Жаңалықтар

Өнегелі отбасылар — қоғам діңгегі

11 қыркүйек — Отбасы күні

Берекелі отбасы — қай кезде де қоғамның мақтанышы.Елімізде 2014 жылдан бері өнегелі тәрбиеніжаңғыртуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Отбасы күні қарсаңында біз аталған байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазыболған Оспановтар отбасы мен бірінші орынға ие болған Мәденовтер отбасы туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Ұстаздар әулеті

Облысымызда еңбегімен, өнегелі ісімен жан-жағына үлгі болып отырған отбасылар жетерлік. Солардың бірі — «Мерейлі отбасы» облыстық кезеңінің жеңімпазы Оспановтар әулеті.

Марқұм Оспан атадан бастап балаларының дені ұстаздықты таңдаған. Шәмшия әже балалары мен немерелеріне қашанда асыл жарының асыл қасиеттерін үлгі-өнеге етіп айтып отырады.

— Отағасы қаттылау болды. Мінезі қатаң еді. Мұғалім болып қызмет етті. Соған қарай балаларға әкелерің кейіп қалар, ерсі ештеңе істемеңдердейтінмін. Балалар да әкелерін тыңдап, біріне-бірі көмектесіп өсті. Жаман болған жоқ. Әке-ананы тыңдап өскен бала жаман болмайды. Кейін бәріел сыйлайтын адам болып шықты, — дейді Шәмшия Бақова. Әженің айтуынша, отағасы Оспан Бақов Шалқар ауданы Қорғантұз орта мектебінде абыройлы еңбек етіпті. Ұстаздық қызметтен бөлек, мектеп-интернаттың меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы, студенттердің өндірістік бригадасының жетекшісі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін де абыройлы атқарған.

Шәмшия әже детекті жердің қызы. Жастық шағын сағынышпен еске алған ол ағалары мұғалім, әкесінің молда болғанын, шешелерініңөмірінде ер адамға қарсы келмегенін әңгімеледі. Енесін құрметтеп, қайынағасы мен абысынын сыйлай білген Шәмшия әже: «Біз де жақсы келін атандық, айналайын. Жақсы атақты өзің жасап алады екенсің. Ешкім жасап бермейді. «Отбасының берекесі — әйелде» дейтіні сол біздің қазақтың», — дейді.

Шәмшия әже — он құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері.Тұрмыс құрған алғашқы жылдары мектеп кітапханасында қызмет еткен. Кейіннен отағасы шешімімен бала тәрбиесіне көңіл бөліп, жұмыстан қол үзіпті.

Оспан Бақов бастаған мұғалімдер әулетінің жолын жалғастырушылардың бірі — ұлы Еділ. Ол 30 жылдан астам уақыт Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Зайыбы Эльмира да 26 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі. Екеуінің де біліктілік санаттары — зерттеуші мұғалім. Біздің қоғам өз ісіне жауапты осындай білікті мамандардың арқасында алға жылжып келеді.

— Төлеп деген атамыз қажылыққа барып, келген соң мектеп ашып, бала оқытқан. Одан соң ата-анам ұстаздық етті. Бауырларымның көбі педагогика саласында еңбек етеді. Өзім де ата жолын таңдап, әкеме ұқсап, 30 жылдан бері мектепте қызмет етемін. Ұлым дамұғалім. Барлығын қосып есептегенде біздің әулеттің жалпы еңбек өтілі 300 жылдан асады, — дейді Еділ Оспанұлы.

Еділдің үлкен ұлыЕстай да осы бір жауапты мамандықты таңдапты.  Ол Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде математика пәнінен сабақ береді. — Мектеп бітірерде мамандық таңдаймыз ғой, сол кезде көп оқушылар жалақысы жоғарыдеп ІT саласын таңдап жатты. Маған балалармен жұмыс істеу, оларға бірдеңе үйрету, білім беру ұнайды. Ұстаздық жолды таңдауыма бірінші әкем ықпал етті. Сосын алдымдағы мұғалім бауырларыма қарап өстім, —дейді математик Естай.

Еділдің шаңырағында бауырлар мен ағайын-туыс жиі бас қосып тұрады.

Еділ Оспанұлының айтуынша, әулеттің үлкен қызы Венера Оспанқызы мектепте 40 жыл мұғалім болып еңбек етіп, бір жыл бұрын зейнетке шықты. Оның ұлы Нұрсұлтан нағашыларына жиі келіп тұрады. Ол — шахматтан спорт шеберлігіне үміткер. Халықаралық додаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыстың 7 дүркін чемпионы.

