Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің экспорттық әлеуеті: алыс-беріс қайтсе артады?

Ақтөбе — еліміздегі ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған өңірлердің бірі. Облыстың атын асқақтатып жүрген ірі кәсіпорындар да аз емес.Дей тұрғанмен, сыртқысауданың жайына үңілсек, көрсеткіштерді керемет деуге келмейді… Өз-өзімізді қамту былай тұрсын, алыс-жақын мемлекеттерден жеткізілетін азық-түліктің үлес салмағы анағұрлым басым. Бұл басқасын былай қойғанда, жергілікті тұрғындардың қалтасын қағатыны бесенеден белгілі. Өйткені делдалдардың тасымалының өзіне қыруар қаржы кетеді…

Облыстың тамақ өнеркәсібі саласындағы экспорт пен импорттың жағдайы қалай?Ақтөбенің өнімі бәсекеге қабілетті ме? Жалпы, алыс-берістің ахуалын зерттеп көрген едік.

20-дан астам кәсіпорын сыртқы саудаға маманданған

Жыл басында ұйымдастырылған «Орталық Азия-ҚХР» саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы соңғы жылдары 40 пайызға артқанын мәлімдеді. Сондай-ақ халыққа арнаған биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту — басты мақсаттардың бірі екенін, тек бидай мен мал сатып отыратын уақыттың әлдеқашан өткенін қадап айтты. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерінің санын һәм көлемін арттыру қажет. «Бұл — стратегиялық міндет», — деп атап өтті Президент. Агроөнеркәсіп саласын дамытуда экспорттың әлеуетін арттыру да көзделгені анық. Өз кезегінде сарапшылар дүниежүзінде геосаяси ахуал ушығып тұрған қазіргі уақытта импортқа сұраныс молаймаса, кемімейтінін алға тартып отыр.

Ал бұл бойынша Ақтөбедегі жағдай қалай? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Кулекенова:

— Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша,биылғы 6 айда барлығы 43,9 миллион АҚШ долларына 72592,2 тонна өніміміз өзге елдерге жөнелтілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 147 пайызға көп.

Ал импортқа келсек, осы жылдың қаңтар-маусым айларында Ақтөбеге 111,9 миллион АҚШ долларына 146 тонна көлемдегі азық-түлік әкелінген. Былтырғы импортпен салыстырғанда, өнім мөлшері 154 пайызға артты, — дейді.

Басқарма ұсынған мәліметтерге жүгінсек, бізге сырттан негізінен жеміс-жидек, ұн, сүт және балық өнімдері жеткізіледі.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын 20-дан астам кәсіпорын бар. Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Израиль, Иран, Өзбекстан, т.б. мемлекеттергеет, балық, сүт, ұн және макарон өнімдері, шұжық, сондай-ақ сары май, күнбағыс майы, жұмыртқа, көкөністер (қызанақ пен қияр) экспортталады.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыста 73 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген.

Ақтөбенің еті ерекше сұранысқа ие

Экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдері арасында мал шаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде етке сұраныс зор. Бұған 7 компания маманданған: «Ақтөбе ет кластері», «Арман М», «Шалқар еті», «Рокос», «Айбек АТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Аманжолова», «АДМ Инвестмент» жеке кәсіпкерлік субъектілері.

— Астық экспорттайтын 7 ірі кәсіпорын—«Жайылхан»,«Зап КазАгро-трейд», «Батыс Агро Трейд», «Агро экспорт», «Агро Трейд», «СПДэн», «Эко продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Бұлардың барлығы өнімдерін шетелге саудалайды.

Сол сияқты өсімдік майын шығаратын «Ақтөбе Фудс» және «АкМэз» серіктестіктері, көкөніс өсіруге маманданған «Грин Капитал Қазақстан», «Грин Хаус Қазақстан» және «ИІзет Грин Хооус» серіктестіктері экспортта жақсы табыстарға ие. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан,Әзірбайжан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, басқа да мемлекеттер Ақтөбеде өсірілген қызанақ пен қиярға қызығушылық танытып отыр, — дейді Снежанна Құрмантайқызы.

