Басты жаңалықтар

Біз көрген Британия

Тарихымен де, табиғатымен де тамсандыратын ағылшын елінде болу талай адамның арманы. Әлемге әйгілі тарихи жәдігерлердің отанында әріптесіміз Зәуреш Басығараева болып келіпті. Тұманды Альбионның кереметтерін Зәурештің көзімен аралап көріңіз.

«Атың барда, ел таны желіп жүріп, асың барда жер таны беріп жүріп» дейтін аталы сөздің  жетегінде Ұлыбритания еліне сапарлап қайттық.«Көрмегенге көсеу таң»  деген, Еуропаға «терезе» ашуым алғаш рет болғасын ба, жақсы әсер алдым. 

Бастау

Біз мінген әуе кемесі Алатаудың баурайынан  он мың метр биіктікке лезде көтеріліп,батысқа қарай бағыт алды.Көкте шүйкедей де бұлт жоқ, шаңқай түс, төменде жазиралы кең байтақ сайын дала. Ресей-Украина қақтығысы әуе бағыттарына да әсер еткен. Бұрын тіке тартып 5-6 сағатта жетіп баратын тұманды Альбионға енді Ақтау-Әзірбайжан-Түркия арқылы айналып ұшатын болғанбыз. Алматыдан шыққанда ұшақ салонының әр жерінде селдіреген жолаушылардың бірсыпырасы Ақтаудан түскенде: «5-6 адам үшін мына әйдік ұшақ ит арқасы қиянға барады ма? Жанымда тіл білетінбір жан болмады-ау, қазір паспорттық бақылаудан өткенде қалай болар екен?», — деген «жәмән» ойлар қылаң бере бастады. Лондонға қарай кететін транзиттік жолаушылар ұшақтан шықпай, қашан әуе кемесіне толық жанар-жағар май құйылғанша тырп етпей отыруы керек. Алдыңғы қатардың бірінде отырған екі балалы қазақ келіншектен жөн сұрассам, Британия азаматтығын алған, арғы тегі ақтөбелік, қазір ата-анасы Алматыда тұратын Әлия есімді сіңіліміз екен. Лондонда күтіп алатын қызыма жеткенше  паспорттық бақылау орындарындағы барлық ресми рәсімдерден бірге өтеміз деп көңілімді орнықтырып қойды.Соның арасынша салонға сау етіп бір қауым ақтаулық кіріп келе жатты.Үйдей ұшақ өзіміздің қандастармен аузы-мұрнынан шыға толды. «Е-е, бар екенбіз ғой!», — деп қоямын жан-жағыма марқая қарап. Сілтідей тынған тыныштық әп-сәтте абыр-дабыр әңгімеге, емен-жарқын күлкіге ауысып, абыр-сабыр тіршілік басталды да кетті. Әрі-беріден кейін бір жігіт шашақты домбырасын  қолға  алып салон ішін аралап ән шырқай бастады. Он мың метр биіктікте Еуропаны бетке алып  ұшып келе жатқан ұшақта емес, құдды бір құдалықта отырғандаймыз. Сөйтсек, бұл топ мүлде ақтаулықтар емес, бүкіл Қазақстаннан жиналған жүрек,бүйректеріне трансплантация жасатқан жандар болып шықты. Англияның Оксфорд қаласында өздері сияқты адамдардың арасында өтетін спорттың бірнеше түрлері  бойынша чемпионатқа қатысуға бара жатқан беті екен. Оны айтасыз, ұшағымыз әуежайға қонып, багаж алғанша күткен екі сағат бойы қазақтың домбырасы мен әні ағылшындардың әуежайының ішінде әуелеп тұрды.

Букингем сарайы

Лондонның Хитроу халықаралық әуежайынан шыққанда күн кешкіріп қалған еді. Біздің жақпен төрт-бес сағат айырмашылығы бар.Теледидардан көретін қызылала екі ярусты автобусқа отырған бойда кәрі Лондонның келбетін тамашалау басталды. Сағатты мұнара — БигБэн, Лондон-Тауэр, тәкаппар да паң Парламент үйі, тербелген Темза өзені… Мадам Тьюссо, Шерлок Холмс мұражайлары да назардан тыс қалмады.