Педагогтер әулетін толықтырып отырған тағы бір ұлағатты ұстаз — Әлия Оспанқызы. Ол 2020 жылдан бері Шалқар қаласындағыӘліби Жангелдин атындағы орта мектепті басқарып келеді. Ұжыммен бірге толағай табыстарға кенеліп жүрген білікті басшы бүгінде отбасының ғана емес, түгел өңірдің мақтанышына айналып отыр. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойыншаӘлия Оспанқызы басшылық ететін орта мектеп еліміздегі 100 үздік мектептің қатарынан көріне білді. Жақында облыс әкімінің үздік білім беру ұйымына арналған грантын да осы білім беру мекемесі жеңіп алды.

Ұстаздық — ұлы қызмет. Алдына келген балаға білгенін үйретіп, оқушының жүрегіне жол табу арқылы еңбегінің жемісін жеп жүрген бұл әулет басқаларға үлгі боларлықтай.

Он баласынан көрген немерелер мен жиендерді сүйіп, шөберелердің қолынан бал татқан Шәмшия әже қашанда ұрпағына тілек тілеумен келеді. Сәлем беріп келген жастың бәріне «менің жасымды, бақытымды берсін!» деп батасын береді.

Мәденовтер отбасы

Ақтөбе қаласында тұратын Мәденовтер отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде үздіктер қатарынан көрініп, бірінші орынға ие болды.

Бұған дейін Мәденовтер әулеті аталған байқаудың қалалық кезеңінен жеңімпаз атанып, қала әкімі диплом мен 400 мың теңгенің сертификатынтабыстаған болатын.

Жеңімпаз отбасының тірегі Төрехан ақсақал 1949 жылы Доңызтауда дүниеге келген. 1971 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітіріп, еңбек  жолын Байғанин ауданы Қарауылкелді сегіз жылдық мектебінен бастаған. Отыз бес жылдан астам уақыт физика-математика пәндерінен сабақ беріп, мектепте мұғалім болды.

Отанасы Гүлжамал Өмірзақова да саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, бір жылдары Оймауыт ауылындағы балабақшада тәрбиеші болған, қазір зейнеткер. Бес бала тәрбиелеп өсірген олар бүгінде 14 немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі де оқыған, қазір бәрі де білім-ғылым саласында еңбек етіп жүр.

Үлкен қызы Нұрзия Төреханқызы — медицина саласының қызметкері. №2 қалалық емханада медбике болып еңбек етеді.

Ал білім-ғылым саласында жүрген ұлы Асылбек Мәден —  тарих ғылымдарының кандидаты. 20 жылдан бері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушы боп қызмет істейді. Төрехан Мәденовтің қалған балалары мал шаруашылығымен, жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Бізбен әңгімелескен Асылбек Төреханұлы бала тәрбиесі жайлы:

— Ауыл баласы халықтық тәрбиемен өседі ғой. Ата-анамыз бізді қалай тәрбиеледі, біз де солардан көргенімізді жасап, «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген тыйым сөздермен тәрбиелеп жатырмыз. Бала кезімізде әке-шешеміз «біреудің ала жібін аттама» деп тәрбиелеп өсірді ғой. Бізде де сол қағида. Кешкі астың кезінде дастарқан басына түгел жиналып, балалармен әңгімелесіп отырамыз. Әр баланың қызығушылығын, ой-пікірін білу мақсатында жеке көңіл бөлуге, жеке сөйлесуге тырысамыз. Келіншегім Жанар Мұстафина да негізі білім-ғылым саласында еңбек етеді, қазіргі уақытта бала күтімімен үйде отыр,— дейді.

Асылбек пен Жанар — көпбалалы отбасы. Үлкен қызы — студент, шетелде оқиды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі. Қалған балалары №21 мектеп-гимназиясында білім алып жүр.

— Әкем — 12 баланың бірі, мен үйдегі 5 баланың ортаншысымын. Әжем 95 жаста.  «Балалы үй — базар» демекші, балалардың әр қадамына, жетістігіне қуанып жатамыз. Біздің әулетті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне балаларым оқитын мектеп-гимназия ұсынды. Қоғамда неке бұзып жатқандар көбейіп тұрған тұста өнегелі отбасылардың өмірін, жарасымды шаңырақтың үлгісін дәріптеу — игі іс, — дейді Асылбек Төреханұлы.

Ал келесі жылы отау құрғандарына 50 жыл болатын өнегелі отбасы иелері — Төрехан ақсақал мен Гүлжамал ана жүрген жерлерінде шаңырақтың берік болуының кілтітатулықта екендігін айтып жүреді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button