Билік

Әкімнің қолынан пәтер кілтін алды

Жұма күні облыс әкімі Елеусін Сағындықов сегіз адамға пәтер кілтін тапсырды. Баспаналы болғандар арасында біздің әріптестеріміз — «Ақтөбе» газетінің шолушысы Мейрамгүл Сатаева мен «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Мәлика Түгелова бар.

— Еңбегімен, талантымен елге үлкен пайда келтіретін адамдарға баспана мәселесі бойынша көмектесуге әрдайым әзірміз. Бұл жолы пәтерлер «Емшан» және «Ақтөбе-центр» компанияларының демеушілік көмегі арқылы берілгелі отыр, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі пәтер кілтін алдымен жетім балаларға тапсырды. Ата-анасыз қалған Қарабасовтардың үлкені Миржан — 18 жаста — көлік және коммуникация колледжінің студенті болса, ал Серік пен Валентина — мектеп оқушылары. Бұл балаларға екі бөлмелі пәтер бұйырды.

— Біз Қарабасовтарға оқуларын жалғастыруға, басқа да мәселелер бойынша әлі де көмектесетін боламыз, — деді Елеусін Наурызбайұлы.

Ал Алға балалар үйінің 11-сынып оқушысы Артем Ходырев бір бөлмелі пәтерге өзінің қазақ тіліне деген ықыласының арқасында қол жеткізіп отыр.

Бұл күні баспаналы болу бақытына ие болғандар арасында көп балалы ана Маржан Қарауылбекова да бар.

— Мен 12 бала тәрбиелеп өсірдім. Бүгінде шөбере сүйіп отырмын. 35 жыл бойы Қарабұтақта балабақшада жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл өмірімді бала тәрбиесіне арнаған адаммын. Соңғы жылдары түрлі қиындықтарға байланысты балаларыма, Ақтөбе қаласына көшіп келген едім. Баспана мәселесінен көп қиындық көрдік. Жатақхананың бір бөлмесінде 16 адам тұрған кезіміз болды. Сондықтан да баспанаға қол жеткізу мен үшін — үлкен бақыт. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа айтар алғысым шексіз. Ел басқарып отырған азаматтар көп балалы аналарды әрдайым назарда ұстап, қолдарынан келгенше қамқорлық жасап отырса, ол — қоғамдағы әділеттіліктің көрінісі, — дейді ардақты ана.

Сонымен бірге облысымыздағы түрлі басылымдарда істейтін журналистерге, жоғарыда айтқанымыздай, Мейрамгүл Сатаеваға, Мәлика Түгеловаға және «Керек инфо» газетінің тілшісі Айдос Шөкішке, «Табын» және «Жұлдыздармен жүздесу» газеттерінің редакторлары Ерсайын Ахметов пен Мұсағали Тасқалиевтерге пәтер кілті берілді. Баспаналы болғандар қуаныш үстінде облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге естелік суретке түсті.

И.ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button