Құқық

Әділет жолын ұстанған

Мерей

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Абай.

Халқымыз әділдік үшін қашанда тура билікке жүгінген. Бұл тұрғыдағы тұжырымын бұрынғылар «Тура биде — туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп өмір сабағымен өзектестіріп айтқан.

Орынбасар Дәулембаев — сол жолдағы бұрыннан қалыптасқан игі дәстүрді жалғастырып, таразы басын тең ұстаған, сөйтіп, ел бірлігіне, әділдіктің орнығуына адал қызмет еткен ағалардың бірі.

Бүгінде жетпіс бес жасқа толып отырған белгілі заң қызметкерінің өзінен кейінгі буынға үйретер үлгісі әлі де аз емес. 

Алғашқы қадам әлі есте

Кәмелеттік жасқа жақындаған әрбір жасөспірімнің алдында толған мақсат, түрлі таңдау тұратыны айқын. Шалқар қаласындағы №1 орта мектепті 1965 жылы бітірген Орынбасардың ойында да көп армандар болды. Ол тұста жоғары оқу орнына түсе қою да оңай емес. Сондықтан да ол алдымен жұмыс істегенді жөн көрді. Шалқар локомотив депосында токарь болып еңбек еткен жылдары әлі күнге дейін жадында.Бұлшық еттері білектей қара қайыс жұмысшылардың ортасында екі жылдай шыныққан соң әскер қатарына алынды. Мұнда үш жыл теңіз флотында жауынгерлік сыннан өтті, бөлімше командирі болды. Жауынгерлік саптан екінші дәрежелі старшина болып оралды. Оны кезінде қимай шығарып салған ұжымы қайтадан құшақ жая қарсы алды. Осылай өзін орталарына алған теміржолшылардың арасында ұзақ жыл жүре берер ме еді, қайтер еді, бала кезгі жоғары білім алсам деген бір ұмтылыс бәрібір мазалай берді.

Ойлана келе, жұмыс істей жүріп оқығанды жөн көрді. Сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне сырттай білім алуға құжаттарын тапсырды. Әскер қатарында шыңдалып келген озат жұмысшының заңгерлік мамандықты игеруге қадам басуы мұң екен, енді оны қоғамдық тәртіп қорғау органдарына қызметке шақыра бастады.

1972 жылдың тамыз айында өзінің екінші үйіндей болып кеткен локомотив депосының комсомол комитетінің жақсы мінездемесімен теміржол бойы милициясында жаңадан ашылып жатқан балалар инспекциясына инспекторлық қыметке келеді. Мұндағы милиция бастығы Құмақ Берденов, іздестіру бөлімінің инспекторы Зәки Оразалин, мемлекеттік меншікті сақтау инспекторы Сыдық Сейітжапаров — бәрі де тәжірибелі тәртіп сақшылары екен, жас маманды орталарына алып, баули бастайды.

Милиция лейтенанты Орынбасар Дәулембаевтың тергеушілік қызметі 1975 жылдың сәуірінде Қандыағаш теміржол милициясында басталады. Жұмыс орны тоғыз жолдың торабында орналасқан станцияда болғанымен, оған жүктелген міндет — Шалқар, Октябрь, Байғанин, Мұғалжар, Новоресей аудандары аумағындағы теміржол бойында жасалған қылмыстарды тергеу.

Қандай да істің маманы болу үшін ізденуің аз, күнделікті тіршілік тағылымдарын бойға сіңіре отырып, тәжірибе жинақтау маңызды. Бұл ретте Орекең өз алдындағы аға буын өкілдері Жанділда Нұрмағамбетов, Сиян Иманғалиев, Сәлімгерей Сұлтанғалиев, Сейітқали Болысбаев секілді тәжірибелі прокурорлармен қызметтес болғанын, олардың әрқайсысынан бір тарау болса тәлім алғанын қызмет жолындағы олжасындай көреді.

Прокуратура қызметіндегі кезең

Темірдей тәртібі бар милиция мектебінен өтіп, прокуратураға қызметке ауысу ол үшін үлкен тағылым баспалдағындай еді. Бәрі бірдей құқық қорғау органдары болғанымен, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Прокуратурада негізінен ауыр қылмыстар, мемлекеттік немесе қоғамдық мүлікті аса көп мөлшерде ұрлау, қызмет бабын пайдаланып, қиянат жасау жолымен талан-таражға жол беру сияқты қылмыстық істер қаралады. Мұндайда заң талаптарымен бірге, әр ведомоствоның ережелерін, сот пленумдарында қаралып шыққан қаулыларды, басқа да маңызды құжаттарды дер кезінде оқып, танысып отырғанның пайдасы мол. Бұл ретте Мұғалжар ауданының прокуроры Жанділда Нұрмағамбетов пен прокурордың көмекшісі, ұзақ жыл осы салада қызмет атқарған Көпберген Сағымбаевтың көмегі көп тиді.

