Басты жаңалықтарМәселе

Ұзын жолдағы үрей

ЖОЛ АПАТЫ ЖИІЛЕП БАРАДЫ

«11 қыркүйекте шамамен сағат 11-лерде «Toyota Avensis» автокөлігінің 59 жастағы жүргізушісі «Автоқалашық» аялдамасы маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде адам қағып кетті.63 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды».

Осындай хабардан көз сүрінеді, жан түршігеді. Өткен тамыз айында жол-көлік апатынан облыста 20 адам қайтыс болған. Бір-ақ айдың ішінде. Құдды соғыс болып жатқан сияқты.

Ақтөбелік полицейлер «жол апатының көбейгеніне алаңдап отырмыз» дейді. Алаңдаумен өлім азайса жақсы ғой, азаймай тұр. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін олар жүргізіп жатқан рейдтің да пайдасы шамалы.

Жазып отырған мақаламызда осы жайдың себебін анықтауға тырыстық.

Автожолда ажал жүр

Тамыз айында орын алған жол-көлік оқиғасының тоғызы шетелде тіркелген көлік жүргізушілерінің қатысуымен болған. Салдарынан 18 адам көз жұмып, 196 адам ауруханаға жеткізілді. Бұдан елімізде тіркелмеген, шетелден жақында әкелінген күйлі көлік иелерінің көбі жол ережелеріне пысқырып та қарамайды деген қорытынды шығады. Жақында елордадан келетін пойыздардың бірінен Хромтау вокзалынан түсіп қалып, Ақтөбеге дейін таксиге міндік. Арменияның нөмірі жапсырылған жапон көлігі екен. Шопыр жігіт жылдамдықты 120-140-тан түсірген жоқ. Үндемедік. Бір кезде қолындағы телефонмен ойнау басталды. Біреуге хат жазады, дауысты хабарлама жібереді. Құйындай жүйткіп келе жатқан сабазымыз бір-екі рет ауыр жүк көлігінің астына кіріп кете жаздады. Сол кезде тіліміз шықты. Сөзіміз шығын, облыс орталығына иманымызды әлденеше рет үйіріп келдік.

1001 адам мас күйінде көлік жүргізіп, жүргізуші куәлігінен айырылды.

846 жағдай жүзушілердің қарсы бағытқа шығып кетуі салдарынан болса, 2083 жағдай жаяу жүргіншілер өткелінде орын алған.

Жол ережесін бұзушылар саны өте көп. Полиция күніне 20-дан астам жол-көлік оқиғасын тіркейді. Әсіресе шетелдік көлікті тізгіндегендердің тәртібі алаңдатады. Әдетте аталған көліктердің техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Мас күйінде көлік айдап, өзгенің өмірін өксітетіндер де бар. Мәселен, көлік жүргізушілерінің кесірінен биыл 129 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қарсы бағытқа шығып кету, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік жүргізу секілді жайлардың кесірінен талай жерлесіміз бақиға аттанды, мүгедек болып қалғаны қаншама?

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдос Құлжанов облыста апат жиі болатын 13 қауіпті аймақ бар екенін айтады. Олар — республикалық маңызы бар Самара-Шымкент, Покровка-Жаңажол тасжолы және тағы басқалары.Жол-көлік оқиғалары осы жолдар бойында жиірек тіркеледі екен.

Жақында Покровка-Жаңажол жолында«Lada Largus» көлігі аударылып, жүргізуші әйел мен көліктің үш жолаушысы зардап шекті. Жол апатының салдарынан көлік ішіндегі бір бала оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы бір жолаушы Темір аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде көз жұмды. Қалған алты жолаушы мен екі бала дәрігердің қарауында емделді.

Жол апатының басым көпшілігі жол ережесін дұрыс сақтамаудан орын алады.

Жол-көлік оқиғасының жиілеуіне байланысты Самара-Шымкент тасжолында жүз шақырым сайын бір отряд патрульдеу жүргізетін, енді 30 шақырым сайын осындай тексеру жүргізілетін болады. Көлік қарқыны азайғанша тексеру жұмыстары тоқтамайды, — дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.

