Басты жаңалықтар

Өңірде асылтұқымды жылқы санын көбейту керек

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның ұйымдастыруымен Алға ауданы Есет батыр ауылы маңындағы «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының базасында «Ақтөбе облысының 2022-2026 жылдарына арналған өнімді жылқы шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында өткен семинарда мамандар алдағы жылдарға осындай міндет қойды. Семинарға ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев, «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның қызметкерлері, сондай-ақ 20-дан астам жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтың өкілдері қатысты.

Көрсеткіштер және мәселелер

Облыстық статистика басқармасының деректері бойынша бүгінде өңірде барлығы 264 580 жылқы бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,0%-ға артық.

Қазіргі таңда табынды өнімді жылқы шаруашылығы, негізінен, облыстың батыс, солтүстік және орталық өңірлерінде жақсы дамып келеді. Бұл өңірлерде табиғи жайылымдар жыл бойы пайдалануға негізделген. Атап айтсақ, Шалқар ауданында — 52 699, Мұғалжар ауданында — 33 064, Қобда ауданында — 28 465, Байғанин ауданында — 24 710, Темір ауданында — 20 923, Әйтеке би ауданында 20 576 жылқы бар. Былтырғы көрсеткіш бойынша құлындардың өсіп-өнуі жүз аналыққа шаққанда 68 басты құраған. Ал асылтұқымды жылқыны өсіретін шаруашылықтар бойынша бұл көрсеткіш 82 басты көрсетіп отыр. Бұл жерде асыл тұқымды жылқыны өсірудің маңызы зор екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз.

Семинарда баяндама жасаған «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның жылқы шаруашылығы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қалыбек Рзабаев қазір облыста асылтұқымды жылқы өсіруге ниетті шаруалардың саны артып келе жатқанын жеткізді. Оның ішінде қазақы, мұғалжар және көшім тұқымды жылқыларды көбейткісі келетіндердің саны көп екен.

— Біз облыс өңірлеріндегі тұқымдық аудандастыру жайын зерттедік. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, облыстың солтүстік өңірінде, яғни Қарғалы ауданында жылқының көшім, мұғалжар және қазақ жылқы тұқымдары, Алға ауданында — мұғалжар мен көшім, Мәртөк ауданында — қазақ және көшім, Хромтау ауданында — қазақы жабы, Ақтөбе қаласының маңында көшім, қазақы, мұғалжар, ал оңтүстік аймағында, оның ішінде Шалқар ауданында қазақы жабы түрі бар екендігі анықталды. Ал облыстың батыс өңірінде, атап айтсақ, Байғанин, Қобда, Ойыл аудандары мен шығыс өңірлерде (Әйтеке би мен Ырғызда) жабы түріндегі қазақ жылқысы өсіріледі.

Бүгінде облыста асылтұқымды және таза тұқымды жылқының басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 87,5 пайызы қазақы жылқылар болса, 11 пайызы — мұғалжар, 1,5 пайызы — көшім тұқымы. Алдағы уақытта біз осы асылтұқымды жылқының санын арттыруға көңіл бөлуіміз керек, — дейді ол.

Қалыбек Рзабаевтың айтуынша, облыстың табиғи жағдайы, негізінен, табынды жылқы шаруашылығы үшін қолайлы. Сондықтан бүгінде өңірде жылқыны шағылыстырудың негізі әдісі үйірлік болып отыр.

Семинар барысында мамандар жылқы шаруашылығындағы бірқатар мәселелерді қозғады. Мәселен, қазіргі таңда облыстағы шаруашылықтарда жыныстық және жас ерекшелігі жағынан барлық санаттағы жылқылар өсіріледі. Олардың ішінде айғырларды шағылысу кезеңіне алдын ала дайындалмайды. Үйірлер өз бетінше жүреді, асылтұқымды емес айғырлар кестірілмейді, ал бұл өз кезегінде жүйесіз жұптасуға алып келеді. Сондай-ақ шағылысу кезеңдері кеш жүргізіледі, соның салдарынан құлындар өліп қалып жатады, ал биелер қысыр қалады. Бұдан бөлек шаруалар етке өткізетін жылқыларды арнайы көктемгі және күзгі азықтандырудан өткізбейді. Осы мәселелерді көтерген шаруалар алдағы уақытта облыста бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін жылқы шаруашылығын дамыту технологиясын жетілдіру керек екенін алға тартты.

— Қазіргі таңда облыс аумағында асылтұқымды жылқы өсірумен айналысатын 31 шаруашылық бар. Оның ішінде 17-сі мұғалжар тұқымын, тоғызы көшім тұқымын, бесеуі қазақы жабы тұқымын көбейтіп отыр. Олардағы асылтұқымды жылқылардың саны — 8427. Бұл көрсеткіш кейбір өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан біз 2022-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес жылқы санын көбейтуіміз керек. Мәселен, бүгінге дейін облыста жылқы саны шамамен 10,8 пайызға артса, алдағы уақытта облыста жылқы малына қолайлы жағдай жасап, азықты мұқият дайындасақ, 2026 жылға дейін шамамен 316 157 басқа дейін ұлғаяды. Ал жылқының етке тапсыратын салмағына келсек, былтыр бір жылқының орташа салмағы 358 келі болса, 2026 жылға дейін бұл көрсеткіш 380 келіге дейін жетуі керек. Ал жылқы етінің болжамды өндірісі 2022 жылдан 2026 жылға дейін 15 000 тоннаға дейін жетсе, бие сүті 750 тоннаға дейін артуға тиіс, — деді Қалыбек Рзабаев.

