Басты жаңалықтар

Ералы ТОҒЖАНОВ: «Ауылдағы әрбір аула кіріс көзіне айналуы керек»

Сенбі күні түстен кейін облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды.

Өңір басшысы алдымен Ақтөбе-Қандыағаш тас жолындағы құрылыс жұмысымен танысты. Қайта жаңарту жобасына сәйкес жол 4 жолақты етіп салынып жатыр.

Құрылыстың қалай жүріп жатқанын баяндаған «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов қарашаның соңына дейін жолдың бір жағы ашылып пайдалануға берілетінін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Қандыағаш қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде болып, ескі ғимаратын аралап, жаңасын салу туралы жоба жұмысымен танысты. Сол жерде тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді: Құрылысты келер жылдың бюджетіне енгізу керек.Сондай-ақ Мәдениет үйі тек салтанатты шара өткізетін жер емес,  балалардың жан-жақты дамуына, өнерге деген ұмтылысын арттырып, бейімделуіне арналған тәрбие ошағы болуға тиіс екенін айтты.

Сапар аясында облыс әкімі Қандыағаштағы орталық жылу қазандығының жұмысымен танысты. Қандыағаш жылыту мауысымына дайын. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтары тексерілген. Облыс әкімі орталық жылу қазандығынан басқа  шағын жылу қазандықтарының, сондай-ақ кәріздік сорғы станциясының жұмыстарын да бақылауда ұстап, үнемі тексеріп тұруды тапсырды.

Сапар барысында облыс әкімі барған тағы бір нысан — аудандық аурухана.

Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлігі толық жаңартылған. Қазіргі таңда мұндағы дәрігерлер телемедицина арқылы М.Оспанов атындағы медициналық университеттің кафедраларымен байланысып, науқастарды емдеу кезінде кеңес алынып тұрады. Бүгінгі күні ауруханаға жаңа цифрлық рентген аппараты алынды, компьютерлік томография жұмыс жасап тұр, келесі жылы ангиограф және флюорография аппараты алынбақ. Терапия бөлімінен инсульттік орталық ашылып, инсультке шалдыққан науқастарды оңалту кабинеті тиісті құралдармен жабдықталды. Жаңа реанимобиль мен жедел жәрдем көліктері сатып алынды.

Облыс әкімі аурухана емделушілеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында мекеме ауласында абаттандыру жұмыстарын қолға алып, серуендеу аймағын жасап, авто тұрағын, тротуарлар мен орындықтарды, жарық шамдарды орнатуды тапсырды.

Ал скринингтің сапасына қатысты:

Скринингтің сапасына көңіл бөлуіміз қажет. Оны жай ғана  сандар үшін өткізудің пайдасы жоқ. Скринингтің деңгейі ауылдың нақты жағдайын анықтауға көмектесуі керек. Мен бұл мәселені бұған дейін де көтерген болатынмын. Егер науқастың диагнозы нақты анықталмайтын болса, ол кісіге жасалған емнің де еш пайдасы болмайды.

Ауданаралық орталық болған соң бұл аурухананың мамандардары мықты, замануи құрылғылармен еркін жұмыс жасай алатындай болуға тиіс. Қажет болса мамандарды шетелге жіберіп оқытайық. Мен ол жағын қолдаймын. Жас мамандарды көбірек шақырыңдар. Ал сол келген жастардың жағдайын толық қамтамасыз ету — аудан әкімінің жұмысы, — деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан соң Қандыағаш қаласындағы «ЖасSTAR» дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің және оңалту орталығының жұмысымен танысты. Аталған екі ғимарат та биыл пайдалануға берілген.

Бүгінгі таңда облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар — 6700,психикалық дамуы тежелген — 1440, ақыл-ой қабілеті төмен — 1222, есту-көру қабілеті төмен — 536, тірек-қимыл бұзылысы бар — 789, сөйлеу қабілеті бұзылған — 2065, аутизмге шалдыққан 648 бала бар.

Облыс әкімі бұл балаларға тиісті көмекті өте сапалы көрсетуді және облыстық білім басқармасына психологиялық медициналық консультация жұмысына қатысты мәселелерді жеделдетіп, тез арада шешуді тапсырды.

Сапар аясында өңір басшысы Жұрын-Қаракөл ауылдарын жалғайтын жолда жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын барып көрді. Жұрын мен Қаракөл аралығында жол салып жатқан мердігер аталған жұмысты жоспар бойынша 9 айда аяқтауға тиіс. Құрылыс жұмыстары кеш басталғандықтан қазір уақытынан кешіктіріліп жатыр. Мердігерден  мән-жайды анықтаған облыс әкімі биылға жоспарлаған жұмысты өз уақытында аяқтау керектігін баса айтты.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қ.Жұбанов атындағы округ орталығы Қаракөл ауылына газ беру салтанатына қатысты. Енді ауылдағы 114 үй, 4 әлеуметтік нысан газбен қамтамыз етілетін болады. Отын кіргізіп, күл шығарудың бейнетінен құтылған қаракөлдіктерді қуаныштарымен құттықтап, газ қосып үлгерген ауыл тұрғыны Алик Мирмановтың шаңырағына барып құтты болсын айтты.

— Қаракөл ауылына келін болып түскеніме 7 жыл болды. Осы уақыт аралығында от жағып, күл шығарудың бейнетін біркісідей көрдік. Енді жұмысымыз жеңілдеп жатыр. Өте қуаныштымыз, — дейді әулеттің келіні Гүлсезім Асылбекова.

Сапар соңында аудан әкіміне бірқатар тапсырма берген Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарын ынталандырып, еңбекке баулу мақсатында тұрғындар арасында  «Үздік аула» байқауын ұйымдастыру  керектігі туралы ұсыныс тастады. Үздік шыққандарға қосымша жер беріп, әрі қарайғы шаруасына көмектесу қажеттігін айтты.

— Ауылдағы әрбір аула кіріс көзіне айналуы керек. Ауласын тиімді пайдаланып отырған азаматтарға қосымша жер бөлейік. Кооператив арқылы техника алса, оларды өңдеуге де көмектесейік. Шыққан өнімін сатуға да қол ұшын берейік. Осының бәрі — ауыл әкімдерінің жұмысы, — деді облыс әкімі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button