Ал ең әсерлісі — кеше ғана  96 жасында дүниеден озған  Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның  Лондондағы ресми резиденциясы— Букингем сарайы. Әйел патшайымның таққа отырғанына 70 жыл толуына орай осы Сарай есігі келушілерге шектеулі кезеңге ашылған екен. Айналасы биік дуалмен, жоғары жағы жуан тікенекті сымдармен қоршалған,әлемдегі ең ауқымды сарайға жеткенше қапталындағы Грин паркінің өн бойын бойлай өтуге тура келді. Букингем сарайының  жалпы ауданы 20га, оның 17 гектары — бау-бақша. Ал ғимараттың өз ауданы 77 000 шаршы метр. 775 бөлме бар, оның 188-і— қызметшілер бөлмесі, 78-і— жуынатын,52-і – қонақ бөлме, 92-і — кеңсе, 19 бөлме ғана келушілерге ашық.Біз барғанда тек 14 бөлмесіне кіруге мүмкіндік болды.Букингем сарайында 700 қызметші жұмыс істейді екен, кірерде күлгін түсті адам бойындай бейнебақылаудан өттік. Сол жерде суретке, бейнекамераға түсіруге болмайтыны ескертілді. Әр елдің тілдік тетігі мен құлаққабы бар арнайы құрылғыны мойнымызға іліп жақсыны көрмекке деп топқа ілестім.

Сарай 1762 жылы Букингем герцогі үшін салынып, кейін  1837 жылдан бастап Британ монархтарының басты резиденциясы болып жарияланған.Содан бері қаншама король отырған тақ, олар тұтынған әсем жиһаздар, алтынмен апталып, күміспен қапталған көздің жауын алатын кең залдар, сыңғыры шақырымдық жерден естілетін хрусталь вазалар мен фарфор ыдыстар…Оның ішінде Жасыл бөлменің сәні — Наполеон тұтынған севр фарфорының коллекциясы да бар. Рубенс, Рембранд, Каналетто тәрізді қылқалам шеберлерінің туындылары ілінген аумағы атшаптырым  картина галлереясы…Салтанатты асхана қызыл түспен әрленген болса, Ақ бөлме алтынмен әшекейленген.Осы  залдың биік айналарының бірі құпия есік түрінде жасалған, жартылай ашық тұрғанын да көрдік, әлгінде ғана әйел патша шығып кеткен сыңайлы.

Әйгілі  Тақ залында ресми фотосессиялар өтеді. Осында Елизавета патшайымның ресми қабылдаулары, түрлі марапаттаулар, герцог, лорд титулдарына өткізудің салтанаты да болып тұрған екен. Оны растайтын бірнеше фотосурет залдың орта тұсындағы үстелдерде «мен мұндалайды». Елизавета 1952 жылы таққа отырған кезде басына киген диадемасынан бастап бүгінге дейін киген тәждері әйнек қораптарға қойылған. Саф таза бриллиант, гауһарлардың  шұғылалы сәулелері көз арбайды. Ал көлемі жағынан өзгелерден ерекше Бал залы патшайымның арнайы шақыртуымен жиналғандармен салтанантты жиындар мен мерекелік шаралар өткізілетін орын. Төменгі қабатта Букингем сарайының барлық нышандарын айғақтайтын түрлі бұйымдар, сувенирлер сататын дүкен ашып қойған.

Оксфорд және Магдален

Англиядағы екінші күнім Оксфорд қаласына арналды.Білім қуған жастардың топ жарғандары Оксфорд университетіне маңдай тірейтінін еститінбіз. Алғашқы экскурсияны 1096 жылы негізі қаланған осы оқу орнынан бастағанды жөн көрдік. Оксфорд Ұлыбританиядағы ең байырғы жеті оқу орындарының бірі және Британ аралдарындағы ең алғашқы университет. Бұл жерде әр кезеңде 70-тен аса  Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істеген. Біз барған кезде университеттің негізгі ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатты.Тек сырттай қарап өттік.