Орынбасар Смағұлұлы Темір ауданының прокуроры болып қызмет істеген жылдарын үлкен тебіреніспен еске алады. Бұл қызметке барарда ең алдымен үлкен жауапкершілік жүгін сезінді. Енді бұдан былай өз алдында дербес шешім қабылдап, түйінді сөзді өзі айтуына тура келеді.

«Бір қызығы, аудандағы басшы қызметкерлердің көпшілігі өзім қатарлас жігіттер екен сол тұста, бұның өзі жағымды әсер қалдырды. Бір-бірімізбен иықтасып, бір-бірімізді қолдап, ортақ мақсат жолында бірігіп еңбек еттік», — деп еске алады сол жылдарды Орекең.

Осы өңірде оның екінші мерзімге прокурор болып тағайындалуыатқарған жұмысының лайықты бағалануының бір көрінісі іспетті еді. Сол тұста Темірде облыстағы жергілікті прокурорлардың қатысуымен ауданаралық конференция өткізілуі де жағымды бір көрініс болатын. Одан кейін республикалық прокуратурадан арнайы мамандар келіп, қырық бес минуттық фильм түсіріп, коллегияда аудандық прокуратураның жұмыс тәжірибесін тыңдап, жоғары баға берді. Ал аудандық прокуратура ұжымына УАЗ-469 көлігі кезектен тыс берілді. Көп ұзамай Орынбасар Дәулембаев КСРО Бас прокурорының бұйрығымен подполковник дәрежесіндегі заң кеңесшісі атағын алды.

Қысқасы, Темір ауданындағы жүйелі атқарған жеті жыл жұмысы өз жемісін берді. Өңірде заңдылықты сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, тәртіпсіздіктерді болдырмау бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл шаруаға қоғамдық ұйымдар, мекеме-кәсіпорын ұжымдары, сол кездегі халықтық бақылау комитеті, аудандық газет редакциясы, белсенділер кеңінен тартылды.

1990 жылдың сәуір айында Орынбасар Смағұлұлы облыс прокурорының орынбасары болып тағайындалды. Бұл кезде ол бір жағы облыстық кеңестің депутаты, сондай-ақ заң жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болатын.

Орынбасар Смағұлұлының 1992 жылы Ақтөбе көлік прокуроры болып тағайындалуы оның өзіне ерекше әсер етті. Сонау жасөспірім жігіт шағында теміржол бойында еңбек жолын бастағандықтан ба, өз ортасына қайта оралғандай күйге бөленгені бар. Осы қызметінде «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» атағын алуы әріптестері тарапынан үлкен қошеметке ие болды. Тәжірибелі прокурорды жоғары басшылық Батыс Қазақстан өңіріне жіберуі оған көрсетілген кезекті сенім еді.

«Әлі есімде, 2002 жылы Орал теміржол станциясында жол бойында адамдардың немесе жануарлардың жүруінен ғана 76 рет пойызды жедел тежеу жасау оқиғасы орын алды. Бейқамдық салдарынан жеті адам өмірімен қоштасты. Жол мастерінің жауапсыздығынан қауіпті жағдайға жол берілді. Осы оқиғаларды сараптай келе, келеңсіздіктердің алдын алу бағытында көптеген шараларды жүзеге асырдық. Әрине, қылмыс болған соң жазалау оңай. Біз нақты кемшіліктерді анықтап, көптеген лауазым иелерін тәртіптік, әкімшілік, тіпті материалдық жауапкершілікке тарттық» деп сол жылдардың көріністерін көз алдымызға келтіргені бар бірде Орекеңнің.

Елудің бел ортасынан ауып, кемелді жасына келген тұста ол Ақтөбе қалалық әділет басқармасына басшылыққа келді. Құқық қорғау саласындағы ұзақ жылғы тәжірибе, ұйымдастыру қабілеті, басқарушылық білік бұл жұмыста да мол пайдасын тигізді. Ал одан кейінгі кезеңде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Қызметкерлер мен іс жүргізуді басқару» департаментінің директоры болып, жоғары оқу орнында мамандар даярлау жұмысының қалыпты жүруіне еңбегін сіңірді.

Орынбасар Смағұлұлы үшін алдыңғы толқын ағалардың берген бағасы, қолдау-демеулері қымбат болды қашанда. Облыстағы тәжірибелі заң қызметкері болған Шындәулет Алдияров кезінде жазған бір мақаласында былай депті: «Мен 1978 жылы Октябрь ауданының құқық қорғау органдарының жұмысын тексеріп бардым, сонда аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Орынбасардың жұмысымен таныстым. Оның бұл қызметті атқарғанына көп уақыт болмаған, соған қарамастан, іс тергеуді жоспарлауы, тергеуді ыждағатты жүргізуі, қабылдаған шешімдері көңілге ұнамды әсер қалдырды. 1982 жылы Мәскеуде озат тергеушілердің Одақ бойынша жиыны өтетін болды. Соған біздің облыстан Орынбасар қатысты, ол сол құрметке лайық та еді».

