Экономика

Ақтөбелік өндірушілер Қытай нарығына шығуға ниетті

Көршілес мемлекеттермен арадағы алыс-берісті арттыру арадағы сауда айналымын жаңа деңгейге өсіретіні анық. Өңірдегі кәсіпкерлер бұның жолдарын өзара талқыға салды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста «Молочные истории-А» ЖШС директоры Асылгүл Ілиясова Қытай нарығындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

«Әзірге біз — Ақтөбе облысынан Қытайға дайын азық-түлік өнімдерін жеткізіп отырған жалғыз компаниямыз. Көрші елге «Тандем» сауда маркасымен өнімдерімізді жөнелтеміз.  Қытай тарапымен ресми келісімшарт әлдеқашан жасалды. Бірақ пандемия салдарынан алғашқы партия 2022 жылы ғана жеткізілді. Енді жеткізуді үлкен көлемде іске асыратын боламыз. Өйткені біз қалай жұмыс істеу керектігін, қандай құжат талап етілетінін жақсы білеміз, — деді кәсіпкер.

Сонымен қатар сырттағы серіктестердің Қытайға макарон өнімдері, бұқтырылған ет, шұжық импорттауға үлкен қызығушылық танытып отырғаны айтылды. Осы бағыттағы мәселелерді талқылауға «Айбек ӘКК», «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан» компанияларының өкілдері қатысты. Өз кезегінде жиынға ZOOM режимінде қосылған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы  халықаралық орталығы аумағындағы кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығының төрайымы Гүлмира Сакиева аспан асты елінің нарығына шығуға көмектесуге әзір екенін айтты. Талқылауды Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

«Осындай маңызды жиын Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында өтіп жатқаны қуантады. Қытайда біздің отандық өнімге қызығушылық танытқан әлеуетті серіктестеріміз бар. Қазіргі кезде біз көрші елге өнім ипорттай алатынөндірушілерді іздеп жатырмыз»,— деді ол.

ҚХР нарығының қай жағынан да әлеуетті екені мәлім. Сондықтан бұл екі тарапқа да болашақта үлкен табыс әкелетіні сөзсіз. Жиында соған жетудің амал-шарттары да талқыланды.

Палата басшылығы өз тарапынан болашақ экспорттаушылардың қажетті рұқсат құжаттарын алуына жәрдемдесуге, сондай-ақ ҚХР-дағы әлеуетті әріптестермен келіссөздер жүргізу үшін алаң ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

Айәли АЙБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button