Басты жаңалықтар

Жалпықалалық сенбілік басталды

Одан қала тазарып кете ме?

Ақтөбе қаласында жалпықалалық сенбілік басталды. Жер-жерде мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар, тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқысты жинады. Оның барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған атқарушы билік өкілдері назарға алды.

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта облыстық басқармалар мен департаменттер өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары қолына тырма алып, айналаны тазартты. Солардың бірі — облыстық ветеринария басқармасының қызметкері Алмат Бердіоңғаров:
— Қаланың гүлденуіне өз үлесімізді қосайық деп сенбілікке шықтық. Бас-аяғы 15 әріптесімізбен Орталық саябақтың бір бөлігін ретке келтіріп жатырмыз. Меніңше, бұл — жақсы бастама. Осындай науқан көктем мезгілінде өтіп, оған да атсалысқан едік, — дейді ол.
Екі айлық сенбілікке Тұрғындар қалашағы шағын ауданының тұрғындары да қатысты. Сол аумақтағы аллеяды тазартқандардың ​ ​ мемлекеттік қызметшілер де бар.

— Тазалық жоқ деп біржақты кесіп айтуға болмас, бұған жауапты жұмысшылар еңбектеніп жатыр. Бүгіннен бастап екі айлық сенбіліктің жарияланғанын естідім. Бірақ, шыны керек, таң атқалы Тұрғындар қалашығы шағын ауданында анау айтқандай жұмысты көрмедім. Сылбыр. Қоқыс жәшіктері аз, болса да толып тұр. Өз басым мәселені шешуге тұрғындар мен қала басшылығы бірлесіп кіріскенде ғана бәрі реттелетін сияқты, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Әйгерім Шалқарқызы.
Тағы бір ақтөбелік Мария Ониченко: «Бізде тек саябақтарды ғана жинайды. Ал қаланың шеті, тұрғын үйлердің ауласы ылғи ұмыт қалады. Тұрғындардың да кінәсі бар, бұл істе белсенділік танытпайды. Меніңше, бәрі тек есеп үшін ғана жасалмағанда ғана оң өзгеріс болады», — дейді.
Бұл күні Студенттер аялдамасы маңында, Тілеу батыр ескерткішінің маңында да тазалық жұмыстары жасалды.
— Бүгін біз, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері болып Тілеу батыр ескерткішінің айналасын, осы жақтағы аллеяны қоқыстан тазарттық. 25 адам боп 30-дан астам қапшық қоқысты шығардық. Жалпы, қаламыз таза деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, одан сайын жақсарта түсу өзіміздің қолымызда екенін ұмытпау керек, — дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мақсатов.
Өз пікірін білдіргендердің арасында қала тұрғыны Жолдас Белакосов та бар:
— Бұрын Ақтөбеде «Зеленстрой» деген мекеме болды. Ағаштардың күтімі, көгалдандыру, жалпы тазалыққа жауапты аталған кәсіпорын жұмысын тоқтатқалы бұл сала бақылаусыз қалды. Осы қаланың азаматы ретінде сол мекемені қайта құруды, кәсіби мамандарды сол жерге шоғырландыруды ұсынамын. Сонда ғана тәртіп орнайды, — деді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button