Басты жаңалықтар

Қоқыс мәселесі қалай шешіледі?

Ақтөбеде қоқысты жинау, сұрыптау мәселесі өзекті. Соның ішінде қоқыс полигонының қайта-қайта өртенуі де тұрғындар денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізіп жатыр. Қаладағы қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының толып, соның салдарынан қолайсыздықтар туындап отырғаны да белгілі.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған атқарушы билік өкілдері осы мәселелердің шешу жолдарын қарастыру үшін қоқыс полигонына жиналды.

2017 жылы ашылған полигон 2,5 миллион тонна қатты-тұрмыстық қалдыққа шақталған. Жылма-жыл тұрғындар санымен үйлердің көбеюіне байланысты полигон толды, ендігі қоқысты қабылдай алмайды. Сондықтан өткен жылдан бері полигон аумағын 18 гектарға дейін кеңейту жобасы қолға алынған еді. Мердігер компания — «Алым Инжиниринг» ЖШС. Аталған компанияның бас директоры Олег Федоровтың айтуынша, кеңейту жұмыстары аясында қосымша 18 шұңқыр қазылған. Әрқайсысының тереңдігі — 8 метр.

— Алып машинаның еркін кіріп-шығуы үшін әр шұңқырға апарар жол жасалды. Шұңқырдың түбіне арнайы пленка төселді. Жан-жағы қоршалды. Қыркүйектің соңына дейін бәрін аяқтаймыз. Жоба құны — 570 миллион теңге, — деді ол.

Сондай-ақ жоба бойынша полигон 2,1 миллион тонна қоқыс қабылдай алатыны, бұл 6,5 жылға жететіні айтылды.

Облыс әкімі полигон, қоқыс шығару мәселелеріне қатысты арыз-шағымдардың көптігін, енді бұған жауапты компаниялардың жұмысы жіті қадағалатынын атап өтті.

— Полигонда жанатын қоқысқа қатысты өте көп шағым түседі. Қоқысты сұрыптау мен өңдеуге қатысты да мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Қазіргі таңда түрлі инвесторлармен қоқысты өңдеу турасында келіссөздер жүргізіліп жатыр, бірақәзірге келісімге келген жоқпыз. Біз барлық маңызды мәселелерді шешу жолдарын міндетті түрде табамыз.

Ең басты міндет — қала таза болуы керек. Компаниялардақажетті техниканың бар-жоғын, жалпы базаны өзім тексеремін. Сонымен қатар аллергия туғызатын арамшөптерден де тазарту  қажет. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осыны назарға алып, жұмысын адал атқармаған компанияларға шара қолдануы керек. Тез арада осыны реттеуді тапсырамын, — деді Ералы Тоғжанов.

Полигон басында қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін төленетін тариф бағасын көтеру қажеттігі ұсынылды. Бұл бойынша алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өтпек.

— Осындағы құзырлы орган өкілдерінен тұрғындардың 40 пайызы компания қызметін төлемейтінін білдім. Бұл тым көп. Демек, халыққатүсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Қай іске болсын бірлесіп кіріскенде нәтижелі болады. Жауапкершілікті ұмытпайық. Өз тарапымыздан өңірді күл-қоқыстан тазарту үшін екіайлық сенбілікжарияладық. Акцияға бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырамыз, — деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button