Экономика

Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда

Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстық, қалалық мәслихат депуттарымен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде айтты.

Есепті кезеңде 7 негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің 6-уы бойынша өсім бар. Атап айтқанда, өнеркәсіптің өсу қарқыны 101,8%, инвестициялар – 101,3%, ауыл шаруашылығы – 105,8%, құрылыс – 103,6%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,8%, көлік және қойма логистикасы – 103,1% деңгейінде қалыптасты. Былтырғымен салыстырғанда төмен көрсеткіш тек сауда саласында байқалады.

Облыс әкімі лауазымына тағайындалған сәттен бастап Ералы Тоғжанов өңірдің барлық аудандарында жұмыс сапарларымен болып, халықты толғандырған проблемалық мәселелерді жеке бақылауына алды. Нәтижесінде, қысқа мерзімде 41-ші разъезд ауданында «Оңтүстік айналма жол» және «Ақтөбе-Қандыағаш» қайта жаңғыртылып жатқан жолдардың төрт жолағының екеуі пайдалануға берілді, жол құрылысы маусымының қызған кезінде битум тапшылығы мәселесі шешілді, Ақтөбе қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары күшейтілді.

Қазан айында Астанада өткен «KGIR 2022» халықаралық форумында облысты дамыту бағытында маңызды келісімдерге қол қойылды, оның шеңберінде құны 735 миллион доллар болатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылады. Келесі жылдан бастап Ақтөбе қаласында битум зауытын, ядролық медициналық орталығын, кәріздік тазарту құрылғысы жобасын, мультимодальды көлік-логистикалық хабын және еліміздегі ең ірі болат балқыту зауытын салу жұмыстары басталады.

«Біздің алдымызда өңірдің өзекті мәселелерін әрі қарай тиімді шешу міндеті тұр. Оның ішінде, ауыл халқының табысын арттыру үшін біз «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске қосамыз. Биыл жобаға республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге бөлініп, 61 елді мекеннің тұрғындары 2,5% жеңілдікті несие алып, өз бизнесін бастай алады. 2023 жылы қосымша 3,5 млрд. теңге бөлініп қамтылатын ауылдар саны артады. Осы жобаны іске асыра отырып, біз жаңа жұмыс орындарын ашамыз, мал мен құс басын көбейтеміз және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», – деді өз сөзінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы моноқала Хромтаудың экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінбек. Дәлірек айтсақ, жобаны жүзеге асыра отырып, шағын және орта бизнеске жалпы сомасы 2 млрд.теңге болатын 3 пайыздық несие беріледі.

Облыс әкімінің жіті бақылауындағы тағы бір проблема – жолдардың сапасы. Ірі жобалардың қатарында «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» және «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» трассаларын жөндеу бар.

«Тұрғын үй құрылысы саласында да проблемалық нысандар бар. Бүгінгі таңда Ақтөбеде осындай 11 нысанға 540 үлескер жалпы сомасы 3,5 млрд.теңгеге қаражат салған. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу үшін менің тапсырмам бойынша «Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілді. Қазіргі уақытта барлық 11 нысан құрылысын аяқтау үшін әлеуетті инвесторлар табылды, келесі жылы барлық проблемалы үйлер пайдалануға берілуі тиіс», – деп нақтылады өңір басшысы.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов депутаттарды өңірдің елді мекендерін абаттандыру, қоғамдық орындарда халықтың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне белсенді қатысуға шақырды.  Айта кетейік, Ақтөбеде жалпы сомасы 5,7 млрд. теңгеге қала көшелерін жарықтандыру бойынша ауқымды жоба бастау алды, сонымен қоса, келесі жылы 100 аула аумағын абаттандыру жоспарлануда.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button