Басты жаңалықтарТарих

Батыр есімі ұмытылмайды

Есет батыр Көкіұлы — 355

Биылғы қазан айының 7-9 күндерінде Ақтөбе жұрты Есет батыр Көкіұлының 355 жылдық мерейтойын атап өтеді.Мерейтой аясында республикалық айтыс өткізу жоспарланған.

Қазақтың ескі тарихындағы ең қастерлі тұлға — ел қорғаған батыр. Батыр атағы ешқашан әкеден балаға мұра ретінде берілмеген, ондай атаққа тек жеке ерлігімен ғана жеткен.

Дегенмен «Ерулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» (Махамбет) ерлердің ісі бітпеген жаугершілік заманда Ұлы далада әр буын, әр ұрпағынан батыр шыққан әулеттер болды. Тама Есет батыр Көкіұлы — сондай әулеттен шыққан тұлға.

Тарихшылардың айтуынша, Есет батыр Қазақ хандығының әйгілі қараша-бегі Шора Нәрікұлынан тарайды. Шора Нәрікұлы көптеген түркі халықтарының арасында тараған «Шора батыр» жырының бас кейіпкері саналады.Ал әкесі Көкі батыр 1643 жылдың жазында өткен әйгілі Орбұлақ шайқасында ерлік көрсеткен.

Есет батырдың өзі қазақ тарихындағы ең күрделі кезеңде күрделі ғұмыр кешті.  ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ даласы жан-жақтан анталаған басқыншылардың ортасында еді. Осындай қиын кезеңде Есет батыр күрескер билеуші — Әбілқайыр ханның жанынан табылып, сан рет қол бастап, айқасқа кірген.

Есет батыр — Ұлы дала халқының мәңгілік мақтанышына айналған тұлға. Ақтөбе жұрты 1992 жылы Есет батырдың 325 жылдық мерейтойын атап өтті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 8-9 айдың ішінде ұйымдастырылған бұл тойды ақтөбеліктер азаттықтыңақ таңына балағандай, асқан қуанышпен, дүркірете өткізген еді. Одан беріде де Есет батыр есімін ұрпақтар жадында өшпестей қалдыру үшін көптеген шаралар ұйымдастырылды. Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Есет батыр мемориалды кешені жалпыұлттық киелі орынға айналды.

Есет батыр Көкіұлының 355 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен оның мемориалды кешеніне дейін жол салынып, асфальт төселді. Ұзындығы 4,1 шақырым болатын жолды «SineMidasStroy» БК» ЖШС демеушілік көмекпен, яғни өз қаражатымен салып берді.

«Ел ұмытпас өзіңдей батырларды» деген атпен ұйымдастырылғалы отырған мерейтойлық шаралар 7 қазанда Есет батырдың Ақтөбедегі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталмақ.

Осы күні Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының рөлі, қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» деген атпен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған белгілі тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, ескерткіштанушы мамандар қатысады.

Сондай-ақ той аясында Бестамақ ауылында еркін күрестен 2008-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің финалы өтеді.

Негізгі шараларды 8 қазанда Алға ауданының Бестамақ ауылында өткізу жоспарланған. Мұнда Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры артистерінің, басқа да өнер ұжымдарының күшімен театрландырылған көрініс қойылып, салтанатты жиын өтеді. Салтанатты шараға облыс басшылары, Есет батыр Көкіұлы ұрпақтары, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады. Жиын соңынан көпшілікке мерекелік концерт ұсынылады.

Осы күні ұлттық спорттық ойын түрлерінен, атап айтқанда көкпар, қазақша күрес, арқан тарту, асық, ләңгі және қол күрестен жарыстар өтеді. Сонымен бірге аламан бәйге және тай жарыс ұйымдастырылады.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай, мерейтой аясында республикалық айтыс өткізу де жоспарланған. Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған «Еркіндік қыраны, шарықта!» атты республикалық айтысқа 16 ақын қатысады. Олардың арасында Абай облысынан Рүстем Қайыртай, алматылық Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Біржан Байтуов, т.б. белгілі айтыскерлер бар. Өз өңірімізден Марат Ахметов, Ершат Қайболдин, Жұлдыз Қожабекова, Жәнібек Бейбітов, Айболат Көшкінбаев, Нұрбол Жауынбаев сынды ақындар өнер көрсетпек. Қазылар алқасына Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық етеді.

Айтыс 8-9 қазан күндері Студенттер сарайында өтеді. Алғашқы күні айтыс сағат 16.00-де басталады және кіру тегін болады.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button