Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионаты тартысты өтуде

Тоғызқұмалақтың классика түрінен болып жатқан доданың аяқталуына санаулы күндер қалды. Жеті турдың бесеуін артта қалдырған ойыншылардың арасында қазақстандықтар көш бастап тұр.

Өнер орталығында өтіп жатқан тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты тартысты өтуде. Ел намысын қорғайтын команда капитаны Ғалымжан Темірбаев пен тоғыз дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева,  халықаралық дәрежедегі спорт шеберіАңсаған Қожанасіп классиканың 5-ші турында кезекті жеңіске жетті. Қатысушылар қараша айының 25-інен бастап шапшаң ойнау(блиц) және рапид түрілерінен бақ сынасады.

Ерлер арасында 4 дүркін әлем чемпионы, ашылу салтанатында көк байрағымызды көтеріп шыққан Ғалымжан Темірбаев бесінші турға дейін сүрінбей өтті. Қазір өзіміздің екі мықты спортшымыз кездесу өткізіп жатыр. Ғалымжанның бүгінгі қарсыласы —халықаралық дәрежедегі спорт шебері, болашағынан үлкен үміт күтетін жас ойыншымыз Бексұлтан Бостандықов. Тәжірибелі ойыншы ма, әлде жастың жігері жеңіп кете ме, осы турда белгілі болады. Одан бөлек ол біздің басты қарсыласымыз — қырғыз ойыншыларымен сынға түсті. Анарбек Жанакеевпен кездесіп, жеңіске жетті.

Осыған дейін қызықты кездесулерге куә болдық. Кеше колумбиялық ойыншы Оскар Фаджардо өте жақсы ойын көрсете алды. Қырғызстандық спортшы мен Чех мемлекетінен келген Павел Нованың кездесуі де тартысты өтті. Ойынның соңғы секундтарына дейін кімнің жеңіске жететінін біле алмадық. Ойыншылар бір-біріне жақсы төтеп бере алды.

Жұма күні басталатын ойынның блиц түріне ақтөбелік жас спортшылар Гүлжанат Алдабергенова мен Мөлдір Серікқызы қатысады. Ал ерлер арасынан Медет Құсайынов, Батыс Қазақстан облысының спортшысы Әсет Қайыржанов еліміздің атынан сынға түседі. Оларға үлкен сенім артамыз. Әр ойында тақымымызды қысып отырамыз — дейді тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Айнұр Жақыпбаева.

— Шетелдік ойыншылардың, алдыңғы ойындармен салыстырғанда, деңгейі біраз көтеріліп қалған,— дейді чемпионаттың бас төрешісі Бауыржан Төлегенов.

Оның айтуынша, шетелдік ойыншылардың кездескенде уақытты тиімді пайдалануы, ойлау жүйесі, техникасы жетілген.

Мысалы, америкалық, колумбиялық спортшылар жақсы ойын көрсетіп жатыр. Ал негізгі тартысқазақ пен қырғыз ойыншыларының арасында жүріп жатыр. Әзірге бес турдың нәтижесінде қазақстандықтар көш бастап тұр.

Биылғы чемпионатқа Монғолияның мықты екі ойыншысы келе алмай қалды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ардабұлан Шындәулет былтыр Азия чемпионатына онлайн қатысқан. Ақтөбеге тікелей рейс болмағандықтан оны Ұлан-Батырдан шақырту қиын болды. Ал екінші спортшы мемлекеттік қызметте істеген соң, жұмыс бабымен келе алмады. Дегенмен қазір Монғолия елінен үш ойыншы қатысып жатыр, — дейді бас төреші.

Ойыншылардың қарқыны мықты

Аңсаған ҚОЖАНАСІП,

халықаралық дәрежедегі спорт шебері (Қазақстан):

Қоржынымда 4 ұпай бар. Өзімнің жерлесім Әсел Далиевамен өткен ойында есе жібердім. Қарсыластарымның барлығы мықты. Енді ойынның нәтижесін күтеміз. Классикадан бөлек, рапид түріне де қатысамын.

Қарағанды жастарының арасында тоғызқұмалақ жақсы дамып келе жатыр. Оқушылардың дақызығушылығы жоғары.

Бастысы — тәжірибе керек

Әлия ҮРКЕБАЙ, Қытай Халық Республикасы:

Шыңжаңның Қарамай қаласынан келдім. Соңғы уақыттаменің қаламда тоғызқұмалаққа қызығушылық танытатындардың саны артып келе жатыр. Бұл ойын тек қазақ емес, қытай ұлтының арасында да қызығушылыққа ие. Ал өзім бұл ойынды 2015 жылдан бастап үйрене бастадым.

Чемпионатқа алғаш рет қатысып тұрмын. Осы аптада германиялық, өзбек, түрікмен елдерінің ойыншыларымен кездесу өткіздім. Біреуін жеңіп, қалған ойындарда жеңілістерге тап болдым. Ақтөбеге тәжірибесі көп, мықты спортшылар жиналған. 

Алғашқы чемпионатым

Мехмет ЕКЛЕ, Түркия:

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқимын. Тоғызқұмалақты алғаш ретжоғары оқу орнында оқып жүргенде үйрендім. Ойынды үйретіп, осы чемпионатқа алып келген ағайларыма алғысымды білдіремін. Болашақта да осындай сайыстарға қатысамын деп ойлаймын.

Түрік елінде де осыған ұқсас мангала деген ойын бар.Тоғызқұмалақты ойнағанда осы ойын есіме түседі. Екі ойынның техникасы, ережелері, шығу тарихы да ұқсайды.

Моңғолияда тоғызқұмалақ кеңінен таралуда

Алтангүл АЯТХАН,Моңғолия:

Осыған дейін Азия чемпионатына қатысқанмын. Әлем чемпионаты мүлдем бөлек деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастыруы жағынан болсын, қатысушылардың ойыны да, барлығы жоғары деңгейде.

Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Чехия спортшылармен кездесу өткіздім. Екі ойында жеңіліп қалдым.

Моңғолияда тоғызқұмалақ кеңінен танылып келе жатыр. Әсіресе жастар көптеп қатысуда. Сұраныс көп болған соң, секциялар лық толы. 

 Нағыз чемпиондармен ойнадым

 Жәмила АЮБИ, Ауғанстан:

Ойынның бесінші турында Латвия елінің спортшысы Алина Алексеевамен кездесу өткіздім. Ол 4-5 жылдан бері ойнап жүрсе, менің тәжірибем — бар-жоғы бес ай. Төрт тас айырмашылықпен жеңілім қалдым, дегенмен мен үшін бұл жақсы көрсеткіш.

Қазақстандық спортшылардың ойыны мықты екеніне көзім жетті. Әсел Далиевамен өткен ойын мен үшін үлкен тәжірибе болды. Тоғыз дүркін әлем чемпионымен ойнау — мен үшін зор мәртебе.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button