МәдениетСпортЭкономика

2023 жылдың жаңалықтары

Әне-міне дегенше, қаңтар айының екінші аптасы да аяқталуға жақын. Бұл жылы ақтөбеліктер қандай мәдени-спорттық, жалпы бұқаралық шараларға куә болады? Іске қосылатын жобалардың аужайы қалай? Ал еліміз бойынша ауқымды деңгейде не жоспарланған?

Біз жауапты мекеме өкілдерін сөзге тартып, 2023 жылдың тартуларын білген едік…

20 мың мәдени шара өтеді

Өңірдегі кез келген істің басы-қасынан табылатын мәдениет қызметкерлерінің биыл да өткізетін шаралары баршылық. Облыс бойынша 472 мемлекеттік мәдениет мекемесі барын ескерсек, жоспарланған дүниенің шынымен ауқымды екенін аңғаруға болады.

2023 жылда атаулы даталар мен мерейтойлараз емес. Соған сәйкес, Әбілқайыр ханның 330 жылдығына орай Тахауи Ахтановтың «Ант» қойылымы, Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына VІ Халықаралық «Balausa»экспериментальды спектакльдер фестивалі және халық таланттарының (жыршы-жыраулар, күйші-қобызшы, қолөнер шеберлері, т.б.) «Қарақамыс» жәрмеңкесі аясында республикалық этно-фестивалі, Тахауи Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық форум-фестиваль және оның «Боран» романын сахналау, Нұрсұлу Тапалованың 100 жылдығына арналған «Бидің нұры — Нұрсұлу» халықтық би ұжымдарының байқауы, басқа да ірі шаралар жоспарланған.

Сонымен қатар осы жылы 5 мәдениет мекемесі жалпы құны 462 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Бұлар: Әйтеке би ауданына қарасты Темірбек Жүргенов ауылындағы «Целинник» Мәдениет үйі, Алға ауданындағы Тамды, Тікқайың және Қайнар ауылындағы ауылдық клубтар, сондай-ақ жоғарыда аталған аудандағы Маржанбұлақ Мәдениет үйі. Облыс орталығына келсек, жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияның 2-қабатында «TedX», «Cliber Club», «Workshop center», «Life Band Area», «DQ Dears Club», «Tik-Tok Club» аумақтары, дыбыс жазу орталығы және сәндік-қолданбалы өнер үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Мұндай креативті орталықтар облыстық өнер музейінде, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында да ашылмақ.

Жалпы, былтыр өңір бойынша 20 мыңнан астам түрлі деңгейдегі мәдени шара өткізілсе, биыл да сол межеге жету жоспарланған, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.

АЙТПАҚШЫ…

2023 жылда қазақстандықтар қанша күн жұмыс істейді? Ал мереке мен демалыс күндері қанша?

5 күндік жұмыс аптасына байланысты бағамдасақ, күнтізбе бойынша 365 күннің 245-і жұмыс күніне түсіп тұр. Сәйкесінше, аталған кесте бойынша еңбек ететіндер 120 күн демалады.

Ғаламтор материалдарына жүгінсек, қазақстандықтар қаңтар мен наурыз айларында ең көп — 12 күн демалады.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сай жыл бойғы демалыс күндерін тізбелесек: қаңтарда —Жаңа жылға 3 күн — 1, 2 және 3 қаңтар; наурызда — 3 күн — 21, 22 және 23 наурыз; сәуір мен мамырда — Қазақстан халқының бірлігі күніне 3 күн — 29, 30 сәуір және 1 мамыр, сондай-ақ Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне 4 күн — 6, 7, 8 және 9 мамыр; шілдеде —жұмыс күні сенбіге ауыстырылатындықтан 3 күн демалыс болады — 6, 7, 8 шілде; желтоқсанда — Тәуелсіздік күніне 3 күн — 16, 17 және 18 желтоқсан. Себебі 16-сы сенбіге сәйкес келеді.

Құрбан айт 28 маусымда басталады.

Бұдан бөлек, облыста дәстүрге айналған халықаралық «Бақытты бала» ашық балалар фестиваль-байқауы, халықаралық «Жұбановтар әуені» вокалистер фестиваль-байқауы, республикалық «Әдебиет.Рух.Қоғам» форумы, республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы, республикалық «Театр — өнердің ұлы көші» халықтық театрлар фестивалі, республикалық Т.Досымов атындағы «Сәйгүлік» гитарамен ән орындаушылар байқауы, республикалық «Қобыланды деген ері бар» жыршылар байқауы, т.б. жалғасын табады.

Халықаралық деңгейден бастап қалалыққа дейін…

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров та Қоян жылында салауатты өмір салтын насихаттауға өз деңгейінде көңіл бөлінетінін атап өтті.

