Басты жаңалықтар

Бәрі де уақытында орындалуға тиіс

Өзекті

Жолдардың құрылысы мен Ақтөбені абаттандыру — қала әкімдігінің алдына қойылатын басты міндет. Бұл жөнінде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өңірдегі алғашқы жұмыс сапары барысында айтылды.

Ералы Тоғжанов жол құрылысы бойынша өңірдегі бірқатар маңызды жобалардың іске асырылу барысымен, сондай-ақ Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4-шағын ауданындағы жаңа мектептің құрылысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен Ақтөбе — Қандыағаш автожолындағы реконструкциялау жұмыстарының барысын тексерді. Жобаны іске асыру нәтижесінде жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлер салу, мал өтетін және теміржол арқылы өтпежолдар салу қарастырылған. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетовтің айтуынша, жол 2023 жылы толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал алдағы қараша айының соңына дейін автожолдың екі жолағына асфальт төселіп, қос бағытқа жол ашылуы керек. Қазір алғашқы екі жолақтағы жұмыстар ішінара, яғни жолдың кей бөлігінде ғана аяқталып тұр.

Облыс әкімі мердігер компания басшыларына жұмысты қарқынды жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ ол Оңтүстік айналма жолдың 41-разъезд ауданындағы бөлігінде жүргізіліп жатқан реконструкциялау жұмыстарымен де танысты.  Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша аталған учаскедегі жұмыстар  осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

Елек өзені арқылы өтетін көпірден Ақтөбе- Орск (Ақжар тасжолы) автожолына дейінгі аралықта да қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Бұл жерде жөндеуден өтетін жол бөлігінің ұзындығы —9,2 шақырым. Жол төрт жолаққа дейін кеңейтілуі керек. Бұл жұмысты 2023 жылдың ішінде аяқтау жоспарланған.

Келесі жылы жалпы ұзындығы 38,2 шақырым болатын Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк автожолындағы орташа жөндеу жұмыстары да аяқталуға тиіс. Облыс басшысы осы жобаның іске асырылу барысымен де танысты. Мұндағы жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

Ералы Тоғжанов одан әрі «Ақтөбе қаласының Батыс айналма жолы» автожолының құрылысын көрді. Ұзындығы 8,3 шақырым болатын бұл магистраль Самара-Шымкент және Ақтөбе-Мәртөк-Ресей шекарасы трассаларының арасын жалғайды. Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін 2000 тонна битум сақтайтын асфальт-бетон зауыты да салынады. Бұл битумды қыста, яғни сұраныстың төмендеген кезінде сатып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс орталығында Тәуелсіздік даңғылындағы автожолды сегіз жолаққа дейін және Мұстафа Шоқай көшесіндегі жолды алты жолаққа дейін кеңейту жұмыстары да қолға алынған. Қазір мұндағы жұмыстар кестеге сай жалғасып жатыр.

Жолдарды салу және жөндеу жұмыстарымен таныса келе, облыс әкімі мүдделі мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Ол барлық нысандарда жұмысты қарқынды жүргізуге ең басты қажетті материалдың, яғни битумның тапшылығы кедергі болып отырғанын және бірінші кезекте осы мәселені шешу қажеттігін атап өтті.

— Барлық жобалар бойынша өзекті жұмыс кестесі жасалып, қатаң түрде бақылау жасау талап етіледі. Қазір битум жеткізу бойынша келіссөздерге кірістік, сонымен қатар бұл өнімді қыс мезгілінде сатып алу тәжірибесін кеңейтудің қандай мүмкіндіктері барын зерделеу қажет. Бұған байланысты өндіруші кәсіпорындар тарапынан да сұраныстар түсті, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ аймақ басшысы Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4-шағын ауданындағы мектеп ғимаратын пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды. Бір ауысымда 900 оқушы білім алатын бұл мектеп биыл ашылатын болады. Ғимарат 2019 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Алайда бұл жоспар орындалмай қалды. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі мердігерлер тарапынан ұйымдастыру жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. Жөндеу жұмыстарын небәрі 25 адам істеп жатыр, ал мұндай ауқымды жұмыстарға кемінде 150 жұмысшы қажет.

Аймақ басшысы мердігерге барлық жұмысты 10 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Құрылыс компаниясының басшысы бұл тапсырманы орындауға уәде берді.​ ​

Ералы Тоғжановтың айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде облыстағы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілуге тиіс.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button