Басты жаңалықтар

Облыста «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады

Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес  халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» ішкі бағдарламасын жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жобаны жүзеге асырудың негізгі мәселелері талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, бірқатар мемлекеттік органдардың, облыстық кәсіпкерлер палатасының, қаржы институттарының, сонымен қатар «Ауыл аманаты» республикалық жоба кеңсесінің  басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Ауыл тұрғындарының табысын көтеруге бағытталған пилоттық жоба алғаш рет Жамбыл облысында сынақтан өтті. Ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтары мен аграрлық бизнестерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген заем берілді, кооператив құруда және лизингке техника рәсімдеуде қолдау көрсетілді. Жоба тиімділігі дәлелденіп, оң нәтиже берді — ауыл тұрғындарының табысы артып, жұмысқа орналасқан тұрғындар көбейді.

— Халық табысы орташа алғанда екі есе артты. Ауыл тұрғындарының 38 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Атаулы әлеуметтік төлем алатындар саны 68 пайызға азайды. 11 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері айналымға енгізілді.

Мал басының 28%-ға артуы, ет пен сүт өңдеу кәсіпорындарының ашылуы, өсімдік шаруашылығы, оның ішінде көкөніс өнімдерінің 25 пайызға артуы оң мультипликативті нәтиже болды. Бұл — екі жыл ішінде қол жеткізген нақты нәтижелер. Сонымен бірге қарызға берілген қаражатты қайтару деңгейі 98,9% болды. Жалпы жоба аясында қарызға берілген 9,2 миллиард теңгенің 37 пайызы қайтарылды. Бұл қаржы жаңартпалы механизм болып басқа ауылдарды дамытуға жіберіледі, — деді Е.Тоғжанов.

Тамыз айының ортасында облыста жобаның мақсат-міндеттерін түсіндіру жөнінде ақпараттық марафон басталды. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің басшысы Нұркен Шарбиев мобильді топтар облыстағы 26 ауылда кездесу өткізгенін жеткізді. Е.Тоғжановтың тапсырмасымен жергілікті атқарушы орган өкілдері түсіндіру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Сонымен бірге облыс әкімі  жобаға қатысатын пилоттық ауылдық округтерді анықтайтын скринингті қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Әр елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселесі, сумен қамтылуы, еңбек және қаржы ресурстары ескерілетін болады. Бүгінде облыстағы 62 елді мекеннің скринингі аяқталды.

— «Ауыл аманаты» жақсы әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетті. Оны сапалы жүзеге асыру ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Бұл — Президенттің тікелей тапсырмасы. Жобаның Ақтөбе облысында барынша жедел әрі тиімді жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерді салу керек, — деп сөзін түйіндеді Е.Тоғжанов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button