Басты жаңалықтар

Шекара ерекше бақылауда

Ресейдегі жағдайға байланысты Қазақстанға келгісі келетін көрші ел азаматтарының саны күрт артып отыр. Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы 7 жарым мың шақырымнан асады. Әзірге қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені туралы нақты мәлімет жоқ. Көші-қон қызметінің хабарлауынша жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 1 660 000 адам кірген, сондай-ақ елімізден 1640 000 адам шыққан.

Осы жағдайға байланысты шекараны жабуға үндегендер де болды, керісінше, жан бағып, бас сауғалаған жұртты қолдайық дегендер де табылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында біздің елге кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын, орнатылған 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Сондай-ақ хабарламада адамдар мен көліктер ағынының ұлғаюына байланысты, төрт пунктте кептеліс бары, жалпы ахуал ерекше бақылауда екені жазылған.

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы кедендік шекара жоқ екені ескеріліп, екі ел арасындағы шекара ерекше бақылауға алынған. Қазақстан Көші-қон заңдарына сәйкес, Ресей азаматтары Қазақстан аумағында 90 күн бола алады, содан кейін олар елден кетуге немесе уақытша тұруға рұқсат алуға тиіс. Егер үш айдан ұзақ мерзімге қалғысы келсе, еңбек шарты немесе емделу секілді алты негіз бойынша растайтын құжаттары болуы немесе ықтиярхаты болуы міндетті. Егер ондайлар болмаса, олар елден шығуға немесе соттың мәжбүрлеп шығарып жіберуіне жатады.

Қазақстан халықаралық құқық пен шарттық міндеттемелерді ұстанады.  Келушілердің мәртебесі қолданыстағы заңнамамен реттеледі. Мемлекет оның сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік желілерде қандай видеолар немесе қауесеттер таралып жатса да, тек ресми ақпарат көздеріне сену керек. Билік көші-қон ағындарын қатаң бақылап отыр.

Кеше Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматтарының елге кіру және болу тәртібі туралы түсініктеме берді. «Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр және жағдайды тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп отыр. Бұл ретте кез келген шетел азаматтарының Қазақстан аумағында мерзімсіз болуға құқығы жоқ, олар еліміздің көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қажет. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды және біздің іс-әрекеттеріміз осы қағидаттардан туындауы тиіс екенін атап өтеміз. Сондықтан қолданыстағы шарттар сақталуы тиіс және ықтимал құқық бұзушылықтарды әкімшілік тәртіппен тоқтату керек. Мемлекетте ұлттық мүдделерді қорғаудың тетіктері жеткілікті, бұл орайда, ұлттық мүдде бәрінен де жоғары. Айналамызда болып жатқан кез келген күрделі геосаяси жағдайда біз ұлттық қауіпсіздіктің басымдығына сүйенетін боламыз. Әлемде орын алған құбылмалы ахуал біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы үшін сынақ болып отыр. Сонымен бірге халқымызға тән адамгершілік қасиеттер белгілі бір моральдық ережелерді сақтауды талап етеді. Азаматтарымыз өзіндік даналығын көрсетіп, қонақжайлылық дәстүріне берік болады деп сенеміз», — делінген мәлімдемеде.

Біздің шекарашыларымызға сенімсіздік білдіруімізге де еш негіз жоқ. Олар тек жарғы аясында ғана емес, сонымен қатар Отанның ұлттық мүдделері аясында әрекет ете отырып, міндеттерін лайықты атқарады. Мәселен, кейбіреулер шекараны жабуға шақырып отыр, бірақ бұл біздің азаматтарымыздың экономикалық әл-ауқаты мен азық-түлікпен қамтамасыз етілуі тұрғысынан кері реакцияға әкелуі мүмкін. Қазақстан Ресейден тауарлар мен азық-түліктің үлкен көлемін импорттайтыны белгілі. Мұндай ойластырылмаған шешім бүкіл шекара маңы саудасын бұзуы ықтимал, жаппай тұтыну тауарларының көптеген түрлерінің тапшылығы мен қымбаттауына әкеледі. Мәселені шешуге объективті қарау және құзыретті мемлекеттік органдардың кәсібилігіне сүйену маңызды.

Біз жұмыс істейтін институттары бар құқықтық мемлекетте тұрамыз. Тыныштықты сақтау керек: шекараны заңсыз кесіп өтуге, елде тіркеуге құжаттарды тапсыру регламентін бұзуға байланысты кез келген жағдайдың жолы Қазақстан заңнамасына сәйкес кесіледі. Еліміздің Шекара қызметі штаттық режимде жұмыс істейтінін түсіну керек, шекарада төтенше жағдай жоқ. Заңнаманың және белгіленген регламенттердің сақталуына уәкілетті органдар тұрақты бақылау жүргізіп отыр.

 А.ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button