Басты жаңалықтар

Е.ТОҒЖАНОВ: «Мердігерлер өз міндетін сапалы әрі уақытында орындауы қажет»

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын аралап, автокөлік жолдарын салу және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексеріп, жергілікті кәсіпорындардың қызметтерімен танысты.

Алдымен өңір басшысы Ә.Молдағұлова даңғылындағы жерүсті жаяу жүргіншілер жолының жағдайын көрді. Өткел көліктер қала орталығында қауіпсіз қозғалу үшін салынған. Алайда оның жұмысы тұрғындар наразылығын туғызып отыр, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш әлі күнге дейін іске қосылмаған.

«СарсенOFF» ЖШС өкілдері сенімді басқаруға өтуге бастамашылық етіп, оны қалпына келтіріп, айналасындағы аумақты абаттандыру жоспарын ұсынды.

«Өткел қауіпсіздік талаптары мен стандарттарға сай болу керек», — деген Е.Тоғжанов ұсынылатын жобаны жан-жақты зерттеп, мәселенің шешімін кешіктірмеуді тапсырды.

Денсаулық саябағын қарап шыққан облыс әкімі қалалықтардың демалыс орындарының жағдайын үнемі бақылап отыруды, жасыл желекті уақтылы суаруды, абаттандыру элементтерін күтіп ұстауды міндеттеді.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Батыс-2 шағын ауданы мен 41-разъездегі автокөлік жолдарын қалпына келтіру жұмыстарымен, Елек өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің жағдайымен және «Нұр Ғасыр» мешіті алдындағы жерасты жолының жағдайымен танысты.

Мердігер ұйымдарының материал қорының жеткілікті болуы да ерекше бақылауда. Материалдардың жетіспеушілігі немесе жоқтығы жобаның жүзеге асырылу мерзімін созбауы керек.

Құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын үнемі бақылауда ұстаңыздар. Ауа райы қолайлы болып тұрғанда біраз жұмысты аяқтап алған дұрыс.  Бәрі де мойнына алған міндеттерін сапалы әрі бекітілген мерзімде орындаулары керек. Тұрғындардың осы жолмен қауіпсіз әрі ыңғайлы жүруі соған байланысты. Ақтөбені әрбір тұрғынға өмір сүруге қолайлы қала қылуға ұмтылуымыз керек, —  деді облыс әкімі.

Жерасты жолын қарау кезінде өңір басшысы бұл жерге қызмет көрсететін жауаптылардың жұмысын: «Нысанды жөндеу мәселесін көтермес бұрын оны күтіп ұстау жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, күн сайын бақылауда ұстау керек», — деп сынға алды.

Өңір басшысы «Эксклюзив» тұрғын үй кешеніне қарасты «AktobeRomGroup» тұрғын үй кешенінің 9 қабатты үйінің құрылыс алаңында болды. Ақтөбеліктер үлестік құрылысқа қаражат салған бұл тұрғын үйдің құрылысы әлі басталмаған.

«Тұрғындар өз ісіне жауапсыз құрылысшылардың кесірінен зардап шекпеуі керек. Болған оқиғаның шешімін табудың заңды жолдарын мұқият зерделеген дұрыс», —  деп тапсырды облыс әкімі.

Одан соң Ералы Тоғжанов «Айс+» ЖШС сүт өңдеу зауытына барып, жергілікті өндірушінің жоспарларымен танысып, агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button