Оксфорд университеті шағын мемлекет сияқты, оның құрамына кіретін 38 колледж бар екен. Біз Магдален колледжінде ғана болдық. Аты колледж болғанымен, бұл Британиядағы ең ежелден келе жатқан деңгейі биік, құрметті білім ошағы екен. Академиялық қызметін 1458 жылы бастаған. Колледждің аумағын аралап келе жатып, бала кезімізде оқыған, орта ғасыр тарихы оқулығынан суреттерін көрген епископтардың, котолик шіркеулерінің заманы елестеп кеткендей болды. Ғимараттың бірнеше ғасырлық ғұмырына қарамастан, әлі күнге дейін қызмет жасап тұрғаны таң қалдырады. Адам қара аз болғасын ба, әлде еуропалық үлгідегі сары ала түсті  үйдей тастардан қаланған биік ғимараттардың мысы басты ма,  көненің күлімсі иісі шығатын үңірейген қараңғы түпкірлер үрей туғызады екен. Бір тұстардан сол заманғы епископтар атып шығып, «еретикті отқа жағыңдар!» деп тұра ұмтылатындай…  Оқу ғимараттарының жанында котолик шіркеуі тұр. Ол да бүгінге дейін қызметін тоқтатпаған ескінің көзі. Ал сыртта… алаңсыз жайылған маралдар,  көздері жәудіреген еліктер, тоған суда жүзген үйрек-қаз, кербез аққу. Жағалай әсем гүлдер мен көк майса шөп, биік-биік жасыл ағаштар. Колледж аумағынан шығып, Оксфорд Университетінің жанынан өте бере көше қиылысында бір күн бұрын бірге ұшып келген қандастарымызды жолықтыра кетпесіміз бар ма? Олар да кешегі айтқан чемпионаттарына бара жатқан беті екен. Алдын ала хабарласып кездесуге уағдалассаң да, дәл осылай кездесе  алмаспыз.Оксфордтың көшесін басымызға көтеріп, тағы да арқа-жарқа, абыр-сабыр болдық та қалдық. Қазақпыз ғой…

Викингтер мұражайы

Англияның Йорк қаласында бізді қызықтырған Йорвик викингтер мұражайы болды. Көне дәуірдегі викингтердің өмірінен мәлімет беретін жер асты кешені туристердің ең көп жиналатын жері екен. 1976 жылысауда орны салынатын болып қазу жұмыстары басталған кезде, құрылысшылар жер асты қаласының орнына тап болады. Содан бастап  1980 жылға дейін археологиялық жұмыстар жүргізіліп, көне дәуірдегі викингтердің өмірнамасынан мол мағлұмат беретін 40 000-дай жәдігер табылған. Йорк Археологиялық қоры табылған ескерткіштер орнында викингтердің көне қаласының бір бөлігін бейнелейтін Йорвик-викинг орталығы музейін  ашуға шешім қабылдаған. Шағын вагондарға отырып, арнайы тетіктер арқылы тілдік түсіндірмені қосқаннан соң, механикалық  құрылғы сізді алыстағы 975 жылдың көкжиегіне әкетеді. Сол кездегі викингтердің тұрмыс-тіршілігін жылжымалы  ашық вагондардан тамашалап отырсаңыз, механикалық қимыл-қозғалыстар арқылы сөйлеп, тамақ жеп, аң аулап, қолөнерлік іспен айналысып отырған «адамдарды», мал қамалған қораларды, ошақ-пештердегі ыдыс-аяқтарды көресіз. Манекен экспонаттар болса да тірі адамға бергісіз етіп қалай жасаған деп таңғаласыз. Тіпті, ежелгі дәуірдегі ауызекі сөйлеу мәнері дыбысталып, қора-қопсының, аң терілерінің иістеріне дейін табиғи жеткізілген.

Шотландия кереметтері

Англия қалалары шағын болғандықтан, аралары жақын. Халық көбіне пойызбен қатынайды. Вагондарда жатын орын жоқ, тек отырғыштармен жабдықталған. Арқалықтарында  тіскебасармен ғана тамақтануға арналған шағын үстелшелері бар. Лондон, Оксфорд, Рейдинг, Йорк, Дарлингтон қалаларынан кейін сапарымыз біріккен корольдіктің құрамына кіретін Шотландияда жалғасты. Астанасы Эдинбург өзіндік архитектурасы қалыптасқан, сәулетті, келбетті қала екен. Біз бұнда қала ішіндегі экскурсиядан басқа, Англия монархтарының Шотландиядағы ресми резиденциясы — Холирудхаус сарайын, Шотландия Ұлттық музейін араладық. Қаланың орталық бөлігінде мұсылмандар мешіті де бар екен.

