Басты жаңалықтар

Жармола жәрмеңкесі: 9-11 қыркүйекте ырғыздықтар көне тарихты қайта тірілтпекші

Кезінде Жаманқала, Уфа, Ор бойы саудагерлерінің басын қосқан Жармола жәрмеңкесі биыл қайта жаңғырып өткелі жатыр. Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ырғыз ауданы әкімдігі  бірлесе ұйымдастырғалы жатқан ауқымды шараға Республикамыздың түкпір-түкпірінен қонақтар келеді деп күтілуде.

Қайта жаңғырған «Жармола жәрмеңкесінен» жұрт нені көре алады? Мұндай ауқымы кең шараның тағылымды тәрбиесі қандай? Осы және өзгеде сұрақтарды ұйымдастырушы тараптан сұрап білген едік.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова бұл жолғы шарада ысырапшылдыққа жол берілмей, мазмұнды әрі мағыналы етіп өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты. Жәрмеңке алаңына 20 орда тігіледі. Әр орданың атауы болады. Орда атаулары  «Жармола жәрмеңкесін» қайта өткізу туралы идея тастаған жергілікті өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайдың ұсынысы бойынша жасалыпты. Әр ордада тарихи-этнографияны насихаттайтын жұмыстар жүргізіледі.

Айтпақшы:

Облыс аумағындағы тарихи жәрмеңкелерді жаңғырту жұмыстары қолға алынып, өткізу кестесі бекітілді.

БиылЫрғыз ауданы(2022ж.), келер жылы Темір ауданы (2023ж.), одан кейін Ойыл ауданы (2024ж.), 2025 жылы Ақтөбе қаласы деңгейінде ұйымдастырып, тиімді жақтарын дамытуды қолға алу жоспарланып отыр.

Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат — қазақ елі өңірлерінің дамуы мен жетістіктерін, сондай-ақ  ұлы даланың ұлы тұлғалары мен қасиетті мекендерін насихаттау, қазақ халқының тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін Жаңа Қазақстанның берік діңі ету. Сондықтан ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, өнердің озық үлгілерін насихаттайтын мұндай  шаралардың орны бөлек, — дейді басқарма басшысы.

Ұйымдастырушылар келушілерге осыдан 150 жыл бұрын өткен жәрмеңкенің көрінісін көрсету үшін барынша күш салып жатқандарын айтты.

Кезіндегі жәрмеңкелер тек сауда-саттықтың ғана  емес, өнердің де ордасы болған. Қазақ өнерінің дамуында зор рөл атқарған жәрмеңкелерге ақындар, күйшілер, жыршы-жыраулар, әнші-термешілер келіп, елдің көңілін көтеріп, рухани өнермен сусындатқан. Халқымыздың экономикасы, мәдениеті, дәстүрлі өнердің озық түрлері осындай жәрмеңкелерден бастау алып, кең таралғаны белгілі. Бұл жолғы жәрмеңке барысында да көпшілік осындай той-думанға куә болып, Базар жыраудың жырын, Сарышолақтың, Мұхиттың әнін, Қазанғаптың күйін тыңдауға мүмкіндік алады, — деді Алтынай Юнисова.

Үш күнге жоспарланған жәрмеңкенің негізгі шарасы 10 қыркүйек күні өтеді. Жармола жәрмеңкесінің алаңында киізүйлермен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмелері және сауда қатарлары орналасады. Мереке өтетін алаңда орнатылған үлкен сахнада өңір тарихына байланысты театрландырылған көрініс көрсетіледі. Ең бастысы, шара қонақтары қыр жақтан Жармола жәрмеңкесіне бет алған керуенді көре алады.

Жәрмеңке алаңының тағы бір бөлігінде аламан бәйге, көкпар, түйе палуан, қой көтеру, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Жәрмеңке қарсаңында облыстық мәслихат депутаты, ұйымдастыру алқасының мүшесі Құдайберген Бекеновпен де сөйлескен едік.  Депутат Жармола жәрмеңкесін қайта өткізу арқылы біз тек жоғалғанымызды тауып, өшкенімізді қайта жаңғыртып қана қоймай, экономикалық тұрғыда әлеуетімізді арттыратымызды айтады.

