Басты жаңалықтар

Берекелі жылдың берері мол

Облыста егін ору науқаны қарқынды жүргізілуде. Биылғы егін шығымы жақсы. Ауарайы да қолайлы болып тұр. Бұйырса, енді бір аптаның ішінде күздік жиын-терін науқаны толығымен аяқталады. 368 мың гектар дәнді дақыл, 89 мың гектар майлы дақыл, 12 мың гектар көкөніс және бақша өнімдерін жинау жоспары орындалады.

Бұл мәліметтерді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтан білдік.

Қамбаға астық толған жыл

Аудандар бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі Қарғалы және Мәртөк аудандарында — 18,0 центнер, Алға ауданында — 17,6 центнер, Хромтау ауданында — 15,6 центнер, Ақтөбе қаласында— 10,9 центнер, Әйтеке би ауданында 9,6 центнерді құрайды. Қобда, Темір, Ойыл аудандарында егін жинау жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда 452 мың тонна астық жиналды. Бидайдан 225 мың гектар, арпадан 69 мың гектар, сұлыдан 700 гектар, тарыдан 303 гектардан өнім алынды.

— Ішкі нарықты биылғы өніммен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Бидай өнімдері жеткілікті. 13 қыркүйектен бастап дәнді дақылдарды шетелге экспорттауға рұқсат алдық. Сондықтан егін ору жұмысы аяқталғаннан соң, 39 мың тонна астық Түркия, Әзірбайжан, Ауғанстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттерге экспортталады.

Күзгі жиын-терінді шаруалар ойдағыдай өткізіп жатыр. Егін алқабына 800 комбайн, 1400 трактор, 600-ден астам жүк көлігі шықты. Биылғы егін көлемі — 490 мың тонна шамасында, — дейді Нұрбек Райымбаев.

Ауа райы қолайлы болса, енді бір аптада күзгі егін жинау науқаны аяқталады. Мәселен, Мәртөк ауданы қамбаға астықты тасып жатыр. Байторысай, Қызылжар, Хазірет ауылдық округтерінде биылғы несібені шашпай-төкпей жинап алу үшін тынымсыз еңбектенуде. Шаруашылықтар осы жылы жақсы өнім алды. Ауа райы құбылып, кедергі келтірмесе, барлық егіс алқаптарында жиын-терін науқаны қыркүйек айының аяғында толығымен аяқталады.

Аудандық әкімдіктің хабарлауынша, көктемде 63 мың гектар жерге дәнді дақыл, 17 мың гектарға майлы дақыл, 37 мың гектарға мал азығы себілген болатын.
Сондай-ақ аудан шаруалары 1930 гектар жерге бау-бақша екті. Бидайдан орташа өнімділік гектарына шамамен 17,8 центнерді құрайды. Мал азығы дақылдарына келетін болсақ, қазіргі уақытта 33 мың гектардан өнім алынды.

Суармалы жерлер көбейеді

Шаруалар үшін басты кедергі — зиянкестер. Олардың ішінде шалғын көбелегі егіннің шығымынақатты әсер етті. Дәнді дақылдармен қоректенетіндіктен, олардан келер қауіп жоғары. Мемлекеттік бюджеттен шалғын көбелегін улауға  қаражат бөлінбеген. Келіп түскен шағымдардан соң шалғын көбелегімен күреске қаражат бөлу мәселесі оңтайлы шешімін тауыпты.

Алдағы уақытта суармалы алқаптың та едәуір ұлғаятын түрі бар. Қолдан суару жүйесі іске қосылса, көктен жаңбыр тілеп отырмайсың.

— 30,2 мың гектар суармалы алқап бар. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа суармалы алқапты кеңейту жұмыстары жүргізіліп келеді. Құрылыс монтаждау жұмыстары Қобда, Ойыл, Мәртөк аудандарында аяқталып, суармалы егіс алқабы кеңейтілді. Шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен 3500 гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Электр желілерін тарту, суармалы жерді кеңейту мақсатында нақты жоспар орындалды. Суармалы алқапты 86 пайызға дейін ұлғайтуды келесі жылдың жоспарына енгізіп, сол бойыншамамандарымыз инфрақұрылымдық жұмыс жасауда, — дейді бөлім басшысы.

