Басты жаңалықтар

«Билет жоқ!»

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙТІН ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫ ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАУҒА МҮДДЕЛІ ЕМЕС ПЕ?

Көлік логистикасының қай саласында да іргелі істер атқарылып келеді. Соның ішінде теміржол жүйесіне де бірқатар өзгеріс енгізілді. Жұртшылық жол жүру билеттерін үйлерінен шықпай, онлайн түрде ала алады. Вагондар жаңартылуда. Жолаушыларға қызмет көрсететін тасымалдаушы компанияларға қойылатын талап та, бақылау да күшейген.

Биыл елімізде жолаушылар тасымалы құрылымына қандай өзгерістер енгізілді? Билет бағасы қанша пайызға қымбаттады? Неліктен билет тапшы? Осы және өзге де сұрақтарға «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов жауап берді.

Дисконттық карталардың тиімділігі

Бүгінде елімізде 140 жолаушылар пойызы жүреді, оның ішінде Ақтөбе стансасына қатынап жүрген 17 пойыз бар. Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, әзірге пойыздардың қозғалыс кестесін өзгерту жоспарда жоқ.

Халықты сапалы әрі қолжетімді көлікпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырған ұлттық тасымалдаушы уақыт талабына сай сервистік қызмет көрсету сапасын жетілдіріп келеді.

— Әрине, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру барысында билет сату жүйесінің орны ерекше. Осы орайда «Жолаушы тасымалы» компаниясының технологиялық мүмкіндіктері арқасында бүгінде жолаушылардың дені вокзал кассаларының табалдырығын тоздырмай, билетті үйден шықпай-ақ онлайн рәсімдей береді.

Биыл 19 қаңтардан бастап 16-25 жас аралығындағы жолаушылар үшін «Жастар» дисконттық картасы қайта жанданды. Бұл дисконттық карта «Тальго» коммерциялық пойыздарының «Турист» (2Д) және «Отыру орындары» (2С) санаттарына 25 пайыз жеңілдікпен билет сатып алу мүмкіндігін береді. Құны 3000 теңге тұратын картаның жарамдылық мерзімі — картаны іске қосқан күннен бастап 1 жыл.

Сондай-ақ пилоттық жоба аясында биыл 14 наурыздан бастап «Алтын» дисконттық картасы сатылымға шығарылды. Бұл барлық пойыздарға жарамды. Оны «Жолаушылар тасымалы» кассаларынан 19 999 теңгеге сатып алып, бір жыл бойы 25 пайыз жеңілдікпен саяхаттауға болады, — дейді Қанат Әлмағамбетов.

Карталарды жол жүру құжаттарын офлайн және онлайн сатып алу кезінде де пайдалануға болады. Әр карта тек 1 адамға тиесілі және 15 жастан асқан жолаушыларға беріледі. Жоба пилоттық болғандықтан картаның саны шектеулі.

Билет тапшылығы қайтсе жойылады?

Биыл 1 шілдеден бастап әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша динамикалық баға белгілеудің енгізілуіне байланысты жол жүру құжаттары құны -25 пайыздан +25 пайызға дейін өзгерді.

Яғни динамикалық баға бойынша сатып алу кезеңіне (пойыз жөнелтілгенге дейінгі күндер саны), сыйымдылық деңгейіне (бос орындар саны), сұранысқа және сұраныстың біркелкілігіне (аптаның күндеріне, жөнелту және келу уақытына) байланысты жолаушылар пойыздарында жол жүру құны сараланады.

— Жазғы маусымда пойызбен қатынайтын жолаушылар саны күрт артуына байланысты еліміздің барлық бағыттарына сұраныс жоғары болады.

Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығына сәйкес, жолаушылар пойыздарына жол жүру құжаттарын алдын ала сату пойыз жөнелтілгенге дейін кемінде 45 күн бұрын жүзеге асырылады. Жолаушылар жаппай тасымалдау кезеңінде (жазғы демалыс, мектеп демалысы, мереке алдындағы және мереке күндері) сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерді ертерек сатып алады.

