Басты жаңалықтар

Ақтөбе таза қалаға айналуы тиіс

«Ақтөбе — жасыл қалам жайнаған, Көркіңе, келбетіңе тоймағам…»
Осы әнге сөз жазған автор көрген кезде Ақтөбе құлпырып тұрды-ау, сірә?!

Бірақ Ақтөбенің қазіргі келбеті басқаша болып тұр. Олай деуімізге себеп бар.
Кезінде жасыл желекке оранған еліміздің батыс өңіріндегі ірі қала бүгінгі таңда көшесінде арамшөп қаулай өскен, шаң шаһарға айналды. Бұл қалада тұрғын үй маңындағы қоқыс төгетін алаңда тұрмыстық қалдықтардың апталап жиналмай қалатын кездері де болып тұрады.

Қала әкімі Асхат Шахаров шаһарды көгалдандыру, абаттандыру бағытында біраз жұмыстар жасап жатыр. Әлде де атқарылатын шаруалар көп.
Қала әкімінің айтуынша, биыл облыс орталығын абаттандыру мен көгалдандыруға бюджеттен 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал 2021 жылдан бастап мердігерлермен жасыл алқаптарды егу және оларды күтіп-баптау бойынша үш жылдық келісімшарт жасалыпты. Қала әкімі аталған келісімшарттың нәтижесінде мердігерлердің әкімдік алдындағы жауапкершілігі артып әрі жыл сайын мердігер іздеуге уақыт жоғалтпайтындарын айтады.
Қала аумағында тұрмыстық-қатты қалдықтарды шығарумен 3 кәсіпорын айналысады: «NEOPLUS», «CleanCityAktobe», «Таза Қарғалы».
— Қала тұрғындары ірі көлемдегі қалдықтарды арнайы контейнерлерге заңсыз төгеді. Бұл мәселені шешу үшін жыл соңына дейін полиция департаментінің ақпараттық жүйесіне біріктірілген 180 контейнерлік алаңға бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Әзірше бұл мәселе бюджет қаражаты есебінен шешілуде. Ал қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау бойынша әкімдік пен «РОП» операторы арасында Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында SABO S.A. компаниясы қалдықтарды сұрыптауға арналған желіні жеткізді.
Қалдықтарды сұрыптау кешенінің қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды. Қалдықтарды бөлек жинау үшін 1443 контейнер алу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 681 контейнер жеткізілді, оның 305-і орнатылды. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған қалдықтарды жою
жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі, — деді.
Жуырда облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласының дамуына қатысты жиын өтті.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, цифрландыру бағытындағы «Ақылды қала» жобасының жүзеге асырылуы, қаланың урбанистикалық жаңғыртылуы секілді
өзекті мәселелер қаралған жиын барысын да өңір басшысы бірқатар олқылықтар мен
кемшіліктерді баса айтып, қала әкімі Асхат Шахаровқа нақты атқаруға тиіс жұмыстарды көрсетіп берген болатын. Аталған жиында Ералы Тоғжанов қала тазалығына басты
назар аударуды тапсырды.
— Қала тұрғындарының саны күн санап көбейіп келеді. Облыстың 70 пайызға жуығы осында тұрады. Қаламыз таза, сәулетіне көркі сай болуға тиіс. Мұнда тұратын әрбір қала тұрғыны, меншік нысанына қарамастан, барлық мекеме басшылары, ұжымдар сенбілік жұмыстарына
шығып, аумақтарын тазалауға міндетті.
Тазалық бар жерде құт болады. Шашылып жатқан жерде ешқандай ырыс болмайды.
Сондықтан барлық Ақтөбе жұртын екі айлық тазалық науқанына белсенді түрде қатысуға шақырамын, — деген облыс әкімі жұртшылықпен бірге тазалық жұмыстарына қатысты.
17 қыркүйекте басталған тазалық науқаны 17 қарашаға дейін жалғасады. Барлық мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындарға нақты учаскелер бекітілді.
Өткен сенбіде аталған учаскелердің барлығы болмағанмен бірқатары қоқыстан тазарды. Облыс әкімінің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын бақылау мақсатында қаланы бір айналып шыққанбыз.

Сенбіде сенбілікке кім шықпады?
Облыс орталығындағы «Гелиос» жанар-жағармай құю станцияларының бірі де бұл жолғы сенбілікке үлесін қоспағанын бұған дейін де айтқан болатынбыз. Аталған жанар-жағармай құю бекеттерінің маңындағы қоқыстарды айтпағанда, қаулай өскен арамшөп кісінің беліне дейін жетеді. Сондай-ақ «КМК Мұнай» АҚ Ақтөбедегі офисінің маңы да қоқыс тастайтын алаңға айналған.