 «Ақтөбенің» анықтамасы:

Қазіргі Ақтөбе облысы аумағында 1870жылдардан бастап Ырғыздағы «Жармола», Темірдегі «Қарақамыс», Ойылдағы «Көкжар», Ақтөбедегі «Ақтөбе» жәрмеңкелері өткізіліп, онда тері, жүн, ет, сүт, май, т.б. шикізат көздері саудаға салынды. Нәтижесінде Қазақ даласындағы арзан шикізат тауарлары Ресей патшалығы арқылы алыс-жақын шетелге сатылып, олардың орнына халық пайдаланатын түрлі тауарлар әкелінді. Бұл жәрмеңкелер сауда қатынастарын дамытуға үлес қосып қана қойған жоқ,  ұлттық өнерді насихаттайтын әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени даму  орталықтарына айналды.

Ырғыздағы «Жармола жәрмеңкесі» «Көкжар», «Қарақамыс», «Ақтөбе» жәрмеңкелерімен қатар, Қызылордадағы «Ақмешіт», Арқадағы «Қоянды жәрмеңкесі», Қарқаралы, Ресейдегі Жаманқала (Орск) жәрмеңкелерімен тығыз байланыста болды.

— 1870 жылдары қазақ жерінде экономика құлдырап, жергілікті халық қолдағы өнімін қайда, қалай өткіземіз деген тұста жәрмеңкелер өткізіледі. Сол кездегі ең үлкен жәрмеңкелердің бірі — Ырғыздағы Жармола жәрмеңкесі. Жармола жәрмеңкесіндегі тірі қойдың бағасынан иленген терінің бағасы қымбатырақ болған деседі. Қолда бар шикізатын өткізе алмай отырған халық осындай жәрмеңкелердің арқасында табыс тапты. Осылай ел экономикасы айналымға түсті.

Ырғыз — тоғыз жолдың торабында тұрған өңір. Бұл жерде жәрмеңкені қайта жаңғырту арқылы жастарға өткенімізді көрсете отырып, олардың болашағына жол ашамыз. Жасыратыны жоқ, қазір көп нәрсеміз ұқсатылмай жатыр. Сол барымызды ұқсатып, өз өнімдерімізді брендке айналдыратын уақыт жетті. Қайта жаңғырған Жармола жәрмеңкесі сондай игі істердің бастамасы боларына сенемін, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ:

Шежірелі Ырғыз жері — талай саяси-экономикалық және әлеуметтік оқиғалардың куәсі. Торғай облысының Орта Азиямен байланыс орнатуға қолайлы жерінде орналасқан Ырғыз бекінісінің іргетасы 1845 жылы қаланып,1869 жылы Ырғыз уездік қала статусын алады. Ал сол қалада ресми түрде жәрмеңке өткізуге 1870 жылы 19 қарашада рұқсат етілген екен. Сол кезден бастап Ырғыз уезінде капиталистік қатынастың белгісі ретінде сауда жүйесі қалыптаса бастады. Соның бірі — Ырғыздың байтақ жерінде 19-ғасырдың екінші жартысында бүкіл Қазақстан мен Ресей, Орта Азия жұртшылығына кеңінен танымал болған Ырғыз (ел Жармола деп атайды) жәрмеңкесі. Жәрмеңке жылына екі рет маусым, қыркүйек айларында өткізілген. Ырғыз уезінің территориясы арқылы Түркістан өлкесі мен Орта Азия хандықтарынан Ресейге және Ресейден осы аймақтарға керуен сауда жолдары өтіп, жергілікті халық-қазақтар жүк тасу ісімен айналысып, біраз пайда тапты. Ырғыз уезі арқылы Орта Азия керуен жолдары Ташкент пен Орынбор қалаларын байланыстырды. Ташкенттен басталған керуен жолы Торғай өзенінің жоғарғы бөлігі арқылы Троицкіге, керуеннің бір бағыты Ташкенттен Қазалы арқылы,Ырғыз жерімен Орск(Жаманқала), Орынборға өтетін болған.Керуен заттары түйеге жүк артумен және арбамен тасылған.Керуен саудасына араласып зат тасыған қазақтар сол заманда едәуір пайда тауып күн көрісін түзеген. Жергілікті халықтың орыс, татар саудагерлерімен араласуына байланысты Ырғыз өңірінде балық шаруашылығы жанданып, аулаған балық өнімдері базарлар мен жәрмеңкелерге түсіп отырған. Балық Ырғыз өзені, үлкен және кіші Жалаңаш, Сәңкібай, Құтикөл, Талдыкөл, Соркөл көлдерінен ауланған. Сондай-ақ базарда өтімділігіне  байланысты жергілікті адамдар тышқан, күзен, борсық, түлкі аулап, олардың терілерін саудагерлерге өткізіп, пайда көзіне айналдырған.Ырғыз уезінің тұрғындары Орынбор,Тройцк,Орск(Жаманқала) және көршілес Ақтөбе, Темір, Қостанай уездеріндегі өткізілетін жәрмеңкелерге де үзбей қатысып, мал шаруашылығы өнімдерін өткізіп, жәрмеңкеден қажетті бұйымдар мен тұрмысқа қажетті заттар сатып алып немесе келісімді бағамен айырбастап отырған. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болған Ырғыз уезінің халқы төрт түлік мал өсіруге баса назар аударған.Жәрмеңкенің мал базарларында Ырғыз өңірінің Еділбай тұқымды қойлары жоғары бағаланған деседі. Ол кезде егін шаруашылығы да жақсы дамыды.

