Басты жаңалықтарСпорт

Аргентина — әлем чемпионы

Аргентина-Франция — 3:3 (п.4:2)

Аргентина биік тұғырға әрең көтерілді.

Рас, бірінші таймның нәтижесіне қарағанда мәселе оңай шешілетін тәрізді көрінген. Анхель Ди Марияны аяқтан шалып құлатқаны үшін тағайындалған пенальтиді Лионель Месси мүлтіксіз орындаса, Ди Марияның өзі және бір тамаша  гол соққан.

Екінші таймда да француздар бауыр жаза көсіле алмады. Дегенмен үміттері сарқыла бастаған әріптестеріне кенет Килиан Мбаппе дем берді. 80-минутта ол пенальтиді дәл соқты да, арада жарты минут өтер-өтпесте қарсыластар қақпасына және бір гол кіргізіп жіберді.

Негізгі уақыт осылайша тең аяқталған соң ойын 30 минуттық қосымша екі тайммен жалғасты. Мұнда да ойынның бірінші бөлігінде Месси гол соқты да, екінші бөлікте тағы да пенальти орындаған Мбаппе тағы да есепті теңестірді.

Кезек пенальтилер сериясына келді. Бұл сайыста француздардың бағы жанбады. Кингсли Команның соққан добын қақпашы Эмилиано Мартинес қақшып түссе, Орельен Чуамени нысананы дәл көздей алмады, тепкен добы қақпа бағанасынан сәл қиыс кетті. Ал Месси бастаған аргентиналықтар төрт допты да қарсыластар қақпасына шегедей қақты.

Сөйтіп, 3:3 есебімен тең ойнаған қос команда пенальтилер сериясын 4:2 есебімен аяқтады.

Аргентина үшінші рет (1978, 1986, 2022) әлем чемпионы атанды.

Аргентина құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып келе жатқан бас бапкер Лионель Скалонидің аты озды.

*   *   *

Гол авторлары: Лионель Месси, 23-минут, пенальти (1:0); Анхель Ди Мария, 36-минут (2:0); Килиан Мбаппе, 80-минут, пенальти (2:1); Килиан Мбаппе, 81-минут (2:2); Лионель Месси, 109-минут (3:2); Килиан Мбаппе, 118-минут, пенальти (3:3).

*   *   *

Пенальтиді қатесіз орындаған аргентиналықтар: Лионель Месси, Пауло Дибала, Леандро Паредес, Гонсало Монтиэль.

Ал француздардан нүктеге бірінші болып келген Килиан Мбаппе ғана допты нысанаға дәл жеткізді де, одан кейінгі Кингсли Коман қақпашыдан айласын асыра алмаса, Орельен Чуамени допты қақпадан қиыс тепті.

18 желтоқсан 2022 жыл. Лусаил қаласы (Катар). «Лусаил» стадионы. 88966 адам.

*   *   *

Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси Катарда өткен бұл ХХІІ әлем чемпионатының үздік ойыншысы деп танылды. Бұл турнирде 7 гол соққан Месси осы чемпионат тарихында екінші рет үздік ойыншы атанып отыр (2014, 2022).

Бұл турнир барысында қарсыластар қақпасына 8 гол соққан франциялық Килиан Мбаппе әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды. Финалдық кездесуде Мбаппе 3 гол соқса, Месси 2 гол соқты.

Чемпионаттың үздік қақпашысы — Эмилиано Мартинес (Аргентина).

Турнирдің ең үздік жас ойыншысы — 21 жастағы жартылай қорғаушы Энцо Фернандес (Аргентина).

*   *   *

Аргентина ұлттық құрамасы үшін ең көп ойнаған футболшы — Лионель Месси (172). Осы құрамада ең көп гол соққан да — Месси (98 гол). Даңқты шабуылшы 2011 жылдан бері осы ұлттық құраманың капитаны.

*   *   *

Бұл чемпионатта 64 кездесу өткізіліп, 172 гол соғылды. Әр ойында орта есеппен 2,69 доп қақпаға енгізілді.

*   *   *

17 желтоқсан күні үшінші орын үшін болған ойында Хорватия Марокконы 2:1 есебімен жеңген болатын.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button