БілімБасты жаңалықтар

Көптен күткен қуаныш: 900 орындық мектеп ашылды

Есет батыр тұрғын үй алабының №4 шағын ауданындағы 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордасында енді  №3,4 шағын ауданның балаларымен қатар, апатты жағдайда тұрған Қызылжар орта мектебінің оқушылары оқитын болады.

Мектеп ашылған күні жаңа білім ордасының жұмысымен облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі танысып, оқушыларға сәттілік тіледі, ата-аналармен кездесті.

— Мектепті Білім күнінен сәл кешіктіріп ашқанымыз үшін ата-аналардан кешірім сұраймыз. Бүгіннен бастап сабақ басталды. Барлық материалдық-техникалық базасы дайын. Асхана жұмысы ертеңнен басталады. Ал акт залы мен спорт залын мердігер қысқа уақыт ішінде бітіріп береді. Ол жұмыстар сабақ барысына ешқандай кедергі келтірмейді, — деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда білім ордасында 1352 бала тізімде тұр. Қалалық білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, мұнда алдағы уақытта екі ауысымда 1800 оқушы оқитын болады.

Мектеп соңғы үлгідегі заманауи жабдықтарымен жабдықталған. 58  оқу сыныбы мен 8 зертханасы бар. Дәстүрлі оқу қабинеттерінен басқа, робототехника, жеке жұмыс жүргізу және психолог бөлмелері жұмыс жасайды. Физика, химия, биология пәндерінің кеңейтілген зертханалары  заманауи талаптарға сәйкес жасалған.  Сонымен қатар мұнда ерекше білім алуды қажет ететін оқушылар үшін логопункт жұмыс жасайды, арнайы көтергіш крандар мен дәретханалар қарастырылған.   Аталған білім ордасында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие берулері үшін барлық мүмкіндік бар.

Расын айту керек, құрылысы 2017 жылы басталған бұл мектепті жаңа ауданнан баспаналы болған жұртшылық ұзақ күтті. Облыс әкімімен кездесу барысында көпшіліктің лебізін Найман Қосымбетова жеткізді.

— Құрметті Ералы Лұқпанұлы, сізге осы жерде қоныстанған, баласы мектепке баратын барлық ата-аналардың атынан алғыс айтамыз. Бірнеше жылдан бері ашылмай  тұрған мектепті екі аптаның ішінде аштырып бердіңіз. Құрылысшылардың күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жатқанын көзіміз көрді. Менің 6 немерем осы мектепке барады. Өте қуаныштымыз, — деді ол.

Қызылжар орта мектебінің домбыра үйірмесіне баратын оқушылар облыс әкіміне «Балбырауын» күйін орындап берді. Оқушылардың өнеріне риза болған Ералы Тоғжанов облыстағы барлық мектепте домбыра үйірмесі болуы керектігін айтты.

Айтпақшы, әзірге бұл білім ордасы «Қызылжар орта мектебі» деп аталатын болады. Кейін жаңа атау беріледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button