Жол-көлік апатының алдын алу мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылып келеді. Күні кеше ғана полиция департаменті Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік тексеріс өткізді. Полицейлер еріктілермен және блогерлермен бірге көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жолда сақтық шараларын сақтау үшін түрлі акциялар ұйымдастырды.«Абайлаңыз, балалар!» секілді акцияларды өткізуге «Жас сақшы» еріктілері көмек беріп келеді. Жыл басынан 60 мың
құқықбұзушылық ерікті жастардың көмегімен анықталды.

Тағы бір айта кететіні — әлеуметтік желі қолданушылары жантүршігерлік оқиғаларды видеоға түсіріп, таратып жатады. Жергілікті полицейлер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар туралы бейнежазбаларды жарияламау керектігін айтады.

7 ай ішінде балалардың қатысуымен 65 жазатайым оқиға болып, кәмелетке толмаған 7бала қайтыс болды, 74 адам жарақат алды.

Жыл басынан 343 жол-көлік оқиғасы тіркелді: 63 адам қайтыс болып, 464 адам зардап шекті.

Қаладағы қауіпсіздік

Қаладағы көлік қозғалысынан көбіне жаяулар зардап шегіп жатады. Жүргіншілер жолағынан алаңсыз өтудің өзі мұң болып барады. Мақаламыздың басында жақында ғана бір қарияның осы жолақтың үстінде жан тапсырғанын сөз еттік. Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Нұрбек Оразбаевтың басынан өткен оқиға да сабақ алуға тиіс сәттердің бірі.

— Ақпан айында автобус жүргізушісінің ұқыпсыздығы салдарынан зардап шектім. Оқиға былай орын алды.Кешкісін жұмыстан шығып, №48 бағыттағы автобусқа мінбекші болғанмын. Мен автобусқа оң аяғымды салып, енді есіктен кіргелі жатқанмын. Есік тарс жабылып, автобус жүріп кетті. Оң аяғым автобустың астында қалып,  башпайым сынды. Автобус жүргізушісі әкімшілік жазаға тартылды. Соның салдарынан 2 ай гипсте таңулы жаттым. Автопарк маған өтемақы төледі,  — деді зардап шеккен жолаушы.

Маман кеңесі:

— Егер сіз ұзақ сапарды жоспарласаңыз, көлік құралын алдын ала тексеріңіз, жолға дейін демалыңыз. Егер жолда шаршап, ұйқы қысса,жол бойындағы кемпингке тоқтап, тыныққандұрыс. Жүргізуші тек өзі үшін ғана емес, жолаушылардың және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауапты. Көлік иелері осыны түсініп, соған сай әрекет етпейінше, жол-көлік оқиғаларының азаюы екіталай,— дейді Айдос Құлжанов.

Жол-көлік оқиғасының себебін анықтауда ішкі істер саласының қызметкерлері тынбай іс-шаралар жүргізіп жатқанын айтады. Алайда Ақтөбе қаласының кей жерлерінің тұрғындары тарапынан бағдаршам мәселесін ара-тұра естіп қаламыз. Мәселен, қала тұрғыны Айгүл Мұстафаеваның айтуынша, Оңтүстік-Батыстағы облыстық балалар ауруханасының аумағында бағдаршам жоқ.Жаяу жүргіншілер жолағы болғанымен оны ескеріп жатқан жүргізуші некен-саяқ көрінеді. Жол-көлік оқиғасы да жиі болады екен.

— Бірде мені де көлік қағып кетті, әйтеуір, аман қалдым. Күн сайын осы жолдан иманымызды үйіріп, аман өтуді ойлаймыз. Біз қала басшылығынан, тиісті мекемелерден бағдаршам орнату мәселесін шешіп беруін сұраймыз, — дейді ол.

Бейбіт заманда ана жоқтау айтып, бала жетім қалмауы керек. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол ережелерін сақтауды тынбай түсіндіруге тиіспіз. Жолдағы тәртіпті қадағалаушы қызметкерлер де ереже бұзушыларды ғана аңдымай, ұзақ жолдағы барлық жүргізушілерге сес болып жүргені дұрыс. Облыста жылдамдықты сағатына 90 шақырымнан асыратын жол жоқ. Жол ережелерін полиция көлігін көргенде ғана емес, өз қауіпсіздігіміз үшін сақтауды қоғам болып үйренген кезде адам өлімімен аяқталатын апаттар азаятын болады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button