Сауда қатынастарының дамуы Ырғыз қаласында құрылыстың дамуына игі әсерін тигізді.Ырғызда пошта-телеграф үйі,татар саудагерлерінің бір қабатты үйлерінен тұратын тұтас көше бой көтерді.Бұл жәрмеңкенің арнайы жұмыс ережесі бекітіліп,сол бекітілген ереже бойынша қатаң тәртіппен өткізіліп отырған.

Мәліметтер «Ырғыздың қилы тарихы» кітабынан алынды.

Салтанат САРИНА,

аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері.

Ырғыз ауданы.

Ақтөбеліктер 9-11 қыркүйек аралығында Ырғыз ауданында өтетін «Жармола жәрмеңкесіне» қызу дайындалып жатыр. Ырғызда өтетін дүбірлі той қарсаңында Жармола жәрмеңкесі туралы зерттеу мақалалар жазған ырғыздық ұстаз Сейілхан Оразымбетовтің облыстық «Ақтөбе»қоғамдық-саяси газетінің 1995 жылдың 15 маусымында шыққан санында «Жармола жәрмеңкесі» деген мақаласынан үзінді бергенді жөн көрдік.

Сол кездегі жәрмеңкенің қалай өткенін білгіңіз келсе, сіз де оқып шығыңыз…

ЖАРМОЛА ЖӘРМЕҢКЕСІ

Кез келген қазақ киіз үйлерінен кездесе кететін кемелді кеңестің кең тынысты әңгімешіл қарттарынан Ырғыз өңірі де кенде болған жоқ. Кейінгі жылдары дүниеден озған, кезінде қазыналы әңгімелерімен елінің көңілін тұшытқан Амантай, Жүсіп, Амандық, Ноғай, Алдан сияқты ағалар естігендері мен көргендерін айтудан жалықпаған жандар еді. Олар Ырғыз елінің арғы-бергі жылдарының қат-қабат оқиғаларын шебер желілеп, шешендікпен шежірелеп отыратын. Солар айтқан шежірелі шындықта Жармола жәрмеңкесі де оқшау әңгімеленетін. Жәрмеңке жайлы ағалар айтқан әңгімелердің ойда қалған үзігін хатқа түсіргенді жөн білдім.

1870 жылдың қараша айының 19-да бірінші гильдиялық көпес Нағымет Ғаббасовтың қала орталығындағы жайма дүкендерінің ат шаптырым алаңында 12 болыстың ел ағаларымен қала халқы қатысқан Жармола жәрмеңкесі бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған үрдіспен ашылыпты. Ертеңгі тынықта гарнизонның атты әскер санының қоршауымен үш шұбар жегілген уезд бастығының күймелі арбасы алаңға енеді. Онан мундирінің салтанатты сұсымен түскен уезд бастығы жиналған  көпке ақ патшаның ризашылығымен, губернатор мырзаның рұқсатымен Ырғыз жәрмеңкесінің ашылғанын хабарлайды. Сол сәтте үш дүркін оқ атылып, жәрмеңке құрметіне әскери рәсім көрсетілген. Шалғайдағы шағын қалада тұсауы осылай кесілген жәрмеңкені жұрт Жармола жәрмеңкесі атапты. Дәулеттілердің ақбоз үйлерімен қараша ауылдардың жолым үйлерінің түндіктерін тегіс желпілдеткен бұл жаңалық ай айналмай жырақтағы жат жұрттарға жедел жетеді. Петербургтің сәнді сарайларында да, Қазан, Орынбор қалаларының іс кеңселерінде де, Бұқара мен Самарқанның шайханаларында да Жармола жәрмеңкесі оқалы киімділермен ордалы саудагерлердің төркінді сөзіне айналыпты. Жалауы жақында ғана көтерілген жәрмеңкенің жарнамасы осылайша алысты дүрліктірсе, Ырғыз бойының шеткі үйлерінің кетік шалдары мен кемиек кемпірлерінің де делебесін қоздырады. Қырдың қызық мінезді қариялары қымыз желігінің үстінде Жармола жәрмеңкесінің жайын әр саққа жүгіртіп, ақырында абыр-сабыр болып тарасатын күйге түсіпті…

