Басты жаңалықтар

Талдысайға газ келді

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары өткен сенбіде Алға ауданында жалғасты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысып, көгілдір отын келген Талдысай ауылының қуанышына ортақтасты.

Өңір басшысы алдымен аудан орталығындағы «Шипагер» шипажайының жұмысымен танысты. Іргетасы 1967 жылы қаланған ғимараттың сыртқы қасбеті жөндеуден өтіп жатыр. Облыс әкіміне сауықтыру орталығының жұмысын таныстырған кәсіпкер Азамат Өтепбергенов «Шипагердің» республикадағы таңдаулы 10 шипажай қатарына кіргенін және қазіргі таңда мұнда келіп ем алушылар саны күн сайын көбейіп келе жатқанын айтты. Бір мезгілде 120 адамды қабылдай алатын санаторийге жыл басынан бері 2500-ге жуық адам келген. Қазір де мұнда республиканың түкпір-түкпірінен арнайы Алғабастың балшығы үшін келіп, ем қабылдап жатқандар қарасы көп.

— Атыраудың Махамбет ауданынан келдім. Мен тұратын ауданмен Орал қаласының арасы — 400 шақырым. Төрт сағатта жетіп барасың. Бұрын сол қаладағы шипажайларға баратынмын. «Шипагерге» бір рет келіп көрген соң жылда осында келетін болдым. Мұнда тазалық та, тәртіп те, дәрігерлік қамқорлық та, ұйымшылдық та бар. Ем алушыларға барлық жағдай жасалған, — дейді «Шипагерге» жетінші рет келіп ем алып жатқан атыраулық Мәндірғали Оразғалиұлы.

Шипажайдың ішін аралап, қонақтарымен тілдескен өңір басшысы ғимарат ауласын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарына басты назар аудару керектігін айтты.

— Бүгіннен бастап облыс аумағында екіайлық тазалық жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа сіздер де атсалысып, көпшілікке үлгі болуға тиіссіздер, — деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан соң ол Алға қаласындағы «Алға жылу» орталық бу қазандығының жұмысын көрді. Бу қазандығына 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы модернизация жұмыстары, 2021 жылы резервтік бу қазанының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған бу қазандығы арқылы жылу тұтынатын адам саны — 9348. Жұмыс барысын бақылаған өңір басшысы өлшегіш құрылғысымен барлық үйлерді 100 пайыз қамту керектігін айтты.

Сапар аясында облыс әкімі Алға қаласындағы құрылысы кешіктіріліп жатқан 5 қабатты тұрғын үйдің жұмысын көріп, мердігерлермен жолықты. Құрылысты 2020 жылы бастаған «Нұр құрылыс болашақ» ЖШС жоспар бойынша 2021 жылы аяқтауға тиіс болатын. Бірақ қазіргі таңда құрылыс тоқтап тұр. Жұмыстың жоспардан кешіктірілуінің басты себебі құрылыс материалдарының қымбаттауынан деп сылтау айтқан мердігерге облыс әкімі:

Мұндай құрылыстар жұмыс жасауға толық мүмкіндігі бар мердігерлерге берілуге тиіс. Тапсырыс материалдық-техникалық базасы дайын емес, резервтік қаржысы жоқ компанияларға берілген соң, нәтиже осындай болады. Құрғақ уәде беріп кіресіңдер де мемлекет қаржысына қарап отырасыңдар. Ал құрылысқа қажетті құралдардың барлығы дерлік, тіпті шикізатқа дейін  өзімізде бар. Егер сырттан әкелетін нәрсе болса, онда түсінемін. Ал өзімізде бар өнімдерді келісіп, бірлесіп жұмыс жасауға болады. Оның барлығы ұйымдастыру жұмысының төмендігінен, — деді Ералы Тоғжанов.

Ет кластерімен айналысатын «АкТеп» ЖСШ-ның жұмысы қазір тоқтап тұр. Жылына 7200 тонна ет өңдеуге қауқарлы мекеменің жұмысшылары жалақысы сақталмайтын демалысқа кетіпті. Басты себеп — экспорттың жоқтығы.

Дәл осы жерде облыс әкімі шаруалармен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады.

— Біз мәселелеріңізді шешуге көмектесеміз. Ал сіздер ауыл тұрғындарын қолдап, барынша қолдау көрсетулеріңіз қажет. Жуырда бұған дейін Жамбылда сыналған «Ауыл аманаты»  жобасы біздің облыста бастауын алады. Үлкен жобаны бірге бастайық, — деді өңір басшысы.

Сапар аясында облыс әкімі Алға-Самбай автомобиль жолының орташа жөндеу жұмысын көріп, асылтұқымды Мұғалжар жылқысын өсіретін «Жансая» шаруа қожалығында болып, жылқышылар семинарына қатысты. Сондай-ақ Талдысай ауылындағы газ беру салтанатына қатысты.

Көгілдір отынның келуі ауыл тұрғындарының 50 пайызға жуық жұмысын жеңілдетеді. Енді отын кіргізу, күл шығару жұмыстары артта қалды. Ортақ қуаныштарыңыз құтты болсын! —деді облыс әкімі.

Дәл осы жерде облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысыЕ.Мұздыбаев өңір басшысына газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын таныстырды. Бұдан соң Ералы Тоғжанов Талдысай ауылының тұрғыны Рустам Тілегеновтің  үйіне барып, көгілдір отынның келуімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Алға ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button