Холирудхаус — мемлекет меншігіндегі, бірақ монархтар мирастықпен пайдаланатын патша сарайы. Бір кездері оның орнында 1128 жылы Шотландия Королі І Давид  салғызған Холируд  аббаттығы болған. Аңызға сүйенсек, король аңшылықта  жүргенде,  оған  екі мүйізінің ортасында крест жарқыраған бұғы  елестейді. Король мұны жоғарыдан келген белгі деп қабылдап, моностырьдің  іргетасын қалатады.  Оған Холируд —қасиетті крест деген атау берген. Алайда 600 жылдай тұрған шіркеу кейін бұзылып, қазір тек бір жақ қабырғасы ғана сақталған. 15-16-ғасырларда орнына зәулім замок тұрғызылып,Шотландия корольдерінің мекені болған.Небір дәуірлердің куәгері, талай патша мен патшайымдардың байлыққа мас болған, бір-бірімен тақ үшін қас болған, алауыздық пен жауыздық, қантөгіс пен зұлымдықты  өткерген, тіпті сонау
16-ғасырда өмір сүрген Шотландия патшайымы Мария Стьюарттың жатқан төсегін, ұстаған-тұтқанын да сол күйі мүлтіксіз сақтап бүгінге жеткізген тас мекен мұздай сіресіп міз бақпай тұр. Әлі талай ғасыр тұратыны анық.

Өмірден өткенше бұл жерге Англия патшайымы жылда  шілде айында бір аптаға келіп, Шотландия министрін тағайындап, ресми қабылдаулар жүргізеді екен.  Қалған уақытта патшалар сарайының есігі  Эдинбург қаласының таңғажайып орындарының бірі ретінде туристерге ашық.

Бала күнімізде «Лох-Несс құбыжығы» дегенді көп естуші едік. Кинодан көрдік пе, әлде мерзімді баспасөзден оқыдық па, есте жоқ, әйтеуір алыстағы бір терең көлде мойны ұзын, өзі алапат үлкен динозаврдай мақұлық бар екен, кемені шайқап, адам жейді екен деген аңыз жүретін ел ішінде. Сол Лох-Несс көлі Шотландияда екен. Ендігі бағытымызды сол жаққа қарай бұрдық. Эдинбург қаласынан  замануи жабдықталған жайлы туристік автобуспен шықтық. Бұл жақтың жолдары тақтайдай теп-тегіс, бірақ таулы-қыратты аймақты бойлай салғандықтан, иір-иір. Жол бойы табиғаттың әсем тұстарына суретке түсіріп, жер-ел тарихы жайлы тынбастан таныстырып келе жатқан шотландық шопыр жігіт  өзінің нағыз патриот екенін танытты. Жалпы, Шотландия — Біріккен корольдік құрамында болғанымен, өз алдына бөлек  мемлекет. Өз туы, парламенті, ақшасы, жері, шекарасы бар. Рас, бір кездері өктем Англия талай рет тізе бүгуге мәжбүрлеп, екі ел арасында бірнеше рет соғыс болған деседі. Таулы-сулы, көкорай шалғынды жері, малға жайлы, егінге қолайлы шұрайлы алқаптары ағылшындардың  көз құрты болғаны анық. Өр халық мойынсұнбаған. Әлі күнге дейін ерлері юбкасын, үрмелі аспабын тастамайды екен. Біз жолшыбай тоқтаған бекеттердің бәрінде де айдалада волынка аспабымен мұңды, сазды әуенді тебірене ойнап тұрған музыканттарды көрдік. Тап-таза тиянақты шаруашылықтар, фазендалар, табын-табын сиыр, баурайларда, жасыл майса далалықта еркін жайылған аппақ жүнді меринос қойлар бұл елдің шаруаға мығым екенін паш еткендей.

Лох-Несс көлі — Инвернесс қаласынан оңтүстік батысқа қарай 36 шақырымға созылып жатыр, суы тұщы. Тереңдігі — 132 метр, ауданы — 56,4 шаршы шақырым. Көлдің суы қоңырқай, мақұлық жайлы орта ғасырдан бері келе жатқан аңыздың әсері ме, қайықпен жүзгені болмаса,  суға адамдар көп түспейді. Ал қоңырқай болу себебі, су астында торфтың мол қоры бар екен. Англиядағыдай бұнда да көне  ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін сақталған қамалдардың, бекіністердің қиранды орындары бар. Туристерді қызықтыратын да, тартатын да осындай жәдігерлер болса керек…

Түйін сөз

Сонымен,  Англия, Шотландияны да көрдік. Не түйдік? Айтайық. Бұл елдер көнесін көпсінбейді екен, жаңасын жатсынбайды екен. Мыңжылдық тарихы бар қанша жәдігер болса, қирандысына дейін қадірлі, көздерінің қарашығындай сақтайды. Ұрпақтан ұрпаққа мирас қылып кетеді екен. Мысалы Йорк қаласындағы  Музейлерде ғасыр-ғасырға бөлініп көше түрінде жасақталған  жерлер бар. Аяқастынан 17-18-ғасырдағы Лондон көшесінен бір шығуың ғажап емес. Тіпті музей қызметкерлерінің өзі өткен заманның тынысын жеткізу үшін сол уақыттағы киім үлгісінде жүреді. «Көшеде» сол кездің көлігі ат жегілген арба тұр, мін да кете бер…