***

Жәрмеңке ашылатын қыркүйектің 25-іне қараған түні Жармола көшелерінде адам аяғы басылмай, ұйқылары түрілген қала халқы ерте атқа отырған жыршылардың: «Жәрмеңке ашылады, базарына барып, бағыңды сынаңдар» деген жарнамасымен сергіп, жәрмеңке қалашығына қарай ағыла бастайды. Сәскелікте уезд бастығының күймелі арбасына жегілген үш шұбар ойнақы жүрісімен жәрмеңке қалашығының қақпасына екпіндей кіріп, ортадағы мінбер жанына ентіге тоқтайды. Оған ілесе келген крестьян бастықтары мен әскери гарнизон шенділері де аттарынан түсіп, оқалы киімділер мен суық қару-жарақтылардың айбынды тобын құрайды. Енді ғана ішке енулеріне рұқсат етілген адам нөпірі дүкендер алаңына лап беріп, толассыз құйылады. Сол сәттен бастап адамның құлағы ажырата алмас жәрмеңкенің ыңы мен жыңы басталады. Бұл өлкенің қазақтары көрмеген небір асыл дүниелер көз біткенді тұтқындап, көңіл атаулыны арбап алады. Сол қып-қызыл дүниені қызықтағандардың арасында Бұзаубай тобы көзге жиі түседі. Ол бірде өзбектің кездеме дүкеніне келіп, бір көйлектік бәтес өлшетіп алып:

— Өзбектің «акасын» айт,

Татардың күлкісін айт,

Қазақтардың «әттегенісін» айт,

Бұзаубайдың еркелігін айт,

Күмісайының жұпар иісін айт, — мұның реті осылай болады деп қоржынына салады. «Пұлы ше?» — деген сатушыға: «Бұл дүниеде босқа беріп, пұлын ол дүниеде алғанның сауабы мол. Осы ақылдың өзі саған пұл»,— деп жүре береді. Онан әрі Нағымет дүкендерінің бірінен әйел мәсісін қолына алып тұрып:

Өзбектің өзегі талмасын,

Татардың сағы сынбасын,

Қазақтың қазаны ортаймасын.

Бұзаубайдың дегені болсын,

Күмісайының көңілі толсын. Әумин! — деп мәсіні қоржынынасалады.Аң-таң қалған сатушыда «Әумин» деп бетін сипап, «пұлы?» десе: «бата жүрген жерде пұл жүрмейді», — деп онан әрі озады…

…Жылқы саудасына Жаманқала, Уфа, Ор бойының жәрмеңкешілері көп үйіріледі. Уфалықтар арғынның Сарықопасынан келген жылқылардың әрқайсысына алты құнан қойдың айырбасын төлеп, сауда басын ұстапты. Шөмекей ауылдарының жабы жылқыларын Жаманқала саудагерлері алдына салыпты. Базар бағасының аңдысын баққан Қызылжар ауылдарының жылқылары жәрмеңке ортасы ауа саудаға түсіп, мал иелерінің ойындағы нарқын құрай алмапты. Іштен келген саудагерлер қой шикізат базарының шырайын шығарып, ұтушы да, ұтылушы да көп саудаға айналыпты. Бұрын бұта басы мен ошақ қасындақалатын жабағы жүннің пұл болып, құшақ-құшақ кездемеге өткені мал түгінің де қымбат қазына екеніне елдің көзін жеткізіпті. Тіржан бай ауылының түйе керуен теңдерімен келген қап-қап жүн, терілері хан базардың екі  күн айырбасына түсіп, алушыны да, сатушыны да қарық қылғаны жұрт аузына түсіпті. Осылайшажәрмеңке саудасы ұтқаны менұтылғанына емес, қолына ұстап, қоржынына салғанына риза болатын қазақ мінезінің тағы бір қырын ашыпты.

