БілімБасты жаңалықтар

Алғашқы қоңырау соғылды

1 қыркүйек күні облыстағы 425 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биыл Ақтөбе облысында 41 818 тәрбиеленушісі бар 577 мектепке дейінгі ұйым,174 526 оқушысы бар 425 мектеп, 23 414 студент оқитын 41 колледж жаңа оқу жылын бастады. Ал алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданған оқушылар саны — 19 704.

Білім күнінде облыстағы барлық мектепте «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтті.

Ақтөбедегі әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда өткен салтанатты шара мен сынып сағатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, алтын ұя мектебімен қайта қауышқан ұстаздар қауымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Талай білім додаларында шәкірттерінің аты озып жүрген әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясы жаңа оқу жылын 1721 оқушымен бастады. Оның 195-і — бірінші сыныпқа келгендер.

Гимназия директоры Маржанкүл Тойшыманованың айтуынша, өткен оқу жылында  106 түлектің 58-і мемлекеттік грантқа оқуға түскен. Ал үш оқушы шетелдік грантты жеңіп алыпты.

Биылғы жаңа оқу жылы жаңашылдыққа толы. Соның бірі — оқу жылының ұзартылуы. Енді сабақ 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Сондай-ақ қазақ тілінде білім алатын 1-сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Орыс тілі сабағы — 2-сыныптан, ал ағылшын тілі 3-сыныптан бастап қосылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button