Білім

Ұстаздар білімін шыңдады

    • Семинар

Ақтөбе қаласының №31 қазақ орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында мақсатқа бағытталған тапсырмаларды құрастырудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Мектеп директоры Бақытбек Жұмағұловтың басшылығымен өткен шараға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының  кәсіби даму институтының кафедра аға оқытушысы Анаргүл Сүгірбаева мен Ақтөбе қаласы «Әдістемелік кабинет» әдіскері Анаргүл Ғабдірашева арнайы қатысты.

Қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Шәкизада Нұрбаева:

— Бұл семинардың негізгі мақсаты — сабақ үдерісінде оқу мақсатына жетуге бағытталған тапсырмаларды құрастырудың жолын меңгеріп, тіл мен әдебиетті оқытудағы заманауи сұранысқа сай жаңашыл сабақтармен бөлісіп, тәжірибе алмасу арқылы оқуға негізделген нақты ой-тұжырымдар жасау мен сапалы білім қалыптастыруға үлес қосу — дейді.

Шараға қатысқан  қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері ашық сабақтарын өздерінің іс-тәжірибелері арқылы қорғап шықты.

«Өрлеу» орталығынан келген Анаргүл Сүгірбаева семинарға қатысқан ұстаздарға әлі де болса бала оқытудың тиімді тәсілдерін жетілдіре түсу керектігін айта келіп, білікті мұғалімдерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Облыстық семинардың соңы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Алтынбек Иманбаев ұйымдастырған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Әдеби кештің қонағы ретінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов қатысып, ақынның өмірі жайлы деректер айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button