Басқосуда «Сәтжол» шаруа қожалығының басшысы Ләззат Нұрғалиева өңірде жылқы шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттен қолдау қажет екенін жеткізді. Мәселен, облыста

жылқының жем-суы, сүті мен азығы зерттелмейді, жергілікті әкімдіктер бұл бағыттағы шаруашылықтардың арзан бағамен жанармай, мал басына тиісті субсидия алуына жағдай жасамай отыр.

— Біздің облыста ауыл шаруашылығы колледжі жанынан молекулалықгенетикалық зерттеу орталығын салу керек. Егер өзімізде осындай орталық болса, асыл- тұқымды малдың генетикалық құжатын дайындау оңайға түседі. Мәселен, жылқының аталығын, аналығын зерттеп, өзіміз-ақ біліп отырамыз. Ол үшін Оралға не Шымкентке барудың қажеті жоқ. Қазір біз бір құжат дайындау үшін бірнеше мәрте Оралға барамыз. Егер орталық өзімізде салынса, шаруалардың бірқатар мәселесі шешілер еді. Әрі бұл жоба жүзеге асса, жемқорлық тәуекелдері жойылады. Біз бұл ұсынысымызды облыс әкіміне айттық. Әкімдік бізді қолдап отыр, — деді ол.

Ал «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының басшысы Өтеген Жакупов өңірдегі шаруалар мұғалжар, көшім жылқыларын көбейтуге маңыз беруі керектігін айтады. Қазір бұл шаруашылық «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның жылқы шаруашылығы бөлімімен тікелей жұмыс істеп отыр. Қожалықта асылтұқымды 600 жылқы, 200 ірі қара, мың бас қой бар. Мал шаруашылығын дамыту ісін 2004 жылы қолға алған шаруа бүгінде балалары мен ағайын-туыстарымен осыншама малды игеріп, бағып отыр. Қазір шаруашылық 14 бие сауып отыр. Биелерді бір сауғанда 17 литр сүт алады. Түркиялық құрылғы арқылы жұмысшылар биелерді

күніне бес рет сауады.

Семинарға қатысушылар осы шаруашылықтағы мұғалжар, көшім тұқымды жылқыларды көріп, олардың шығу тегі, көбеюі туралы мол мағлұмат алды.

Өсім бар, қолдау жоқ

 Семинарға қатысқан жасы 85-тен асқан ғалым-селекционер, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Серікбай Рзабаев, бұл салаға мемлекет көңіл бөлсе, алдағы уақытта өңірлерде ет, сүт мәселесінде проблема болмайтындығы өз алдына, атакәсіп ерекше дамитын болады.

Соңғы жылдары облыста жылқы шаруашылығы қарқынды дамып, мал саны екі есеге артты. Сондай-ақ сапалық жағынан республика бойынша асылтұқымды жылқы үлесі де артып келеді. Бұл — қуанарлық жағдай. Енді осындай шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді. Негізінен, жылқы тұқымын сақтауға, оны көбейтуге бүгіннен бастап көңіл бөлуіміз қажет. Асылтұқымды жылқылардың ішінде мұғалжар һәм қазақы жабының бір артықшылығы — суыққа төзімді. Жылқының бұл түрі қыс бойы тебінге түседі, қолға тұратын сәті сирек. Сондықтан көп шығынды да қажет етпейді. 1980 ылдарда облысқа сонау Якутиядан келіп, біраз жылқы алып кеткен мамандар біздің жылқылар 60 градус суыққа да селт етпей, тебінге түсе беретінін айтады. Саха елінде қанша суық болғанмен, қар біздегідей қатпайды екен. Міне, біздің жылқылардың ерекшелігі осындай! — дейді Серікбай Рзабаев.

Ғалым алдағы уақытта асылтұқымды жылқылардың төлдеріне субсидия төленсе, сондай-ақ ғылымдағы жетістіктерді өңірдегі жылқы шаруашылықтарына практикалық негізде енгізу үшін қаражат қарастырылса деген тілегін білдірді. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы саласы мамандарын көбейтуге де мән берген абзал. Себебі қазір бұл салада жан-жақты,

сауатты мамандар аз.

 Р.S. Жуырда облыста 267 «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру»  бюджеттік бағдарламасының «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін өтеусіз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» кіші бағдарламасының шеңберінде табын жылқыларын өсіруге мамандандырылған жылқы шаруашылығымен айналысатын субъектілерге арналған семинар ұйымдастырылмақ. Онда 2022-2026 жылдарға арналған өнімді жылқы шаруашылығын дамыту тұжырымдамасы қаралады. Семинарға өңірдегі жылқы шаруашылығымен айналысатын барлық шаруалар шақырылады. Бұл басқосуда да маңызды мәселелер қозғалмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button