Әлеумет

Отбасы және әлеуметтік қолдау 

Елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында көмектің бірнеше түрі — көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша  біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және  қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді.   

Бүгінгі таңда облыста 22 839 көпбалалы отбасы (99 762 бала) бар. Оларға осы жылдың 8 айында 10 800,6 млн теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақысы төленді.

Кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған 4 815 отбасына (құрамында 24 701 адамы бар) 1 239,4  млн теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі 6 017  баласына 322,6 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдары) таратылды.

Сонымен қатар,  288 отбасына  4,6 млн теңгеге тұрғын үй көмегі тағайындалып, 46 отбасына 39,0 млн теңгеге тұрғын үй сертификаты берілді.

Жергiлiктi өкiлетті органдардың шешiмдерiне сәйкес мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы қосымша әлеуметтік көмек ретінде 21 829 адамға 1 216,9 млн теңгеге берілсе, оның ішінде қиын жағдайдың туындауына байланысты 1 595 отбасына  227,7 млн теңгеге көмек көрсетілді.

Халықтың табыс көзін көбейтіп, олардың әл-ауқатын арттырудың негізгі бағыты — жұмыспен қамту. Осы мақсатта жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 38851 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бүгінгі күні жұмыссыз азаматтарға іскерлік бастамалары үшін 283 жұмыссызға қайтарымсыз гранттар берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасы»  және «Әлеуметтік әмиян» енгізілетін болады.

Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы» және көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни  мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.

Бұл қалай жұмыс істейді?

– Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.

– Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн  отбасы және 19 млн оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған.

Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.

– Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі.

– Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.

Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:

– 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды;

– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізім әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;

– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;

– 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Жолдауда  көтерілген мәселелердің бірі 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бала күтімі үшін жәрдемақы төлеу мерзімінің 1 жылдан 1,5 жасқа дейін ұлғаюы. Бұл қоғамда оң қолдау тауып отыр.

Жолдауда отбасын қолдау бағытындағы айтылған тағы бір мәселе «Ұлттық қор — балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру. Бұл — 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына қаражат аудару.

Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді, яғни балалар қаражатты кәмелет жасына толғаннан кейін баспана немесе білім алуына жұмсауға құқылы.

Әнуарбек ҚОНЖАР,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button