Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай  жауап береді

Қандай жәрдем тиесілі?

Мен облыс орталығынан шалғай, теміржол, тасжолдан алыс бір түкпірдегі ауылда тұрамын. Былтырғы мамыр айында отбасымызда дүниеге Көркем, Сұлу, Әдемі атты үш сәби дүниеге келіп, қуанышқа кенелдік. Дүниеге келген баланы өсіру, тәрбиелеу ата-ананың, яғни өзімнің міндетім екенін жақсы түсінемін. Ал ауылдық жерде ол отбасыма оңайға түсіп отырған жоқ. Артық айтсам, Алла тағала өзі кешірсін! Ауылдың медицина қызметкері күніге қарап, ақыл-кеңесін беріп тұрады. Оған да алғыстан басқа айтарым жоқ. 600-ден астам ауыл тұрғыны бар қарамағында.

Үй-ішімізбен әупірімдеп бағып отырған жайымыз бар. Облыс орталығынан қошеметтеп азды-көпті берді, әрине. Бары сол ғана. Басқа жәрдем алып отырғанымыз жоқ. Аудан әкімшілігі теледидардан сөйлегенде «үйін күрделі жөндеуден өткізіп береміз»,-деген еді. Соңынан «130 000 теңге бөлдік, сол ақшамен өзің адам жалдап істетесің» деген жауап беріпті. Күйеуім жұмыс жасайды. Мен жәрдемақы аламын. Аз қамтылған отбасыға жатамыз. 9 балам бар. Жақында «Күміс алқа» иегері болдым.

Менің сіздерден сұрайтыным, осы үш балам үшін, жалпы көп балалы ана ретінде және аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен қандай жәрдем ала аламын?

Бибігүл Пірмағанбетова,

көп балалы ана

Ырғыз ауданы

Қызылжар ауылдық округі

Жаныс би ауылы

«Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» 05.04.1999 ж. № 365-І Заңға сәйкес төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көзделген. Мөлшері 01.01.2010 жылдан бастап 5511 теңге болды. Бірақ зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Ақтөбе филиалы қызметкерлерінің редакцияға хабарлауына қарағанда, осы мөлшердегі жәрдемақыңыз 2010 жылғы 14 маусымнан бастап өз өтінішіңіз бойынша «Күміс алқа» белгісімен марапатталған ана ретіндегі 8478 теңгенің жәрдемақысына ауыстырылған.

Сіз 2010 жылы 4 мамырда дүниеге келген үш сәбиіңіз үшін біржолғы жәрдемақы және олардың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне тиесілі әлеуметтік төлемдер тағайындалуы үшін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Ақтөбе филиалының Ырғыз аудандық бөлімшесіне 2010 жылғы 23 маусымда өтініш білдірген екенсіз. Соның негізінде әр сәбиге 70650 теңгеден 211 950 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы беріліп, олардың бір жасқа дейінгі күтіміне әр балаға 12 011 теңгеден 36 033 теңге және оның сыртында жоғарыда көрсетілген 8478 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған.

Қызметкерлерінің көрсетуінше, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы тарапынан басқадай көмек көрсету қарастырылмаған. Дегенмен отбасыңыздың орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығыңыз бар. Ол үшін ауданыңыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолығасыз.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 56-21-64; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәламатсыз ба! Егер адамның 40 жылдан астам еңбек өтілі болса, ол адам зейнеткерлікке шыққанда зейнетақы төлемін есептегенде заң бойынша 40 жылдан астам еңбек өтілі есептеледі ме әлде тек қана 25 жылдың еңбек өтілі есепке алынады ма? Екінші сұрағым: Егер ата – ананың кәмелет жасынан асқан 1 – топтағы мерзімсізге ( без срока ) тағайындалған, өмірлікке жүре алмайтын мүгедек баласы болса, ата – анаға зейнеткерлікке шыққанда,  зейнетақыларына мүгедек баласы үшін қосымша ақша қосылады ма?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button