Маман тапшы

Ауыл шаруашылығының басты мәселесі — кадр тапшылығы.Механизатор, малшы, техник мамандары жетпіспейді екен. Еңбегіне қарай ақы төленбегендіктен жас мамандар бұл саладан қашады. Себебі айлық өте аз.

— Жуырда ғана аудандардан келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, жылыжайларда қызанақ жинайтын маман жоқ. Мемлекеттік оқу гранттарын көбейтіп, ауыл шаруашылығына мән бермесек, кадр мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселеніңбірі болып қала берері сөзсіз, — дейді Нұрбек Райымбаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, егіске 11 мың тонна арзандатылған  дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтарға  жіберу бағасы  — 191 теңге, нарықтағы бағадан 25 пайызға арзан. Өнімді сақтау, қабылдау үшін облыста  7 лицензияланған астық сақтау кәсіпорны бар. Астық сақтау кәсіпорындары толықтай қажеттіліктерді қамтамамасыз етеді. Дақылдарды жинау штаттық режимде жүргізілуде.

Биыл өсімдік шаруашылығына 1,6 миллиард теңге қаражат бөлініпті. Тұқым сатып алуға 480 миллион теңге, зиянкес жәндіктерді улауға 402 миллион теңге, минералды тыңайтқыштарға сатып алған дәрмектердің бір бөлігін өтеу үшін 323 миллион теңге пайдаланылды. Тапсырылған өнімнің бір бөлігін өтеу үшін 320 миллион теңге игерілді. Барлығы 1,6 миллиард теңге.  Егін ору науқанына бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалуда,— дейді Нұрбек Райымбаев.

Диқан қауымының көңілі көтеріңкі. Енді маңдай термен жиған өнімі лайықты бағаға өтуін тілеп отыр. Берекелі жылдың өнімі ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етеді екен. Енді ол шарықтаған бағадан онсыз да қиналып жүрген қарапайым халықтың қалтасына ауыр тимейтіндей бағада саудалануын да ұмытпау керек.

Маман пікірі

Амангелді Шоқпаров,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, агроном:

Еңбекке шыдап, қажымай қызмет етсеңіз, одан асқан бақыт жоқ. Кезінде азғантай айлықтың өзіне қанағат етіп, енді соның жемісін көріп отырмын. Облысымызда қуаңшылық болған сәттердің де куәгері болдым. Себебі ол кездерде ылғал көлемі аз болатын. Жауын-шашын көп жаумағандықтан, қиыншылықпен бетпе-бет келдік. Өзім агроном болғандықтан, бұл саланың «отымен кіріп, күлімен шыққан» жанмын. Қазіргі жас мамандардың бұл саладан неге қашатынына таңмын. Жаңа технологиялар дамыған заманда бәрін бір түймемен шешуге болады. Кезінде біз жер жыртып, егін алқаптарын орып, техника тапшылығын да сезінген жандармыз. Сондықтан болашақ агрономдарға айтарым, ауыл шаруашылығы саласына келіңіздер. Жігерлі еңбек пен табыстың көзі ауыл шаруашылығы мамандарының жігерлі еңбегінде деп есептеймін.

Диқан не дейді?

СержанШАЙМАҒАМБЕТОВ,

«Бақытты Бағдат» шаруа  қожалығының иесі:

— 2004 жылы шаруа қожалығын аштым. Осы жылы 1200 гектар алқапқа дәнді дақыл, оның ішінде 800 гектарға бидай, 400 гектарға арпа өнімдері егілді. Биыл ауыл шаруашылығы үшін қолайлы жыл болды. Ылғалдың жеткілікті мөлшері өз жемісін берді. Қазіргі уақытта арпа жинау аяқталды. Бидай ору әлі де жалғасып жатыр. Біздің шаруаларымыз үшін барлық жағдай жасалған. Техника паркі жаңартылып, «Джон Дир» маркалы комбайн сатып алынды. Жаңа техниканың арқасында дәнді дақылдар ысырапсыз жиналып, қамбамыз астыққа толғалы тұр.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button