Мереке

Егемендік пен тәуелсіздік — егіз ұғым

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті:

— 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. 1995 жылдан бастап бұл күн елімізде Республика күні ретінде мемлекеттік мереке болып бекітілді. Бірақ кейін мерекелер қатарынан алып тасталып, біраз жыл тойланбай қалған болатын.

Міне, енді осы маңызды мерекенің қайтып оралуын өз басым үлкен қуанышпен қабылдадым. Өйткені халқымыз үшін ең қымбат, ең қастерлі ұғым — тәуелсіздік. Егемендік те — тәуелсіздікпен егіз ұғым. Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануыныңөзі — халқымыздың тәуелсіздік үшін күрес тарихындағы айрықша оқиға, аса маңызды қадам еді. Оны жүзеге асыру жолында халқымыздың көрнекті қайраткерлері, көптеген адал перзенттері тер төгіп, қызмет қылды. Сондықтан бұл тарихи күнді біз ешқашан ұмытпай, әсіресе кейінгі жас ұрпақтың мерей тұтып, мақтан ететін қымбат құндылығына айналдыруымыз керек.

Бұл күнді біз салтанатты шаралармен атап өтіп қана қоймай, халқымыздың ең үлкен бақыты — тәуелсіздігін сақтау, нығайту жолында әрқайсысымыздың жауапкершілігіміз бар екенін де терең сезіне түсуіміз қажет деп ойлаймын. Біздің күшіміз — бірлікте. Бұл күн қоғамның ынтымақ-бірлігін арттыра түсетін мерекеге айналуы керек.

Баршаңызға мереке құтты болсын! Аспанымыз ашық болып, Отанымыз құт-берекеге тола бергей!

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button