еркебұлан мен Анар бөдене өнімдерімен тек қаланы ғана емес, облыс аумағын қамтуды жоспарлап отыр. Ендеше, іске сәт!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button