Бірақ сенбі күні аталған мекеменің маңында да қолына сыпырғыш пен тырмасын ұстаған адамдар байқалмады. Транспорттық бақылау инспекциясының ғимараты маңы, Тургенев көшесіндегі «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесі, Ақтөбе металл құрастыру зауытының аймағы бұл сенбіде қоқыстан тазартылмады. Бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында қаралып, жарияланған жалпы облыстық сенбілікке қарамастан, өз аумағын және айналасын жинамаған бірқатар компанияға ескерту берілді.
Осыдан кейін қала әкімдігі сенбілікке 150 мекеме-кәсіпорын басшыларын шақырып, шұғыл жиын өткізді. Оларға қатаң жаза қолданылатыны ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке шықпаған мекемелердің қатарында мектептер де бар. Олардың өздерін ақтап алатын сылтаулары да дайын. Оқушыны сенбілікке шығаруға мұғалімнің қақысы жоқ, ал апайының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы бар. Баланы тәрбие мен еңбекке баулудың ошағы,
қаламыздағы білім ордаларының қызметкерлері мен оқушыларының өздері оқитын мектеп ауласының тазалығына не себепті үлес қосуға шықпағанын қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаевадан сұраған едік. Телефонды көтере сала: «Оқушы түгіл, мұғалімді де сенбілікке шығаруға қақымыз жоқ», — деп әңгімесін бастаған бөлім басшысы, кейін айтқан сөздерін жуып-шайып: «Біздің мұғалімдер «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып тұрады, бескүндік жұмыс режимінде болған соң кейбір балабақша мен мектептер өз аумақтарын сенбіде емес, жұма күні тазалап кетті, — деді.
Бөлім басшысының сөзін нақтылаумақсатында бірнеше мұғалімге қоңырау шалып, мән-жайды сұрадық. Жауабы, иә, өздеріңіз ойлағандай, ұстаздар қауымы бұл жолғы сенбілікке үлесін қоспаған болып шықты.
Мұғалімдердің айтуынша, бүгінгі таңда оқушылар арасында сенбілік ұйымдастыруға рұқсат жоқ. Неге? Жастайынан өзі әріп танып, үлкен өмірге қанат қақтыратын алтын ұясының маңын қоқыстан тазалағанда тұрған не бар? Бұл сұрақтарымызға өздері де сенбілікке шықпаған мұғалімдеріміздің жауап бере алмайтынын білген соң Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері
Маржан Бақтыгерееваға қоңырау шалып, пікірін білмек болдық. Қырық жылдан астам ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз:
— Ол кезде мұғалім де, ата-ана да патриот болды. Сіздің айтып отырғаныңыз отаншылдық ұғымымен байланысты дүние. Бұрын сенбіліктер мереке секілді өтетін. Бала кезімізде мектеп
айналасын жинауға барарда бауырларымызбен үйдегі сыпыртқы мен күрекке таласып қалатынбыз.

Өйткені әрқайсысымыз өз сыныбымызбен бірге тазалық мерекесіне үлес қосқымыз келіп тұратын. Ал қазір заман өзгерді. Жоғарыда аталған қасиет мұғалімде болғанымен, ата-анада азайып кетті. Ал ата-анасының бойында 30-40 пайыз болып қалған отаншылдық қасиетті, оның баласының
бойынан таба алмайтынымыз сізге де, бізге де түсінікті. Қоғамның бұлай өзгеруіне, меніңше, интернет үлкен кесірін тигізген секілді. Мүмкін, басқа да себептері болар.
Жаңа оқу жылы енді басталып жатыр, ұстаздар қауымы қапылыс үстінде жүрген болар. Сондықтан алдағы уақытта әріптестерімнің қала тазалығына үлесқосарына сенімдімін. Ал оқушылардың ұстаздарымен бірге сенбілікке шығару мәселесі тағы бір қаралу керек сияқты.
Өйткені сенбілікке шығып, мектеп айналасын қоқыстан тазартқан бала жаман болмайды, — деді.

Тазартылмайтын көше
Сенбі күні әріптесім Олег Кошевой мен Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысында сенбіліктің иісі де сезілмегенін айтты.
«Олег Кошевой көшесі өте лас, шашылған қағаз, пакет, әр жерде үйіліп жатқан баклашка, шыны қалдықтары.
Қоқыс төгетін контейнердің жаны тұрмыстық техника мен жиһаздардың қирандысына толып тұр. Тұрғындар бұл көшені ешкім тазартпайтынын айтады. Ал сол істі не себепті тұрғындарының өздеріне жасамасқа? Әрі кеткенде 1-2 сағат қана уақыты кетер. Қайта өздері тынығып, балалары ойнайтын алаң бір жаңарып қалмай ма?» — дейді.
Расымен, қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан масылдық сана барда біздің әріге баруымыз екіталай. Әкім мен әкімдік жаққа қарап «кім келіп үйімнің айналасын жинап береді» деп отыра берсек, жетісерміз.

Соңғы уақытта аяғыңды аттап бассаң, көшелердегі кісінің тізесіне дейін жететін қаулап өскен шөптерді көзіңіз шалады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов зерттеу нәтижесінде қала аумағында өсетін арамшөптің төрт түрі адам денсаулығына әсер ететіні анықталғанын айтты.

Ол шөптер маусымдық аллергия тудырады. Ал облыста аллергиясы бар 10246 адам тұрады.
Жаз шықса, сасық иіске тұншығып, көктемде көшесінде еріген қар суын кешіп,
қыс айларында ойылмаған мұзына тайып құлап жатсақ та, құтты мекенге деген
құрметіміз ерекше және барлығының да сүйікті қаламызға сондай мейіріммен
қарағанын қалаймыз.

Қаланың тазалығы өзімізден басталады. Барлығымыз бірге Ақтөбені әдемі және таза қалаға айналдырайық!

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button