Білім

«Оқуға құштар мектептің» бір күні

    • Әдеби кеш

Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібаймен кездесу кеші өтті.

Мектептің мәжіліс залында өткен кездесуге 8-10 сынып оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Кеш мектеп оқушысы Айдар Салмағамбетовтің орындауындағы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен басталды.

Одан соң кештің жүргізушілері ақынның өмірбаянын қысқаша таныстырып өтіп, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Базаргүл Тыныштықбайқызы кездесудің кіріспе сөзін айтты.

Кештің көрігін ақын өлеңдерін жатқа айтқан 10-сынып оқушысы Марта Жолдыбаева, 9-сыныпта оқитын Дильназ Есентай, 10-сынып оқушысы Ислам Қалниязовтар қыздырды.

Кездесу барысында оқушылар ақынмен сұхбаттасып, балалық шағын, оқушы кезін, өлең, достық туралы пікірін сұрады. Кеш қонағы өзінің туып-өскен жері, өмірі жайлы әңгімелеп берді.

— Кітап оқу — жан дүниеңді байыту, танымыңды кеңейту. Оның ішінде көркем әдебиет — рухани азық, адамның мінезінің, тұлғасының қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан кітап оқи жүріңіздер. Ал мына «Оқуға құштар мектеп» жобасын бәріміз қолдауымыз керек. Ұлт үшін, ұрпақ үшін қызмет ететін ғұмыры ұзақ бастама болсын, деді Сәтжан Дәрібай. Сондай-ақ ол өзінің бірнеше кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартып, ұйымдастырушылар мен балаларға ризашылығын білдірді.

Одан соң мектеп кітапханашысы Жазира Жақсылыққызы ақынның шығармалары қойылған кітап көрмесін таныстырды. Кеш соңында балалар ақынды қаумалап, естелік суретке түсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button