— Өткен жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Олимпиадалық спорт түрлері бойынша 42 ақтөбелік Қазақстан чемпионы атанды. Облыста әртүрлі деңгейдегі додалар ұйымдастырылып, бірнеше спорт кешені ашылды. Биыл да сол үрдісті жалғастырып, Бадамша, Ырғыз, Комсомол ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешенін тапсыру, сондай-ақ Дөң, Қарабұтақ, Бөгетсай, Сағашилі, Бестамақ, Петропавловка, Құмқұдық, Әйке, Бегімбет, Қосестек елді мекендерінде және Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданында ангар типтес спорт кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұлардың біразының құрылысы былтыр басталып кеткен. Сонымен бірге биыл Ақтөбеде дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт кешені пайдалануға берілмек.

Облыста 2574 денешынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. Бұлардың әрқайсысының жыл бойы жоспарлаған түрлі шаралары бар, — дейді ол.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, биылғы жоспарланған халықаралық жарыстардың қатарында ақпан айында өтетін әлем чемпионы Ә.Қалидың жүлдесіне каратэ-додан турнир, наурыз айында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Г.Джафаровтың жүлдесіне бокстан сайыс, қараша айында Б.Ақшолақовты еске алуға арналған ерлер арасындағы бокс бәсекесі, т.б. бар. Мұнымен бірге жыл бойы Ақтөбеде грек-рим күресі, еркін күрес, дзюдо, таэквондо мен үстел теннисінен республикалық турнирлер шымылдығын түрмек.

Экономикамызда өзгеріс бола ма?

Жаңа жылда облыстың күретамыры — экономика саласында да бірталай жағымды өзгерістер болғалы тұр. Жоспар бойынша жаңа зауыт пен фабрикалар іске қосылады.

— Өткен жыл өңір экономикасына табысты болды деуге толық негіз бар. Ірілі-ұсақты 30 кәсіпорын ашылды. Ал 2023 жылда Ақтөбе облысы  логистикалық кешен, терезе-есік шығаратын өндіріс орны мен бірнеше цехпен толықпақ. Ірі жобалардың арасында ERG компаниясының Хромтау ауданында іске қосатын екі фабрикасы бар. Сондай-ақ«Мұнайхим ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай-химиялық реагенттер шығаратын, ал «Мұнай қондырғыларының қазақстандық зауыты» серіктестігі жылжымалы бұрғылау қондырғыларды өндіретін зауыттарды пайдалануға бермек. Бұл тек ірі жобалар ғана, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Жансұлтан Ахмет.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Биыл…

Қожа Ахмет Яссауидің туғанына — 930 жыл.

Сұлтан Бейбарыстың туғанына — 800 жыл.

Төле бидің туғанына — 360 жыл.

Бұқар жыраудың туғанына— 330 жыл.

Абылай ханның туғанына — 310 жыл.

Махамбет Өтемісұлының туғанына — 220 жыл.

Амангелді Имановтың туғанына — 150 жыл.

Мағжан Жұмабаевтың туғанына — 130 жыл.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына — 130 жыл.

Теңгенің қолданысқа енгеніне — 30 жыл.

Елдегі елеулі оқиғалар

Биыл Қазақстанның саяси өмірінде де маңызды шаралар болғалы тұр. Айталық, 14 қаңтарда Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтеді.Саяси науқанға3 ақтөбелік ресми тіркеуден өтіп, Сенат депутаттығына үміткер ретінде қабылданды. Олар — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров, облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов және  өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова. Бұл жолы депутаттарды жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар  әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары екенін айта кету керек. Республика бойынша аталған сайлауға барлығы 60-тан астам кандидат тіркелді.

Мұнымен сайлау аяқталмайды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыр­күйектегі халыққа арнаған Жолдауында: «Бұрынғы тәртіп бойынша сай­ланған биліктің өкілді ор­ган­дарының кезектен тыс сай­лау науқаны арқылы жаңаруы заң­дылық. Сондықтан Мә­жілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттың сайлауын келесі жыл­дың бірінші жартысын­да өт­кізуді ұсынамын. Біз көп­шіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Пар­ламент жұмы­сының тиім­ділігін арттырары сөзсіз», — деген еді. Соған сай, жаз мезгіліне дейін Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау ұйымдастырылмақ.

Тағы бір оқиға — 2023 жылы елімізде алғаш рет облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұған дейін тек ауыл әкімдерін ішінара сайлау болған-ды. Ұлттық экономика министрлігі хабарлағандай, пилоттық режимде өткізілетін бұл саяси науқан алдағы уақытта үйреншікті үрдіске айналады.

Бұдан басқа, биыл елімізде ІІ Түркі универсиадасы өткелі отыр. Оған, аты айтып тұрғандай, жер-жердегі студенттер қатыспақ.

Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақты одан әрі нығайту мақсатында Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті жалауын желбіретеді деп күтілуде. Аталған ұйымға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері мүше.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button