Билет тапшылығын жою мақсатында 2019 жылдың шілде айынан бастап «Күту парағы» қызметі енгізілді. Жолаушы билетті сатып алар кезде бос орындар болмаған жағдайда пойыз жөнелтілгенге дейін 7 күн бұрын «Күту парағына» кезекке тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы өзінің жеке кабинетінде, сондай-ақ орындарды сатып алу қажеттілігі туралы смс хабарламаны алады, — дейді Қанат Әлмағамбетов.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондар паркінің  техникалық мүмкіндігі болған жағдайда Ақтөбе стансасындағы жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар қосылатынын хабарлайды. Олар: №7/8 Алматы-2-Орал, №23/24 Ақтөбе-Алматы-1 , №33/34 Ақтөбе-Алматы-1, №613/614 Орал- Құлсары және №6992/6991 Ақтөбе-Шалқар бағытындағы пойыздар.

Биыл қазан айынан бастап, компания №379/380 Алматы-2-Орал пойызын стандартты вагондардан «Тальго» вагондарына ауыстыруды жоспарлап отыр.

— Ескі типті вагондарды жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2019 жылдан бастап бүгінге дейін — 272, соңғы 7 ай ішінде 31 вагон сатып алынды. Ал вагон паркінде 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан 800-ден астам вагон бар. Бұлардың қызмет ету мерзімі 2029 жылға дейін, одан кейін орнына жаңа вагондар сатып алынады. Жыл соңына дейін тағы 30 вагонды қолданысқа енгізу жоспарланып отыр, — дейді ол.

Жол жүру құжаты жоқ жолаушылар мен тексерілмеген жүк багажын тасымалдау фактілерінің алдын алу үшін компания заңсыз әрекеттерге баратын пойыз бригадасының жұмысшыларына «Нөлдік төзімділік» қағидатын енгізеді. Егер аталған фактілер тіркелсе, кінәлі қызметкерлерге еңбек шартын бұзуға дейін катаң тәртіптік шаралар қолданылады.

— 2019 жылдан бастап билеттерді сату толығымен «Моbіus» электронды жүйесіне көшірілді. Бұл халыққа билеттерді сатып алу шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 155 жекеменшік, 3 мыңға жуық агенттік кассасы, 15 интернет сайты және «ҚТЖ Билеттері» мобильді қосымшасы және 30 000-ға жуық өз-өзіне қызмет көрсететін терминал бар.

Ұлттық тасымалдаушы алыпсатарлардың билеттерді кайта сатуына электронды түрде тосқауыл қойды. Жолаушыларға тапсырыс берілген орын туралы растайтын СМС-хабарлама жіберіледі. Электронды жол жүру құжаттарын сату жүйесі жасанды билеттер жасау әрекеттерін барынша азайтуға көмектесті. 2020 жылдың қаңтарынан бастап билеттерді қайта сату әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, яғни айыппұл мөлшері 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды, — дейді ол.

Тұрғындар не дейді?

Ақтөбе теміржол вокзалының іші-сырты ығы-жығы халық. Вокзалда  билет іздеп, сапырылысып жүрген адам көп. Электронды кезек терминалдары жұмыс істемей тұрғанын көрдік. Ұзын сонар кезекте тұрған жолаушылармен тілдестік.

— Шалқар қаласынан келдім. Пойызға билет болмағасын, амалсыз таксимен жеттік. Такси құны — 6 мың теңге. Енді үйге қайтуға тағы билет таба алмай отырмыз, — дейді Гүлайым Жоламанова.

Ал Жалғасбек Қасым елордаға бару үшін ешбір кассада билет таппай отырғанын айтады.

— Мамандар «күтесің» дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды. Жекеменшік кассалардан да сұрастырдым. Елордаға барып, дәрігерге қаралуым керек еді. Қазір билет таппай, үй мен вокзалдың арасында жүрмін, — дейді ол.

P.S. «Қазақстан Теміржолы» компаниясының өкілдері билет тапшылығы маусымдық мәселе екенін айтады. Бұл бү­гін ғана туындап отырған қиындық емес. Ал тұрғындардың пікірінше, бұл — маусымдық емес, жыл-он екі ай кездесетін проблема. Демек, жолаушылар тасымалдау саласын түбегей­лі жаңартпай, осындай жағдай жазылмайтын шырмауықтай шешімін таппай жалғаса беретін сыңайлы…

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button