Басты жаңалықтарМәдениет

Жаңа маусымда ұсынылатын премьера — «Тар кезең»

28 қыркүйекте Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры жаңа маусымын «Темір нарком» тарихи драмасымен ашады.

Рахымжан Отарбаевтың «Темір нарком» тарихи драмасы бойынша қойылымның премьерасы (қоюшы режиссері — М.Хабибуллин) 2017 жылдың соңында өткен еді. Қазақ руханиятына, қазақ мәдениетіне ғасырларға, ұрпақтан-ұрпаққа жетерлік нәр жиып беріп кеткен асыл тұлға, туған топырағымыздың перзенті Темірбек Жүргеновтің тағдыры туралы туындының жаңа маусым репертуарына енуі, соның ішінде маусым шымылдығын ашуға таңдап алынуы көрермен үшін — үлкен қуаныш.

Жаңа маусымныңалдында театр ұжымының өткен маусымды табысты өткізгенін де айтқымыз келеді. Бұл мерзімде көрерменге үш премьера ұсынылды: қазақ труппасы Светқали Нұржанның «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын (қоюшы режиссері — Д.Базарқұлов) жәнеУильям Шекспирдің «ІІІ Ричард» трагедиясын(қоюшы режиссері — М.Хабибуллин), ал орыс труппасы Уильям Сароянның «Эй, кто-нибудь» (қоюшы режиссері — Ж.Қалқабеков) трагедиясын сахналады. Театр Астана, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында гастрольдік сапарда болып,«Ер Едіге» спектаклімен көрермендердің ықыласына бөленді.

Облыстық театр соңғы уақытта өз репертуарын тарихи драмалармен және классиктер шығармаларымен толықтыруға көбірек көңіл бөліп жүр. Алдағы маусымға әзірленіп жатқан премьералар да осыны аңғартады. Тамыз айының ортасында еңбек демалысынан келіп, жаңа маусымға қызу дайындыққа кіріскен ұжым осы күзде көрерменге Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романы(драмалық нұсқасы М.Хабибуллиндікі) бойыншатарихи драма және Н.Садур мен В.Виттихтыңорыс жазушысы Н. Гогольдің әйгілі «Өлі жандарының» ізімен жазылған, осы шығарма аттас фантасмагориясын ұсынады.

Жаңа маусымда көрермен театрымызға күрделі жөндеуден кейін келмек. Күрделі жөндеу барысында сахнаға дыбыс, жарық беруді реттейтін заманауи құрал-жабдықтар қойылды. Бұл, әрине, қойылымдар мазмұнын аша түсуге қосымша әсерін тигізетін болады. Премьераларға келсек, Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңін» режиссер Мейрам Хабибуллин қояды әрі оның драмалық нұсқасын әзірлеген де өзі. «Тар кезең» — халық тағдыры таразыға түскен қиын заманның, сол тұста елдікті, бірлікті сақтап қалуға күш салған, отарлаушылардың озбырлығына қарсы бас көтерген қазақтың батыр-билерінің, олардың көтерілісіне басшылық еткен Сырым Датұлы ерлігінің шежіресін шерткен шығарма. Бұл —Қазақстанның Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алған туындылардың бірі. Биыл Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толды. Бұл премьера — біздің осы мерейтойды лайықты атап өтуге қосқан үлесіміз. Қазан айында Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумыөтеді, «Тар кезеңнің» премьерасы да сол кезге жоспарланған. Ал «Өлі жандарды» көрермендер 30 қыркүйек күні көре алады, — дейді театр директорының міндетін атқарушы,  Мәдениет саласының үздігі Жандос Еспанбетов.

«Тар кезеңдегі» Сырым батыр рөлі актер Мейірбек Шәкеновке тапсырылыпты.

Театрдың орыс труппасы ұсынатын «Өлі жандарды» калининградтық режиссер Вячеслав Виттих қояды. Николай Гогольдің «Өлі жандары» — мистикалық әрі аяқталмаған туынды. Н.Садур мен В.Виттихтіңжазушының ой-қиялын фантасмагория жанры арқылы одан әрі қалай өрбіткенін көрермен көп ұзамай өзі көре алады.

Сонымен қатаркелесі жылы Ақтөбе театры есімін иеленіп отырған қазақтың классик жазушысы Тахауи Ахтановтың туғанына 100 жыл толады. Театр ұжымы осы мерейтойға дайындықты да естен шығармай, Жандос Еспанбетовтің айтуынша, жазушының «Боран» романы бойынша қойылым әзірлеуді көздеп отыр. Бұған дейін театр репертуарына Тахауи Ахтановтың «Ант», «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу», «Махаббат мұңы» сынды драмалық шығармалары енген еді. Оның ішінде «Махаббат мұңымен» көрермендер алдағы маусымда да қауышатын болады.

Айта кетейік, «Боран» да — Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған шығарма. Тахауи Ахтанов 1966 жылы «Дала сыры» повесімен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған еді. Кейін жазушы бұл повесті толықтырып, өңдеп, «Боран» романына айналдырды.

Ендеше, «Тар кезең» мен, оған қоса, жоспарланғандай, «Боранды» сахналай алған жағдайда, театрдың бұл маусымын ақтөбелік қаламгерлердің ең үздік шығармаларына арналған маусым деп қабылдауымызға әбден болады.

Театр ұжымы жаңа актерлермен де толығып отыр. Қазақ труппасына 14 жылғы үзілістен кейін актер Шынтас Омаров пен жас талант Арман Ахметов қосылса, орыс труппасына Станислав Бахмутов пен Дмитрий Тюнин есімді жас актерлер келді. Театр актерлерінің бірі Кемал Кеңесбаев қазір Алматыда «Қилы заман»(М.Әуезовтің туындысы бойынша) фильмінің түсірілімінде жүр. Оған Рахымбай болыстың рөлі тапсырылған. Бұған дейін біз театр актрисасы Айнагүл Өлмесекованың төрт фильмге түскені жөнінде де жазған едік. Бұл, әрине, Ахтанов театры актерлерінің шеберлігін бүкіл ел мойындап отырғанын көрсетеді.

Биыл Ахтанов театры балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған

І республикалық драматургия байқауын жариялаған болатын.Шартына сай, байқауға бұрын еш жерде шықпаған, театр сахнасында қойылмаған туындылар қабылданған. Мақсат — театр репертуарын балалар мен жасөспірімдерге арналған тың туындылармен байыту.

Бүгінгі күні байқауға 31 туынды түсті. Олар қазір үш сарапшы — драматургтерге тапсырылды. Байқаудың қорытындысы 4 қазанда шығады. Үздік танылған лайықты туындыларды біз өз репертуарымызға аламыз, — деді Жандос Еспанбетов.

Сондай-ақ қазір шығармашылық ұжым 23-25 қыркүйекте Оралда өтетін І республикалық моноспектакльдер фестиваліне қатысуға әзірленіп жатыр. Бұл өнер байқауы Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына және оның есімін иеленген Батыс Қазақстан облыстық драма театрының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Ахтанов театры фестивальға 2018 жылдың қарашасынан бері қойылып келе жатқан «Гамлет» моноспектаклімен (қоюшы режиссері — М.Хабибуллин) қатысады. Басты рөлде — Бағдат Телеуғалиев.

Біз облыстық театр ұжымына алдағы маусымда сәттіліктер тілейміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button