Жаңалықтар

Шапшаңдық пен ұтқырлық сыналды

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 112 жыл толуына орай Б.Момышұлы атындағы №62 мектепте «Бауыржан жұлдызды болған күн — қазақтың жұлдызы жанған күн» атты дәстүрлі облыстық әскери-патриоттық жарысы өтті.
«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының ұйымдастыруымен өткен сайысқа биыл Ақтөбе қаласының №19, №62, №67, №33, №77, №72, №29, №21, №38 орта мектептерінің сегіз адамнан жасақталған командалары қатысты. Қатысушылар Калашников автоматын жартылай бөлшектеу және жинау, биік кермеге тартылу, гір тасын көтеру, шалқалап жатып, денені тік көтеру, арқан тарту сайыстары бойынша сынға түсті. «Күш білекте емес, жүректе» демекші, сайыстың мақсаты —  жастардың патриоттық сезімін ояту, күш-жігерін шыңдау.

14-17 жастағы оқушылар арасындағы бұл жарыс 2010 жылдан бері, яғни 12 жыл бойы өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде мыңға тарта оқушы сайысқа қатысып, арнайы кубоктармен марапатталды.

Биыл жасөспірімдердің шапшаңдығы мен ұтқырлығын әскери сот зейнеткері Қыпшақ Байжанов, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Серік Аманжолұлы, Ақтөбе қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының тәрбие, идеологиялық, әскери патриоттық жұмыс атқару бөлім басшысы, майор Ізбасқан Кутанов және алғашқы әскери технологиялық дайындық пәнінің жетекшілері бағалады.

Төрешілер шешімі бойынша I орынды №33 және №21 орта мектеп оқушыларынан құралған екі команда жеңіп алды. II орынға №77 және №72 орта мектептің командалары ие болды. III орынды №38, №67, №29, №19, №62 орта мектептің командалары бөлісті.

Жеңімпаз және жүлдегер команда мүшелеріне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан дәстүрлі жарыстың кубоктары, дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

 Бағдаш ТӨПЕНОВА,

«Әлия» патриоттық тәрбие беру

облыстық орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button