Басты жаңалықтарМереке

Ата Заңым — айбыным!

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта Конституция күніне арналған мерекелік шара өтті. Мерекеге жиналған жұртшылықты облыс басшылығы құттықтады.

Конституция —арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, кемел болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ата Заңымыз — еліміздегі татулығы жарасқан барлық ұлттың бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүруінің кепілі. Сондықтан барша жұртшылық бұл күнді айрықша қадірлейді және болашағының бүгінгіден де нұрлы боларына нық сенеді.

Ата Заң аясында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітті. Оның ең қымбат қазынасы — адамның құқықтары мен бостандықтары. Биыл елімізде айтулы оқиға — Қазақстан Республикасы Конституциясын реформалау бойынша бүкілхалықтық референдум өтті. Бұл қоғамдық-саяси маңызы зор науқанға Ақтөбе облысының жұртшылығы да белсенді қатысып, еліміздің болашағын айқындайтын өзгерістерге өз дауыстарын берді. Осылайша Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа мәтіндегі Конституцияның қабылдануы мемлекеттік үлгіні Екінші Республика деп атауға негіз болды.

Жиырма жеті жыл — аса көп уақыт болмаса да, жасалған жұмыстарға баға беретін кезең. Қазіргі таңда біз ел ішіндегі ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің тұрақтылықтың кепілдігіне айналғанына куә болып отырмыз. Әрі экономикадағы табыстардың  қозғаушы күші ретіндегі осы жетістіктерге Конституцияның негізінде қол жеткіздік деп толық айта аламыз. Бұл таңдауды бағалауымыз және құрметтеуіміз қажет. Заңмен өмір сүру – демократияның жоғарғы мектебі. Осындай ұлық мерекені тойлауға халық көп жиналды.

Шара аясында жаңадан шаңырақ құрған бір топ жас отбасына неке куәлігін, Балалар жылында дүниеге келген сәбилердің аналарына туу туралы куәлік, сондай-ақ бір топ жасқа жеке куәлік табыстады.

Одан әрі мерекелік шарада «Мерейлі отбасы – 2022» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы байқауда бас жүлдені Оспановтар отбасы жеңіп алса, І орынды Мәдендер отбасы, ІІ орынды Қобда ауданынан қатысқан Стамқұловтар отбасы иеленді. Ал ІІІ орынды шалқарлық Үсеновтер отбасы мен Әйтеке би ауданынан қатысқан Алмағанбетовтер отбасы өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздарға сый-сияпаттар табыс етілді.

Шара соңында облысқа белгілі әншілер Дулат-Рита Айтжановтар бастаған өнерпаздар мен «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблі сахнада өнер көрсетіп, жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button