Мереке

Жаңғырған мереке

25 қазан — Республика күні

Биылдан бастап елімізде 25 қазан — Республика күні атап өтіледі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйекте өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында мәлімдеген болатын. Мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін айтқан Мемлекет басшысы бұл күнді Ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы Заңға қол қойды.

Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сон­дықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қа­зақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы болатын. Рес­публика күні елдің мемлекет құру жолын­дағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік ме­реке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырла­рымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткенге оралсақ, бұл мереке елімізде 2009 жылға дейін тойланып келген болатын. Сол жылы Заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

25 қазанда қандай оқиға болды?

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат қабылданған соң мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бірақ бұл құжат еліміздің  Кеңес Одағы құрамынан толық шығады дегенді білдірмеді, әйтсе де, декларация еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды.

Осылайша Республика күнін тойлау үрдісі 1992 жылдан басталды. Алайда мейрам мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген еді. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

Бұл күнді шет елдер қалай тойлайды? 

Республика күні, әуелде айтып өткеніміздей әлемнің көптеген елінде ұлттық мереке ретінде тойланады. Ал күнтізбеде ерекшеленген  бұл күндердің тарихы әр елде әртүрлі.

Мәселен, 11 қаңтар Албанияда «Албания Республикасы күні» тойланады. Мереке 1946 жылдан бастап фашистердің орнына келген коммунистік режим Албания Халық Республикасы болып жарияланған кезден атап өтіледі.

Ал Пәкістан Ислам Республикасының күні 23 наурызға белгіленген, бұл мейрам 1940 жылы Лахор қарарының қабылдануымен тікелей байланысты.

1950 жылғы 26 қаңтардан Үндістанда «Үндістан Республикасының күні» тойланады.

31 мамыр – Оңтүстік Африка күні елде 1910 жылы Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған күнге байланысты атап өтіледі. Оған қоса 1961 жылы сол күні Оңтүстік Африка Республикасының Мемлекеттік Президенті лауазымы енгізілді.

«Италия Республикасы күні» (Festa della Repubblica italiana) – 2000 жылғы 20 қарашада Италия Президенті қол қойған заңға сәйкес белгіленген мемлекеттік мереке. Бұл датаны тойлау 1946 жылғы 2 маусымда өткен референдумда қабылданған тарихи шешімдерге негізделген.

Мерекені ел тарихынан ерекше орын алатын тұлғаларға байланысты да бекіткен елдер де бар. Мысалы, 17 маусым –«Исландия Республикасының күні» Исландияның Тәуелсіздік қозғалысына үлес қосқан елдің ұлттық батыры Йон Сигурдссонның туған күнінде атап өтіледі. Ал 1 қазандағы «Қытай Халық Республикасының құрылу күні» елде бес күн бойы атап өтіледі. Бұл күндері Қытай астанасының басты көшелері мен алаңдары сан мыңдаған гүл композициясымен безендіріледі, одан бөлек әскери шерулер, концерттер, викториналар, шерулер, үлкен салюттер — мұның бәрі Республика күнінің ажырамас атрибутына айналған.

Түркияда 1923 жылғы 29 қазанда мемлекет конституциясына түзетулер енгізіліп, ел «республика» деп жарияланды. Бұл оқиға Осман империясының түпкілікті ыдырауына әкелді. «Республика күнінде» мұнда да түрлі-түсті феерикалық шоулар ұйымдастырылады, әскери шерулер өтеді.

Әзірбайжанның республика күні 1918 жылдан бастап 28 мамырда тойланады. Бұл күні Әзірбайжан Демократиялық Республикасы құрылған. Армения да республика күнін тура осы күн, осы жылдан бері атап өтіп келеді.

Ал Ресейде бұл мерекені әр республика әртүрлі уақытта тойлайды және басты мереке саналады. 3 шілде – Беларусь Республикасының күні, бұл сондай-ақ «Беларуссияны азат ету күні», «Тәуелсіздік күні» деп те аталады. Бұл дата Ұлы Отан соғысы кезінде ел аумағының неміс басқыншыларынан азат етілген уақыты ретінде тарихқа енген. Мерекені осы күні тойлау туралы шешім 1996 жылғы референдумда қабылданған.

Р.S. Сонымен еліміздегі ұлттық және мемлекеттік маңызы бар мерекелердің саны онға жетті. Биылдан бастап 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілді.

Биыл Республика күніне орай қазақстандықтар 23-25 қазан аралығында үш күн демалады.

 Интернет материалдары бойынша әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button