Басты жаңалықтар

«Ақтөбе қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналуға тиіс»

Қала

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласының дамуына қатысты жиын өтті. Қалалық әкімдікте өткен жиынға мемлекеттік орган басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен  «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығының» өкілдері, мердігерлер қатысты.

Кеңестің күн тәртібінде тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, цифрландыру бағытындағы «Ақылды қала» жобасының жүзеге асырылуы, қаланың урбанистикалық жаңғыртылуы секілді өзекті мәселелер қаралды.

Жиында қала әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласындағы проблемалық мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын таныстырды. Жол инфрақұрылымының мәселесі, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, тұрмыстық-қатты қалдықтарды полигонға орналастыру, оларды жинау, сұрыптау облыс орталығындағы проблемалық мәселелер қатарында.

— Қала аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 655 шақырымды құрайды. Оның 350 шақырымында ғана асфальт жабындысы бар. Биыл қаладағы автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 83 жобаны жүзеге асыру үшін 7,2 миллиард теңге бөлінді. Жұмыстар 4 бағыт — жол құрылысы, реконструкциясы, күрделі және орташа жөндеу бойынша жүргізіледі. Жауапсыз мердігерлермен жұмыс жасап жатырмыз. 11 мердігерге қатысты сотқа шағым беріліп, нысандары қабылданбады. Қазіргі таңда 157,7 шақырымды құрайтын 20 миллиард теңгеге 10 жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, — деген Асхат Шахаров қала аумағында жол құрылысы жүргізіліп жатқан көшелерге тоқталды.  

— Жолдардың барлығын көріп шықтым, мердігерлермен кездестім. Бәрінің айтатыны бір әңгіме — битум тапшылығы. Аталған мәселені екі күнде шешіп, 10 мың тонна битум жеткізуге келістік. Сол жеткізілген битумның бүгінгі таңда 6400-і ғана игерілді. Соған қарағанда, мәселе тек битумда емес. Қысқасы, қалада басталған жол құрылысының барлығы міндетті түрде бітуге тиіс. Оның ішінде көпшіліктің талқысында жүрген 41-разъездегі жол да бар. Елек көпіріне де қатысты мәселе қыс түспей шешілуі керек, — деді облыс әкімі.

Қала тазалығына қатысты Асхат Шахаров:

— Қала тұрғындары ірі көлемдегі қалдықтарды арнайы контейнерлерге заңсыз төгеді. Бұл мәселені шешу үшін жыл соңына дейін полиция департаментінің ақпараттық жүйесіне біріктірілген 180 контейнерлік алаңға бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Әзірше бұл мәселе бюджет қаражаты есебінен шешілуде. Ал қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау бойынша әкімдік пен «РОП» операторы арасында Жол картасы бекітілді. Жол картасы аясында SABO S.A. компаниясы қалдықтарды сұрыптауға арналған желіні жеткізді. Қалдықтарды сұрыптау кешенінің қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.

Қалдықтарды бөлек жинау үшін 1443 контейнер жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 681 контейнер жеткізілді, оның 305-і орнатылды. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған қалдықтарды жою жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі, — деді ол.  

Асхат Шахаровқа екі аптаның ішінде қаланың санитарлық жағдайына қатысты 140-тан астам ескерту берілгенін айтқан облыс әкімі қала тазалығы, жарықтандыру, бұралқы иттер, бейнекамералар орнату, қоғамдық көліктер мен аялдамаларға қатысты мәселелерді шешіп, автомобиль жолдарынан өзге жаяу жүргіншілерге де жағдай жасалуы керектігін айтты.

— Қаладағы аялдамаларға қатысты ойын білдірген облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі бұрын қоғамдық көліктердің қашан келетіні, қандай автобус жүретіндігі туралы кесте болғандығын, қазір жоқ екендігін жазыпты. Осы мәселені де тез арада қарастыру керек, — деп қала әкіміне тапсырма берді

Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов соңғы 3 жылда Ақтөбе қаласында 963 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 71-і қаза тапқанын, 1164 адам дене жарақатын алғанын мәлімдеді. Ал 444 жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болыпты.

— Қала аумағында автокөліктер соғысып қалған жағдайда сіздің қызметкерлеріңіз сол жерге барып, жедел түрде мәселелерін шешуге тиіс. Бірақ біздің қалада аталған көліктер кептеліс тудырып, басқа жүргізушілерге кедергі келтіріп бірнеше сағаттап тұрады. Осы мәселені шешу қажет, — деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ қаланы цифрландыру бойынша баяндама жасаған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевқа қолданыстағы заңнама шеңберінде меншік нысанына қарамастан, бейнебақылау камераларын полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығымен барынша интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіп, коммуналдық қызметтердің барлық саласын цифрландыруды және  «Ақылды қала» жобасын енгізу бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Жиынға қатысқан «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығының» төрағасы Ерлан Аукенов қалалық инфрақұрылымды, саябақтарды, шағын бақтар мен спорт алаңдарын дамыту жобаларын, сондай-ақ облыс әкімінің ұсынысы бойынша Елек өзенінің жағасын абаттандыруға қатысты жасаған жобасын таныстырды.

— Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалардың барлығы қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін. Әрбір қала тұрғыны өзін қауіпсіз сезініп, тұрып жатқан үйінің аумағын қолындағы смартфоны арқылы бақылап отыратындай болуға тиіс. Бұл жұмыстардың барлығы бір күнде бітпейді және бір адамның ғана қолындағы шаруа емес. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ол жұмыстарды бірлесе жасауымыз керек.

Қала тұрғындарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлерімен санаса отырып, тиісті мекеме басшыларынан нақты әрі сапалы жұмыс жасауды сұраймын. Қазір сұраймын, болашақта талап ететін боламын, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов.  

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button