80 мың құтысы сатылған өнім

Ақтөбеден сыртқа тасымалданатын өнімдердің қатарында ерекше айран да бар. Құрамында пайдалы тағам қоспалары бар өнім өндіретін зауыт маусым айында ғана іске қосылған. Қазірден-ақ қарқыны жақсы — көршілес 4 мемлекетпен байланыс орнатып үлгерген.

— Былтыр досым екеуміз осы істі қолға алып, зауыттың базасын біртіндеп қалыптастырдық. Дайындық жұмыстарына бір жыл кетті. Ал жаз мезгілінде кәсіпорын өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда 25 адам еңбек етіп жатыр. Олардың орташа еңбекақысы — 220 мың теңге.

Ішкі нарықтан бөлек, айранды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдеріне экспорттадық. 80 мың құты сатылды. Көпшілікке «Максилин» атауымен белгілі өнімді өзге де мемлекеттерге сату жоспарда бар, қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр, — дейді кәсіпорын директоры Нұржан Әлібаев.

Оның айтуынша, зауыт күніге 5 тонна (шамамен 10 мың құты) сүт өнімдеріншығаруға қауқарлы. Осы бизнесті жүргізуге 1,5 миллион доллар инвестиция салынған.

Болашақта айранның құрғақ түрін өндіруді жоспарлап отырған зауыт басшысы өнім көлемін арттыруды да мақсат етіпті. Өйткені сұраныс бар.

Сала мамандары жергілікті өнімнің экспорттағы табысын арттыру үшін ең әуелі жарнаманың керектігін айтады. Ол үшін саудада санмен бірге сапаны күшейту қажет екені түсінікті…

НЕ ДЕЙСІЗ?

Райымбек ЖҰБАНЫШ,

мұғалім:

— Тарихшы ретінде айтар болсам, соғыс жылдарынан бері Ақтөбенің символы деуге тұрарлық, экспорттық әлеуетімізді де көтеретін — тары. Осы тағам түрін кеңінен жарнамалап, өндірісін дамытсақ, Ақтөбенің экономикасынаоң ықпалетер еді. Әрі ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиев — Ақтөбенің перзенті. Осында кезінде дәнді дақылдың көптеген түрі өсірілген және әлі күнге бізді осы тағам түрімен байланыстыратындар баршылық. Әр ақтөбеліктің дастарқанында тары тұрады. Сондықтан сырт елдерге сатуға тары таптырмайтын тағам түрі.

Гүлназ РАЙЫСҚЫЗЫ,

кітапханашы:

Біздің облыстает өндірісі — ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі. Етпен бірге Ақтөбеде жасалған шұжықты экспорттауда жақсы көрсеткішке ие екенімізді білемін. Менің ойымша, жыл санап мал басының артып келе жатқанын ескеріп, осы екеуінің өндірісін дамыта түсу керек. Бұл жағынан басқа облыстармен бәсекеге түссек те алдыңғы қатардан көрінетінімізге сенімдімін. Сондықтан алыс-берісте мал шаруашылығы өнімдерінен артық ештеңе жоқ деп білемін.

Айнагүл ӨЛМЕСЕКОВА,

актриса:

— «Ақтөбе өнімдерінен нені экспорттауға болады?» деп сұрақ қойса, ойланбастан сүт өнімдерін ұсынар едім. Өйткені кез келген жергілікті базарға бара қалсаңыз, сүттен бастап, айран, қаймақ, ірімшік, құртқа дейін алдыңда самсап тұрады… Бірақ ағарғанның қадір-қасиетін біліп жатқандар аз. Сол сияқты сары майымыз қандай тамаша! Қымыз-шұбатты да өзге елдерге ұялмай саудалауға болады. Құнарлы, дәмі ерекше. Пайдасы да зор. Қысқасы, бізде сүт өнімдері өндірісін қолға алатын мықты кәсіпкер болса, атымызды сонымен-ақ алыс-жақын мемлекеттерге шығаруға болар еді…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button