Жеңіс

Қаржы агенті болған еді…

Кешегі күні ел басына күн туғанда майданға аттанып, Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан атам Өтеген Айтуаров туралы айтқым келеді.

Оған себеп — 15 қарашада аталып өтілетін қаржыгерлер күні және ұлттық валюта күні, яғни Қазақстан Республикасының Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Бұл мерекені бухгалтерлер, экономистер, аудиторлар және банкирлер атап өтеді. Олардың қызметі ақша қаражаттарының қозғалысымен байланысты, сондықтан осы мамандар жауапты және сауатты болуы тиіс.

Атам Өтеген соғысқа дейін қаржы агенті болып жұмыс жасаған. Ауылдық кеңеске қарасты бірнеше ауылдың тұрғындарынан салық жинаған. Халық нанын әрең табатын күндер болған, екінші жағынан салық бар. Бірақ атам адамдарға қалай жақындау керектігін біледі: ол бюджет алдындағы міндеттерін уакытында орындайды.

Ол 1942 жылы қаңтардың басында аға-інісі, тума-туысы бар — бір колхоздан кырық жігіт Отан қорғау үшін ұлы жорыққа Қобда аудандық әскери комиссариатынан аттанады. Артында шиеттей жас үш бала, әйелі қалады. Үлкені — Ізғабды, ортаншысы — Қоныс, кішісі — үш жасар қызы Баһира, әйелі — Хамза.

Жаз айында елге суық хабар жетеді. «Тула-Брянск бағытында 1281-атқыштар полкінің атқышы Айтуаров Өтеген неміс фашистеріне карсы табан тірескен соғыста Отанын қорғауда ерлікпен қаза тапты» деген «қара қағаз» келеді.

Соғыстан атамның он шақты ағайынды туысының бірде-бірі оралмаған. Бұл мәлімет әкемнің немере ағасы Мәлік Дүйсенғалиевтің Ойыл аудандық газетінің 1967 жылғы 19 шілдедегі санында жарияланған «Еңбекте шыныққан екі ұл» атты мақаласынан алынды.

Осы мақаладан оқып білгенім — атам Гурьев уезінің Қазыбек болысына қарасты Жетібай ауылында дүниеге келген екен.

Атам Кеңес үкіметінің орнауымен жақсы күнге үміт артады. Сондықтан жаңаны насихаттауға, сол уақыттың саясатын қолдауға белсене кіріседі. Ұжымдастыру шараларының бел ортасында жүреді.

Қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданын алғаш құру туралы шешім 1928 жылы 27 наурызда қабылданған, одан бұрын бұл аудан жеріндегі болыстар Орал, Ақтөбе облыстарының құрамында болған екен.

1930 жылы колхозға бірінші мүше болып, ақ інгенді тайлағымен, екі сиырды тайыншасымен ортаға береді. Ол мезгілде №17 ауыл кеңесіне қарасты Орта көкті, Тойнаш, Жылтыр, Қоңырқұдық аталатын төрт серіктік болады. 1939 жылы №17 ауылға қарасты колхоздар Егіндішоқпарға келіп қоныстанады. Бұл — беріректегі Ойыл ауданы «Қайыңды» совхозына қарасты №2 ферманың аумағы.

Әкем Қоныс өзінің осыдан жиырма жылдай бұрын жазған бір мақаласында: «Айтуаров Өтеген атам сауатты адам болды. Ол «ересектерді 38-39 жылдары оқытты, хат тануды үйреткен кісі еді» деп 98 жастағы Алдабергенова Шұға деген жеңгеміз аузынан суы аққанша айтып отырады» деп жазыпты.

Өткенге қарап ойланамын, менің атам Өтеген Екінші дүниежүзілік соғыстан аман-есен келгенде қаржы саласының білікті маманы болар еді деп.

Қаржы қызметі өмірдің көптеген салаларына әсер етеді. Сондықтан әлемдегі қаржыгер мамандығы бүгін де өте өзекті болып қала береді, ал қаржыгерлер мемлекет мүддесі үшін қашанда іс басында.

Сонау қиын замандарда Өтеген Айтуаров атамның қаржы агенті болғанын оның немерелері мен шөберелері білсін деген оймен осы жазбаларды көпшілікке ұсынғым келеді.

Менің өзім де ата жолын ұстандым және соны мақтан етемін.

Мудр ӨТЕГЕНОВ,

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button