***

 

            Жұма күні жәрмеңке базарлары жабылып, ел ат бәйгесіне жиналыпты. Таңғы жұма намазынан кейін қаймақтаса қозғалған көлікті, көліксіз адам қатары қала мен ат шабатын алаптың арасын тұтастырыпты. Бұл өлкеге ықылым заманнан бері жиналған мына халық қазақ даласының серілігін орыс ұлықтарына әдейі аңғартқандай сес байқатады. Әлгінде суық қарулы солдаттардың қоршауымен келген уезд әкімдерінің ортасында Алаштың біртуар азаматы Алмат бастаған болыс, билер асып-төгіліп, риза болысады. Ұлықтар мен ұлылардың бұл шоғырына басына көк елтіріден нарөркеш бөрік, үстіне былғары пальто киген, қолына күміс бағдарлы таяқ ұстаған, қапсағай денелі аты шулы Нағымет бастаған ірі саудагерлер тобы қосылады. Осы топтың соңын ала ұсақ тінді, түйе жүні шекпенінің екі етегін қайырып, бұқары белбеу тағынған ысқаяқ қара топ арасынан жедеғабыл шығып, шенділер мен игілердің шоғырына бет алыпты.Ол уезд бастығына тақау тұрған Алматқа: «Алмат аға, — депті иіліп, — Әлім атамыз топқа түсерде бөркін інісі Шөмен атамызға ұстатып қояды екен. Сол аталарымыздың ізімен жүрмесеңіз атағы шыққан Алмат боласыз ба?» —деп,қарсақтың қыр арқа терісімен әдіптелген көнетоз бөркін сардарға ұстата салады да, уезд бастығының алдына сарта жүгініп:

  • Тақсыр, қазақ тойында ат жарысы болмайтын жоралғы жоқ. Жармоладан осы араға дейінгі жаяу жарыста өкпемді қолыма алып, озып келіп тұрмын. Сенсеңіз бәйгемді беріңіз, сенбесеңіз жарысатын адамыңызды шығарыңыз, — деп отырып алады. Тілмаш осы сөздерді аударып, сіздің алдыңыздағы есімі елге жайылған Бұзаубай Малбағаров мырза болады деп уезд бастығына күлімсірей қарайды. Бөркін алаштың айбатындай Алматқа ұстатып қойғанынан ыққаны ма, әлде сайқымазақ серілігін сыйламағаны ма, кім білсін, бастығының ымымен уезд қызметкері Бұзаубайдың алақанына бірнеше күміс теңге тастайды. Мұны көріп тұрған ел адамдары: «Бұл Бұзаубайға дауа болмас» — деп қылышқа түсер өткірлігіне риза болады.

Қазақ халқының ұлттық мінезінде ат жарысының жалауы қашанда биіктен көрінеді.Жармола жәрмеңкесінің аты шулы ат жарысында айлап жаратылған, құйрықтары келтелене  түйіліп, жалдары жол-жол болып өрілген, кекілдеріне шоқ-шоқ үкі байлаған 52 бәйге аты сергек те сымбатты көрінеді. Сәнді киініп, қара жорғаға мінген жігіт жиынды екі айналып: «Аттар 50 шақырым қашықтыққа айдалады.Бес шақырымдық шабыс алаңын 10 айналып өтеді. Көтермеге тыйым салынады.Бес атқа дейін бәйге бар.Озып келген жүйріктердің иелерін жұмсақ былғары орындықты күймелі арба, сабы алтын бағдарлы орыс қылышы,Бұқараның бар тіні жібектен тоқылған кілемі сияқты қымбат дүниелер күтіп тұр» — деп бар даусымен жар салады. Бұл өре қазақтарының тұрмысына енді-енді ғана емен-жарқын ене бастаған мына дүниелердің аттарын есіткендер: «Аттарды өлімге айдағанмен, бәйгелері асылдан екен. Аттары келіп,жұлдызы жанғандар тымақтарын алшысынан киеді екен», — деп дуылдасып қалады.Арқа мен Сырдан, Орынбор мен Жаманқаладан бергі жерлерден келген саңылақ жүйріктер жиын алдынан бірі алшаңдап басқан аяңымен, бәзбірі қайнар бұлақ бүлкілімен, бірқатары желпіген желістерімен өтеді. Бәрінің де денесі таралып, тұрқы сұлуланып, сылыңқы тартыпты.

***

Он төрт күн жарғақ құлақтыны жастыққа тигізбеген жәрмеңке базары ел еңсесін көтереді. Базар саудасында бағын сынағандардың ұтылдым деген бірі болмапты. Бір жылқыға бір самаурын алып, мұртын шиырғандар, тең-тең жабағыға бүтін былғары алып мұрнын шүйіргендер әр ауылдан табылыпты.Ырғыз даласына жыл құсындай жайлы келген жәрмеңке базары аяқты малды аждахадай жұтып, көшпелі елдің түйе қомына лайық дүние-мүліктерінің қатарына қала жиһаздары қатарын қойғызыпты. Сауданың адам көңілін лезде тасытып, қасқағымда жасытып кететін жайы барынан хабары аз ел іші: «Базарға өткен мал да, тері-терсек, жүн де олжа», — деп шүкіршілік етіпті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button