Облыс әкімі Ералы Тоғжанов елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласының шет аймақтарын дамыту, ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету, спорттық инфрақұрылымның бүгінгі жағдайы мен дамуы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Ақтөбе облыстық филиалының қызметі мәселелері бойынша аппараттық отырыс өтті.
Сондай-ақ, облыс елді мекендері аумақтарының санитарлық жағдайы мәселесі қаралды.
«Тазалық пен тәртіп мәселелері осы бағытта нақты нәтижелер болмайынша және жүйелі жұмыс жолға қойылғанға дейін тұрақты бақылауда болады. Өткен аппараттық отырыста Алға, Қандыағаш, Шалқар, Хромтау қалаларын абаттандыру бойынша нақты ескертулер айтылып, оларды жою жөнінде тапсырмалар берілді. Қойылған міндеттер орындалды, бірақ аудан әкімдері өздеріне сеніп тапсырылған аумақтарды үнемі таза ұстауды қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстарына қатысты жасалған өткен демалыс күндерінің мониторинг нәтижелері бойынша тапсырмалар Ақтөбе қаласының, сондай-ақ, Байғанин, Ырғыз, Ойыл, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарының әкімдеріне берілді.
«Ақтөбеде қоқыс алаңдарының сыртқы келбеті бойынша мәселелер бар. Қаладағы 537 қоқыс жәшігінің 180-і жөндеуді қажет етеді. Қала көшелерін су басу, оның санитарлық жағдайы, абаттандырылуы да сын көтермейді. Бұл мәселелер жүйелі түрде шешілмейінше, ол күн тәртібінде бола береді», — деген өңір басшысы облыс орталығындағы «Сапар» автовокзалы мен теміржол вокзалы аумағындағы жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді, тәртіпке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
Жолдарды қар мен балшықтан тазарту жұмыстары сынға ілікті. Өңір басшысының тапсырмасымен облыс орталығының автожолдарын қыста күтіп ұстаумен айналысатын барлық мердігерлік ұйымдардың қызметі, материалдық-техникалық базасы тексерілетін болады.
Отырыс барысында қаланың шет аймақтарын дамыту бойынша Жол картасын құру туралы шешім қабылданды.
«Қазір Ақтөбенің шетінде орналасқан тұрғын үй алаптары ауылға ұқсайды, ал олар негізі, инфрақұрылымы дамыған толыққанды қалалық аумақ болуға тиіс», – деп атап өтті облыс басшысы.
Сонымен қоса, Ақтөбе облысы ауылдарын мобильді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Қазіргі уақытта облыстағы 250-ден астам тұрғыны бар 216 ауылдың 174-і 3G стандарты ұялы байланыс қызметтері қолжетімді. Биыл жыл соңына дейін тағы 16 ауыл сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етілмек.
Облыс әкімі өңірдің барлық елді мекендерін сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Ақтөбеде де мобильді интернет пен ұялы байланыс сапасына қатысты мәселелер бар. Екі күн ішінде осы мәселені шешу бойынша ұсыныстар дайындаңыз. Мұны байланыс операторларының қатысуымен өтетін жеке отырысты қарайтын боламыз», – деп Ералы Тоғжанов тиісті мемлекеттік орган басшысына тапсырды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылғы жағдай бойынша Ақтөбе облысында 1891 спорт нысаны жұмыс істеген. Биылғы жылдың басынан бастап 5 ірі спорт кешені пайдалануға берілсе, тағы 8 кешен жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл ретте халықты бұқаралық спорт түрлерімен қамту 34%, яғни төмен деңгейде қалып отыр.
«Дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмысында жоспарлау жоқ, саланы одан әрі дамыту пайымы жоқ», – деп атап өтті облыс әкімі.
Ол бұқаралық спортқа, оның ішінде еңбек ұжымдарында дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше назар аудара отырып, барлық бағыттарда жұмысты күшейтуді міндеттеді.
«Барлық ірі компаниялар қызметкерлердің спортпен шұғылдануына жағдай жасап, өз қызметкерлері үшін тиісті спорт нысандарын салуға тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.
Н.ДАБЫЛ.