Жаңалықтар

Нұрсұлтанның «көк жуасы»

Тұтынушыларды отандық өнімдермен қамтамасыз етіп жүрген жас кәсіпкерлердің бірі — Нұрсұлтан Мәуленұлы.

Былтыр шағын жылыжай ашып, кәсіп бастаған екен.

Мен бұл кәсіпті досыммен бірге бастадым. Бастапқыда көк жуа өсіремін деген ой келді. Көк жуаның иммунитет көтеруге пайдасы зор. Жылыжай құрылысына 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бүгінде күніне орта есеппен 25 келі көк жуа жинаймыз, — дейді ол.

Нұрсұлтан Мәуленұлының айтуынша, көк жуа негізінен Оңтүстік Қазақстаннан тасымалданады. Ал ол өнім өңірімізге жеткенше құнарын жоғалтып, сапасы төмендеуі мүмкін.

Оның айтуынша, көк жуа өсіруге көп уақыт кетпейді. Тек уақтылы суарып, баптаса, одан мол өнім шығады екен. Қазіргі таңда ол көтерме және орталық базармен жұмыс жасап отыр.

Біздің жылыжайдан шығатын көк жуаға сұраныс жоғары. Негізінен голландтық жуаның тұқымын егеміз. Жергілікті жуада бір өзек болса, мұнда екі сабақ көктеп шығады. Сұранысқа қарай жуаның басқа да сорттарын сатып алуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Алдағы уақытта екінші жылыжай құрылысын бастағалы отырған кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашып, өзі секілді ынталы жастарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінде ол ауыл-аймақтардан шақырту алып, тұрғындармен өз тәжірибесін бөлісіп жүр.

— Мен ендігі кезекте кәсіп бастағысы келетіндерге жылыжай құрылысы, жуа өсіру технологиясы туралы практикалық тұрғыда көрсетіп, үйретуге даярмын. Сонымен бірге өз бизнесімді жас кәсіпкерлерге ұсынғым келеді. Жуа өсіру технологиясын тереңірек меңгеріп, отандық өнімнің сапасын жақсартқым келеді. Үлкен шығынға батпай-ақ, аз ғана қаржымен жылыжай салуға болады, — дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Мәуленұлы.

Қазір жас кәсіпкер «Ауыл аманаты» қоғамдық қорымен бірге ауыл тұрғындарына «Бастау- Бизнес» жобасын үйретіп жүр.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button