Туризмді дамытудың кілтін дөп тауып, дөңгелентіп отырған осындай жайларды көріп «әттең-ай, біз неге осылай ойластырмаймыз» дейсің. Жолдарын айтсайшы, тізеңе қойған су шайқалмайды ғой, шіркін! Жол бойындағы сервиске тіпті сөз жоқ, ас мәзірін айнадай таза асханасында ішу үшін туристерге арналған сувенир, сый-сияпат дүкені арқылы өтесің, жаныңа керектің бәрі табылады. Хандар жаяу баратын жердің тазалығы өз алдына жыр.

Шотландияның табиғатын өзіміздің Алматыдағы Алатау баурайымен салыстырумен болдым. Былтыр Көлсай көлдеріне барғандағы жол азабы, көрген бейнетіміз әсем табиғаттан алған әсерімізді күл-талқан етпеді ме? Апыр-ау, жауһар жерлерге шетелдік туристерді де тарту үшін де осындай барсакелмес жолдарды жөнге салып, сервисті дұрыстасақ болмас па? Алматы түгіл, өзіміздің Ақтөбенің айналасына шықсаң, жолдың да азабын, «жаяу» баратын жердің де азабын талай көргенбіз. Тым-жақсы өскен тал-бұтаның арасы малдың да, адамның да қиына толы, қағаз-қоқысы қобырап жатқаны…

Адамдары ілтипатты, қарапайым. Жөн сұрассаң, барынша түсіндіріп әлек. Пойыздарында тәртіп пен тазалық. Бірін-бірі кимелеп, өңмендеу атымен жоқ. Автобустары арбамен жүретіндерге арнайы жабдықталған. Аялдамада мүгедек адам тұрса, жүргізуші өзі түсіп,көліктің арнайы тетігін түсіріп, арбаны кіргізуге міндетті екен. Жолаушылар бірінің соңына бірі тұрып кезекпен кіреді, автобустың есігі аузында бірден жүргізушіге төлемақыны карточка немесе телефон арқылы төлейді. Аялдамалардағы кестелерде көліктердің жүру уақыты нақты жазылған, одан бір минут та кешікпейді. Әр аялдамаға 2-3 минут бұрын келіп тұрады. Тағы бір көңіл аударған нәрсе көшедегі аялдамалардың арқасын көшеге қаратып «теріс» қарап тұрғаны. Оның мәнісін сұрағанда, жаңбыр суын әрі-бері өткен көліктер шашыратып өтпес үшін әрі көлік түтіндерінен қорғау үшін деген жауап алдық. Көлік демекші, көшелерде  көлік кептелісі дегенді көрмедік. Біздегідей сапырылысқан, бір-біріне жол бермей баса көктеп төске озған көлік те жоқ. Баяу, бабымен қозғалады. Есесіне, велосипед тебушілер көп және велосипедпаркі кез-келген жерде тұр. Өзен-көлдерінде жеке қайықтарын тұрақ қылып, қысы-жазы «жылжымалы» үйлерде тұратын отбасыларын да кездестірдік…

Біздегідей  наразылық шерулері, митингтер бұнда да болып тұрады екен. Сондай бір топқа куә болдық. Үсті-бастарына қара май жаққан  бір адамдар жүрелеп отыр. Айқайшыларының сөздерінен ұққанымыз —аты әлемге белгілі бір мұнай-газ компаниясы планета экологиясына нұқсан келтіруде дейді. Бір ғажабы, оларды тырқыратып қуып немесе қол-аяғын бұрап, сүйреп,көліктерге тиеп  жатқан полицияны көрмедік. Бейбіт шеру деген осы шығар, сірә…

Англияның курортты қаласы Борнмут — Атлант мұхиты мен Солтүстік теңізді жалғастыратын Ла-Манш бұғазының жағасында тұр. Осы жерде теңіз бен мұхиттың толқынында тербеліп, суына түскен шақтардың өзі бір төбе әңгіменің арқауы…

Сөйтіп, өзге елдің озығына тамсандық,жаңа Қазақстанның келешектегі келбетіне  дамыған елдердің үлгісі дарыса, жетістігі жұғысты болса деп тілеп, аттың басын елге бұрдық…

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button