Жаңалықтар

Отбасылық кәсіп

Көрмеге қала мен ауданнан жиналған кәсіпкерлердіңарасында қымызынан дәм таттырып тұрған жас қыз көзімізге түсті. Ақмоншақ Ахметова бұл кәсіпке ойламаған жерден келіпті. 2018 жылы ағасы аяғынан тұра алмай ауырып қалған. Дәрігерлер қосымша ем ретінде қымыз ішуді ұсыныпты. Сол жылы ағасының емі үшін несиеге бір бие сатып алған.
— Сатып алған биенің сүті мол болды. Бір сауғанда 1,5-2 литрге дейін береді. Күніне бес мезгіл сауып отырдық. Ағам өзі тұра алмайтын болған соң, мені кішкентайымнан бие саууға үйретті. Сол кезден бастап қызығып, бұны кәсіп қылып, әрі қарай дамытқым келді. Бірақ бастапқыда қалай бастарымызды білмей жүрдік. Ақшамыз да жиналмай жүрді. Бір сөзбен айтқанда, кәсіптің ретін білмедік. Сөйтіп жүргенде жан-жағымыздағы көршілеріміз: «Біз қымыз сатып алып, дертімізді қымызбен емдейік», — деп сұрай бастады. Бастапқыда жылқыны Ақжар-2 ауылындағы үйімізде ұстап бастағанбыз. Солай күнделікті қымыз сатып, ақшамызды жинап, екінші жылқыны несиеге сатып алдық. Кәсібімізді енді дамытып жүргенде 2022
жылы қайтарымсыз грант туралы естіп, қатысуға бел будық. Комиссия мүшелеріне саумалдың, қымыздың дәмін таттырып, жылқыны аулада ғана ұстап жүргенімізді айтып, өзімнің жобамды ұсынып едім, бірден келісімін берді. Ұтып алған грантқа екі жылқы сатып алдым. Солай жылқы басын көбейтіп, кәсібімізді дамытып отырған жайымыз бар, — дейді жас кәсіпкер.
Бұл кәсіпті Ақмоншақ анасымен, ағасымен бірге жүргізіп отыр. Қазір бұл отбасының бес жылқысы бар. Күніне 15-20 литр қымыз алады екен. Аталған тұрғын алабының сырт жағында Бұтақ деген мекенде жерді жалға алып отырған жайы бар. Кең жайылым жерде екі қазақ үйі тігілген.
— Бастапқыда жылқыларды үйде ұстадық. Қымыз сатып алушылар көбейіп, үйден ішіп жүргенде ығы-жығы болып, көршілерімізден ыңғайсыздандық. Осылайша кәсібімізді сырт жаққа көшірдік.
Сәуір-мамыр айларында, көк шөп шығып жатқанда, саумал ішетін адамдардың қатары көбейеді. Себебі саумалдың құрамы осы уақытта одан сайын құнарлана түсіп, емдік қасиеті артады. Саумал жалпы иммунитет көтеруге, өкпе қабынуына, асқазан, бүйрек ауруларын емдеуге көмектеседі. Негізі, бұл сусынды 41 күн ішіп ем алса, нәтиже береді деп айтып жатады.

Адамдар көбіне сауыннан жарты сағат бұрын келіп, қымызханада күтеді. Саумал ішіп, қымызын алып кетеді, — дейді ол.
Саумал ішу үшін Қобда ауданынан, Қурайлы ауылынан, Атырау облысынан адамдар арнайы келеді екен. Алыс жерден келетіндер кәсіп иелерінен: «Киіз үйде қона жатып, он күндей сауын ішсем бола ма?» деп сұрап жататын көрінеді. Ақмоншақ тұтынушыларды киіз үйлерге тегін жатқызатынын айтты. Ол «ем іздеп келген адамға барлық көмегімізді көрсетеміз» дейді.

Н.АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button