Ал өзінің ізінен ерген әріптес інілерінің бірі Болат Блиевтің: «Әуелі баста түрі сұсты, қатал болып көрінгенімен, кейіннен жайдары, ақкөңіл, ең бастысы — білімді, жұмысқа өте жауапты, талабы зор жан екені белгілі болды. Жастарды ілгері тарта отырып, білгенін үйретеді, ақыл-кеңесін үзбейтін ұстаз, арқа сүйер аға — міне, осы қасиеттерінің бәрі ортақ істің ілгері басуына септігін тигізетін» деген бағасы бұдан біразырақ бұрын айтылса да, әлі күнге дейін Орекеңнің жанына шуақ құяды.

Көзі тірісінде ағалықтың айбынын асырып жүрген, елдің белгілі азаматы болған Рамазан аға Нұржановтың: «Орынбасар мен Гүлнәзияның отбасы — көрегенді, өнегелі, үлгілі, бақытты шаңырақ. Бұл отбасының қайырлы дастарқаны бар. Дастарқан — екінің бірінің әдет-үрдісіне беріле бермейтін байлық. Бұл дастарқаннан ұлағатты, ресми қонақтардың талайы дәм татқан. Осы дастарқан басында қатар жолдастардың көңілін табу, үлкеннен бата алу, қуанышты атап өту қалыпты жайға айналған» деген жылы лебізіне көпшілік куә.

«Жақсы сөз жан семіртеді» дейді халқымыз. Бүгінде өзі де үлкендіктің үлгісін көрсетіп жүрген Орекең ізінен ерген жақсы інілерінің қадірін жақсы сезінеді және қадірлеп, бағалап отырады.

Өнеге — отбасынан

Прокуратура қызметінің ардагері Орынбасар Дәулембаевты бүгінде осы сала қызметкерлері өздеріне үлгі тұтады. Оның басты бір себебі кейінгі буынның көпшілігі оның алдынан өтті, тәрбиесін көрді, тәжірибесін тұтынды. Заң қызметкерлеріне әдетте мемлекеттік марапаттар көп беріле бермейді. Ал Орынбасар Смағұлұлы өз еңбегінің үнемі бағаланып отырғанына бүгін де ризашылығын білдіреді.

Әсіресе өз саласы бойынша үш дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталуы, КСРО Бас прокурорының бірнеше мәрте Алғыс хаттарын алуы — сол кезеңдерден сақталған ерекше мәртебелі сәттер. 

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Ақтөбеде жаңа Неке сарайының ашылу салтанаты өткені бар. Сонда бірнеше үлгілі отбасы шақырылып, оларға лайықты құрмет көрсетілді. Орынбасар мен Гүлнәзия Дәулембаевтар зүбәржат тойдың иелері атанды.

— Қазір  6 баламыздан он үш немере, екі шөбере сүйіп отырмыз. Туып-өскен жеріміз — Шалқар өңірі. Жұмыс бабымен тоқсаныншы жылдары Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Өзім ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет етсем, зайыбымоблыстық кітапханада еңбек етті. Қазір екеуміз де зейнет демалысындамыз. Бүгінде балаларымның бәрі бір-бір мамандық иесі болып, ел дамуы жолында еңбек етіп жатыр,— деп сөз сөйлеген еді көпшілік алдында Орекең.

Орынбасар ағаның үш баласы әке жолын қуды. Қызы Гүлбақыт — заң ғылымдарының кандидаты, Жасұланы — Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының, ал Усманы — Әйтеке би ауданының прокуроры. Қалған үш перзенті — Гүлшат, Гүлмира, Гүлжанаты басқа мамандықты таңдағанымен, әке берген бағытқа сәйкес заң тәртібін жақсы біледі және қатаң сақтайды. Келіндері Гүлмира мен Жанар ата-ене сыйлаған, дастарқандарын берекелі етіп жая білетін ибалы жандар.

Бүгінде немерелер білім қуып, болашақтарына негіз қалауда. Мәдиясы Гонконгта магистратураны тәмамдау үстінде, Еркебұланы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Мирасы Чехияда, ал Олжасы Алматыда. Кішкентайынан солардың бәріне тәрбие берген атасы олардың қай-қайсысының да жақсы маман, дұрыс азамат болып шығатынына риясыз сенеді.

Ата салтын сақтау, бабалар аманатына адалдық, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық — Орынбасар аға ұстанған өмір өлшемдерінің бірі. Ана бір жылдары бүкіл ұрпағын қасына алып Дәулембай бабалары жатқан жерге — Арал өңіріндегі Ақбасты ауылына алып баруы өзгеше өнеге үлгісі еді. Оралда қызметте жүргенде Бөкей орда өңіріндегі Жәңгір хан баба кесенесіне арнайы барып, тарихи жәдігерлерді көзімен көріп қайтты. Одан бергіректе Маңғыстау жеріндегі Бекет әулие басына барып қайтуы да осындай ішкі сенімінің, жүрек қалауының әмірімен болған жағдайлар еді. Ол осындай ізгілікті сапарлары туралы балаларына, немерелеріне ұдайы баяндап отырады. Мұның барлығы да тәлім-тәрбие деп ұғады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button