Басты жаңалықтар

«Президент тапсырмалары сапалы және уақтылы орындалуы керек»

Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа қызметіндегі алғашқы жиынын өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласының әкімі және аудан әкімдері (бейнебайланыс арқылы), облыстық ардагерлер  кеңесінің мүшелері және т.б. қатысты.

Ералы Тоғжанов Президент Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық қайта құрылуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат  екенін айтты.

  • Бүгін біз, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау жөніндегі іс-қимыл жоспарымызды егжей-тегжейлі талқылап алуымыз керек, — деді ол.

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асырудың негізгі бағыттары туралы облыс әкімінің орынбасарлары баяндама жасады.

Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыратын нақты міндеттер қойды. Ол ең алдымен өңірдің шикізатқа тәуелділігін төмендету, инновациялар енгізу, еңбек өнімділігі мен халықтың табысын арттыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілу керектігін атап өтті.

  • Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, мұнда жаңа тәсілдер қажет. Бұл үшін біз облыстың әлеуметтік-экономикалық даму келешегін стратегиялық тұрғыдан айқындап алуға тиіспіз, — деді Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек Ералы Тоғжанов пайдаланылмаған және тиімді пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын тездетуді тапсырды. Жыл басынан бері облыс бойынша 203 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылса, тағы 290 мың гектар жер жыл соңына дейін қайтарылуға тиіс.

Облыс әкімі: «Ақтөбе облысы — аумағы жөнінен еліміздегі ең үлкен облыс. Президент тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін бос немесе игерілмей жатқан жерлерді анықтау үшін қосымша мониторинг жүргізу қажет. Жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету — Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы!, — деді.

Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларына битум жетіспеушілігі мәселесін жою бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды. Биылғы жылы облысқа 69,7 тонна битум қажет болса, қазіргі кезде соның 40 тоннасы жетпей тұр.

  • Жолдардың жағдайы — тұрғындарды толғандыратын басты мәселелердің бірі. Бізде енді уақыт жоқ. Екі күн ішінде мәселені шешудің нақты жолдарын қарастырамыз, — деген облыс әкімі өңірде битум зауытының құрылысына инвестор тарту мәселесін де пысықтауды тапсырды.

Әлеуметтік сала жайын сөз еткен Ералы Тоғжанов апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін екі жылдың ішінде шешуді міндеттеді. Бұл ретте облыс орталығында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жобалық қуаты ең аз дегенде 2 мың оқушыға арналған мектептер салынады.

  • 2 мың орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойған. Мұндай мектептер Нұр-Сұлтанда және басқа өңірлерде салынып жатыр, тек жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру қажет, — деді облыс әкімі.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button